Ақтөбеде бұрынғы күйеуінен қорыққан әйелді төрт айдан бері күндіз-түні полиция күзетіп жүр
Жарияланған күні:
Ақтөбеде ерлі-зайыптының ажырасуының арты дауға ұласты. Бұрынғы күйеуінен қорыққан 45 жастағы әйелді төрт айдан бері полиция күзетіп жүр. Әйелдің айтуынша, осы уақыт аралығында күйеуі бірнеше рет қоқан-лоқы көрсетіп, шабуыл жасаған. Ол істің созбалаңға салынғанына алаңдап отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбелік Алтынгүл Рахметқызының төрт айдан бері мазасы кетті. Айтуынша, күйеуі заңды түрде ажырасқан соң да тыныштық бермеген. Көшеде шабуыл жасап қылғындырып, бірнеше рет қоқан-лоқы жасаған. Әйел бұрынғы күйеуіне қатысты құқық қорғау органдары тарапынан еш шара қолданылмай жатқанын айтады.
"Биыл ақпанда ажырасуға арыз бердік. Мен қорғаушы іздеп, Астанаға кеткенімде үйге келген. Балалармен қорқытты. 22 жастағы ұлдың атын айтып" оған бірдеңе болады деп қорықпайсың ба" деп хабарласты. Астанадан келген соң 5 сәуірде полицияға арыз жаздым. Ол үйге келіп мазалай берді. Болмаған соң полиция шақырдым. Полиция бір айға қорғау тәртібін енгізді. 18 сәуірде ол маған шабуыл жасады. Кешкі уақытта дәріханаға келген едім. Қызым көлікте қалды. Келгенімде қызым сөйлей алмай жатты. Қызымның көзі түскен жаққа қарағанымда бұрынғы күйеуімнің келе жатқанын көрдім. Балаға зияны тимесін деп бірден көлікті жаптым. Қасыма келіп "мен сені өлтіремін" деп ішімнен бір ұрды. Шнурмен мойнымнан қылғындыра бастады. Сол кезде өтіп бара жатқан бір адам көмектесті. Мен тек соңғы 20 секундты видеоға түсіріп үлгердім. Онда қолында шнур бар екені анық көрінеді. Сол жерде полицияға хабарладым, арыз жаздым, экспертиза жасаттым. Мойынымда қылғындырған, ішімде көгерген жер болды. 19 сәуірден бастап мені күндіз-түні полиция күзетеді. Олар ауладағы шағын үйде тұрады. Менімен барлық жерде еріп жүреді. Қонаққа барсам да бірге барады", - дейді Алтынгүл Рахметқызы.
Айтуынша, ажырасып жатқан күйеуімен арада үш баласы бар. 22 жастағы ұлы жақында әскерге кеткен. 17 және 12 жастағы балалары да әкелерінен қорқады.
"Ол 23 жыл бойы қол жұмсап келді. Бірақ оны сыртқа шығарған емеспін. Кез-келген сәтте жанжал бастайтын. Ұрып жібереді, қылғындырады. Отбасы болған соң ондайлар бола беретін шығар деп жүре бердік. Басқа әйелі барын білгеннен кейін шыдай алмадым.
Мен оған қатысты бірнеше арыз түсірдім. Бірақ оған қатысты ешқандай шара қабылданып жатқан жоқ. Маған дене жарақатын келтіріп, үйіңді өртеймін деп неше түрлі қорқытатын хабарлама жіберді. Балаларыңа да күзетші жалда деген. Қазір балалары одан қорқады. Үшеуі де өзінің баласы. Мен өмірім, балаларым үшін қорқамын. Осы уақытқа дейін бір шара қолданбай созылып кеткені алаңдатады. Ол ақшасы бар қалталы адам. Құтылып кетуі мүмкін", - дейді ол.
Тіпті келіншек бұрынғы күйеуімен бірге тұрған кезде төсекте болған сәттер түсірілген видеоларды тауып алғанын да айтты.
"Екеуміздің төсек қатынасымызды жасырын видеоға түсіріп, папкаға атымды жазып сақтап қойған. Ондай бірнеше видео бар. Ол жерде жалғыз мен емес. Бірнеше әйел, қыз-келіншек жүр. Бәрінің атын жазып, бөлек папка қылып сақтаған. Оны байқаусызда кабинетін жинап жүріп көрдім. Флешкалар жатты. Жұмыс істейтін флешкалар ма деп тексеріп қарағанда порнографиялық видеоларды көрдім. Жасырын камерамен түсірілген болуы мүмкін. Егер телефонмен түсірсе байқар едім. Астынан түсірілген. Бәрі алдын ала дайындалған деп ойлаймын. Жүзден аса видео бар. Ішінде 20-дан аса қыз келіншек жүр. Ол папкалар 2018 жылдан бастап жинақталған. Қай күні түсірілгені видеода шығып тұр. Бұған қатысты қылмыстық іс тергеуде", - деді Алтынгүл Рахметқызы.
Келіншек қазір қорғаушысын ертіп, полиция мен прокуратураның табалдырығын тоздырып жүр.
"Менің қорғауымдағы азаматшаның өміріне төнген қауіп бойынша қорғау тағайындалды. Төрт айдан бері күндіз-түні екі полиция қызметкері кезектесіп күзетеді. Біз істі әділ қарауын сұраймыз. Әкімшілік істі алты күннен бері созып отыр. Ол - кәсіпкер. Ақшасы бар. Әйелін "үлкен жерде таныстарым бар" деп қорқытқан. 18 сәуірде оны аңдып, қылғындырды. Оны көшеде өтіп бара жатқан ер адам құтқарып қалды. Әлі күнге дейін құтқарған адамды ешкім іздеген жоқ, куәгер ретінде жауап алмады. Ер адам дене жарақатын әкелді. Машинаның артында отырған қызы оқиның бәрін көріп отырған. Қорғауымдағы азаматша шарасыз. Құқық қорғау орындары неге тиісінше әрекет етпей отыр? Адам өлімі керек пе? Біздің білуімізше, ол адам бірнеше қорғаушы жалдаған. Арасында бұрын прокуратурада қызмет еткендер бар. Облыстық прокуратураға екі рет бардық. Қалай болғанда да бұл ақшасы бар адам. Күмән көп. Сондықтан бұл жағдайды қоғам алдында айтуға бел будық",- деді қорғаушы Ескендір Адамжанов.
Ал полиция департаменті оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
"Қорқыту факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істі тергеудің толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылданды. Сондай-ақ істі тергеу шеңберінде тараптар ұсынған барлық дәлелдер тексеріледі", - деді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
Полиция қылмыстық істі тергеп-тексеру аясында өзге ақпараттың жария етуге жатпайтынын хабарлады.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2142454-aqtobede-buryngy-kuieuinen-qoryqqan-aieldi-tort-aidan-beri-kundiz-tuni-politsiia-kuzetip-zhur/