Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда шетелден бидай импорттауға толық тыйым салынуы мүмкін: ұн өнімдері қымбаттай ма

Жарияланған күні:

Нан түрлері
Нан және бидай. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ауыл шаруашылығы министрлігі Ашық НҚА порталында бидай импортына толық тыйым салу туралы бұйрығының жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Бұл жаңалықты естіген ұн тартатын диірменшілер қатты алаңдаулы. Өйткені осы бұйрық күшіне енсе, олардың өнімі қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қостанай облысында жылына 4-6 млн тоннадай жиналатын астықтың біраз бөлігі шетелдерге сатылады. Бидайды өнделмеген күйі трейдерлер экспортқа шығарса, диірмендер ұн тартып ішкі нарыққа және Орталық Азия елдеріне тасымалдайды.

Биыл Тобыл өңіріндегі ірі ұн диірмендері астық экспортын 50-60 пайызға азайтып алған. Себебі бәсекелестік ортада отандық астықтың бағасы әлдеқайда қымбат. Мысалы ресейлік ұнның бағасы отандық өнімнен тоннасына 50 долларға арзан.

"Санкциялардан кейін Ресей бидай ұнын Өзбекстан, Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан нарығына тікелей шығаруды күшейтті. Олардың ұнының тасымал шығынын қосып есептегенде бір тоннасы 230-250 доллар шамасында. Ал біздің бидайдан тартылған ұнның бір тоннасы жол шығынымен 280-300 доллар, яғни 50 долларға қымбат. Сондықтан Орталық Азия елдерінде біздің отандық өнімге сұраныс азайып кетті. Алайда ресейлік астыққа қарағанда қазақстандық өнімнің сапасы жоғары саналады. Сондықтан шетелдерде отандық өнімді сұратып алушылар бар. Ал бағасын сәл де болса арзандатып сату үшін ресейлік ұнды араластырамыз", - дейді ұн тарту кәсіпорынының директоры Қуан Есқайыров.

Бүгінде жергілікті үшінші сұрыпты бидайдың тоннасы 100-110 мың теңге шамасында. Бидай жинау науқаны басталарға таман сәл арзандаған. Ал ресейлік бидайдың құны рубльдің қымбаттауына орай 8-11 мың теңгеге өскен. Соның өзінде Қостанайға дейін жеткізіп беру шығынын қосып есептегенде тоннасы 98 мың теңге.

"Жергілікті шаруа қожалықтары бидайды қымбат бағаға сатқысы келеді. Олардан қымбатқа алсақ, ұнды да қымбатқа сатуымыз керек. Бірақ қай нарықта болмасын тұтынушы алдымен бағасына қарайды. Сондықтан Ресей мемлекетінен арзан астықты алдыртып, араластыруға мәжбүрміз. Бұл бір жағынан ел халқы үшін де пайдалы, ұнды сәл де болса арзандау бағаға сатып алады", - дейді ұн тарту кәсіпорынының директоры Қуан Есқайыров.

Бірақ осы Ресейден арзан бидай тасымалдауға қарсы тарап диқандар мен трейдерлерге қырғи қабақ танытып жүр. Себебі ішкі нарықта астықтың бағасын түсіріп, сұранысты азайтқан.

Биыл сәуірден бастап Қазақстан Республикасы аумағына құс және ұн тарту кәсіпорындарына темір жол көлігімен бидай әкелуді қоспағанда, автомобиль, су және темір жол көліктерімен бидай әкелуге тыйым салынған болатын. Бірақ соған қарамастан Ресейден астық тасымалдау көбейе түспесе азаймады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің портал тілшісіне берген мәліметінше, 5 айдағы статистика деректері бойынша 2024 жылы Ресей Федерациясынан 1,1 млн тонна бидай импортталған. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға көп.

Осылайша енгізілген шектеу шараларына қарамастан, биыл бірінші жартыжылдықта Ресей Федерациясынан бидай импорты 1 миллион тоннадан асты. Сонымен қатар статистика деректеріне сүйенсек, биылғы жылдың 1 шілдесіне республика бойынша шамамен 6,1 млн тонна астық қоры бар, оның ішінде бидай – 5,1 млн.тонна, оның ішіндегі азық–түлік мақсатындағы бидай - 4 млн тонна. Сондай-ақ қабылданған шаралар мен қолайлы ауа-райының арқасында дәнді дақылдардың жақсы өнімі болжанып отыр", - деп жазылған Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарламасында.

Отандық өнім өндірушілерді қолдау үшін ресейлік арзан астықты елге кіргізуден толық бас тарту туралы бұйрықтың жобасын Ауыл шаруашылығы министрілігі 15 тамызға дейін қоғам талқылауына жолдаған.

Автор: Гүлнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2142642-qazaqstanda-shetelden-astyq-importtauga-tolyq-tyiym-salynuy-mumkin-un-onimderi-qymbattai-ma/