Көлігінің әйнегіне Елдос Сметовтің портретін салған атыраулық суретші желі қолданушыларын таңғалдырды (фото)
Жарияланған күні:
Атырауда Sandero маркалы көліктің артқы әйнегіне Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің портретін салып алған әлдекім ел назарын аударды. Ерекше картинаның авторы 34 жастағы атыраулық Аслан Жазиков болып шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қала тұрғыны Аслан Жазиков Елдос Сметовтің Олимпиададағы тарихи жеңісінен кейін шабыттанып, көлігінің әйнегіне чемпионның суретін айнытпай салған. Автордың туындысы сіріңкенің талы мен мақта таяқшасының көмегімен шыққан.
"Дзюдошы Елдос Сметовтың Олимпиададағы жекпе-жегін көріп қатты қуандым. Шабыт келіп, бірден көлігімнің артына портретін сала бастадым. Туындым тез әрі оңай жасалды. Осылайша қазақ спортшысына қолдау білдірдім. Қала көшелерінде сигнал беріп, жұмысымды бағалап жатқандар көп", - дейді Аслан Жазиков.
Бұл автордың алғашқы туындысы емес. Бұған дейін ол Елдос Сметовтің және басқа да спортшылардың портретін ағаштан ойып жасаған. Ал Асланның алғашқы шаңнан салған туындысы - 2016 жылы Англия чемпионы болған Leicester City футбол командасының эмблемасы болған. Сол кезде де автордың көліктің терезесіне салған туындысы танылып, BBC сайтына жарияланған.
"Ол кезде басқа ескі көлік жүргізгенмін. Кейін көлігімді сатып жіберіп, жаяу қалдым. Солай суреттерді де салмай кеттім. Бір жыл бұрын қазіргі көлігімді сатып алдым. Бұған дейін Геннадий Головкиннің, Шафкат Рахмоновтың, боксшы Серік Бибосыновтың портреттерін салдым", - дейді Аслан.
Атыраулық жігіт кішкентай кезінен сурет салуға икемі болғанын айтады. Бірақ бағдарламашы мамандығын меңгеріп, қазіргі кезде жеке компаниялардың бірінде стратегиялық даму бөлімінде қызмет атқарады.
"Суретті тек хобби үшін саламын. Ешқандай тапсырыс алмаймын. Ондайға қолым жүрмейді. Шабыт келген уақытта ғана сурет саламын",- дейді ол.
Аслан отбасылы, үш баланың әкесі, балалары да суретке икемі бар екенін айтады. Ал 9 жастағы қызы Дария дзюдомен айналысады, турнирлердің жеңімпазы болып та үлгерген.
Болашақта Елдос Сметов сияқты қазақтың атын шығарса деймін", - дейді Аслан.
Әлеуметтік желіде атыраулық автордың туындысын жоғары бағалап, нағыз талант екенін жазуда.
"Нағыз талант, неге бұрыннан көрінбей жүр?", "Міне нағыз жанкүйер", "Негізі таланттар көп, осылай дәлелдеуге тура келеді", - деп пікір айтқан комментаторлар.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2142988-koligining-ainegine-eldos-smetovtyng-portretin-salgan-atyraulyq-suretshi-zhurtty-tanggaldyrdy-foto/