Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қостанайда екі жыл бұрын мемлекеттік тапсырыспен салынған үйлерге қоныстанған тұрғындар әлі газсыз отыр

Жарияланған күні:

тұрғын үй
Тұрғын үй. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қостанай қаласында мемлекеттік тапсырыспен салынған үйлердің тұрғындары наразылық білдірді. Олар бұл баспанада күніміз күн емес деп шағымданып отыр. Айтуларынша құрылыс асығыс, әрі сапасыз салынған. Әсіресе көгілдір отынның жоқтығы тұрғындардың жанына қатты батқан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қостанай қаласының шетінде "Қонай"шағын ауданында бой көтерген бұл үйлердің сырты бүтін, іші түтін десе болады. Мұнда кредиттік және жалға беруге арналған 30 баспана салу жоспарланған. Соның бүгінде 17-сінің құрылысы аяқталып, 13-не тұрғындар 2022 жылы желтоқсанда қоныстанды. Негізі бұл баспаналар 2020 жылы тапсырылуға тиіс еді. Құрылыс материалдары күрт қымбаттағанда жұмыс тоқтап қалған. Әупірімдеп жүріп, айғай-шумен тұрғызылған баспаналардағы өмір де жайсыз болып шықты. Тұрғындар мердігер компания өкілдерін күнде шақыртады десе де болады. Себебі кем-кетік жерлері көп. Айта-айта шаршаған соң, кішігірім жөндеуді өздері жасатып алып жүр.

үйдің фасадын жөндеп жатыр
Үйдің қасбетін жөндеу жұмысы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Қасбетке орнатылған қаңылтыр жабынқыштар жел болса тарсылдап, ұшып кете жаздайды. Біреудің үстіне түсіп жазым қыла ма деп алаңдап, мердігер компания өкілдерін қалалық әкімдік арқылы алдырттық, енді жөндеп жатыр. Абаттандыру жұмысы да аяқсыз қалған. Балалар ойнайтын алаң салынбады. Облыс, қала әкімі кездесуге келгенде айттық. Олар бұған жауапты мердігер компаниямен соттасып жатқандарын жеткізіп, күте тұрыңыздар деп жұбатып кетеді", - дейді "Қонай" шағын ауданының тұрғыны Маржан Баймағанбетова.

Бұл мемлекеттік тапсырыс бойынша салынған көп қабатты тұрғын үйлерге қатысты мәселенің бір бөлігі ғана. Бастысы баспананы көгілдір отынға қоспағаны тұрғындардың жанына қатты батып отыр.

"Біздің проблема сол – газ жоқ. Әлі қоспай жатыр масқара! Бұл қандай өмір мынау?! Өмір емес, масқара мынау! Электр плиталарымыз шақ келмейді, үнемі жанып кете береді", - дейді тұрғын Сейітбек Қарабаев.

Тұрғындар электр жарығына ай сайын мыңдаған қаржы төлеуден қажыған. Бір киловаты 28 теңге 61 тиын. Ал газдың бір текше метрі 32 теңге. Ас-су әзірлеуге әлдеқайда арзанырақ.

Қалалық әкімдік өкілдерінің түсіндіруінше, баспананы көгілдір отынға қосу үшін үйдің қас бетіндегі газ құбырларын мүлік иелерінің бірлестігі өз балансына алуы қажет. Алайда тұрғындар олардың бұл талабына келіспейді. Өйткені, кредиттік және жалға беру баспаналары қалалық әкімдіктің тапсырысымен салынғандықтан газға қосу мәселесін шенеуніктер өздері шешуге тиіс.

тұрғындар
Тұрғындар. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Үйді асығыс салып, шала-пұла тапсырған. Барлығы дұрыс қалыпқа келтіріліп берілмеген. Біз қазір бұл қасбеттегі газ құбырларын өз мойнымызға алып, яғни мүлік иелерінің бірлестігінің балансына қойсақ, барлық шығынын өзіміз төлеп, газдың қауіпсіздігіне де жауап беруіміз керек. Бір жылға техникалық қызмет көрсетуіне 40 мың теңге сұрап отыр. Ертең ақау шықса, жөндеу керек болса үнемі тұрғындар сол үшін ақша жинауы керек. Біз "ҚазТрансГазАймақ" компаниясынан барып сұрағанда барлық жаңадан салынған үйді тапсырыс беруші не мердігер компания газға қосып берген дейді. Заңгерге де бардық әкімдіктің бұл талабы заңсыз деп отыр", - дейді "Қонай" шағын ауданының тұрғыны Маржан Баймағанбетова.

Ал Қостанай қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы Арсайын Байдаулетов өздерінің әрекетін заңға сай екенін айтып, прокуратура берген жауапты алға тартты.

Арсайын Байдәулетов
Арсайын Байдәулетов. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Қонай" шағын ауданындағы үйлерге газ беру мәселесі тұрғындардың келіспеушілігінен кейін тоқтап қалды. Олар әкімдік өзі қосып берсін дейді. Біз "ҚазтрансГазАймақ" компаниясы мен Қостанай қаласының прокуратурасына тұрғындардың талабының заңдылығын анықтау жөнінде сұраныс жібердік. Олардан қасбеттегі газ құбыры үй тұрғындарының ортақ мүлігі саналады деген жауап алдық. Демек, бізге мұндай талап қоюы заңсыз", - Қостанай қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы Арсайын Байдаулетов.

Мүлік иелері бірлестігі қауымдастығының мәліметінше, Қостанайда жаңадан тұрғызылған бір де бір үйде мұндай мәселе болмаған. Көгілдір отынды мердігер компания не тапсырыс беруші өздері қостырған екен. Енді Қонай шағын ауданындағы 5 үйдің тұрғындары бірігіп заңгер жалдапты. Енді әкімдіктің құрылыс бөлімін сотқа бермекші.

Автор: Гүлнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2143155-qostanaida-eki-zhyl-buryn-memlekettik-tapsyryspen-salyngan-uilerge-qonystangan-turgyndar-ali-gazsyz-otyr/