Қайрат Боранбаевтың мұнай компаниясы мемлекет меншігіне өтті
Жарияланған күні:
Қайрат Боранбаевқа тиесілі Phystech II мұнай компаниясы толығымен мемлекет балансына өтті. Бұл ақпарат ресми құжат бойынша расталған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Kase.kz сайтындағы 1 тамызда жарияланған Акционерлер реестрі тізімінің көшірмесіне сәйкес, 1 шілдедегі жағдай бойынша Phystech II АҚ жалғыз акционері – Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті.
Жарияланған жай акциялардың жалпы саны 18 500 000 дана болса, оның ішіндегі 13 749 100 акция орналастырылған.
Айта кетейік, бұған дейін ҚМА басшысының орынбасары Жеңіс Елемесов Қайрат Боранбаевтың үкіметке жалпы қанша ақша қайтарғанын айтқан болатын.
Қайрат Боранбаев ісі
Еске салайық, 2023 жылы қарашада қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев бостандыққа шықты. Ол мемлекет мүлкін жымқырды деген айыппен 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда 20 қазанда оның жазасы жеңілдетілгені белгілі болды. Сотта жазаның өтелмеген бөлігі бостандықты шектеуге ауыстырылды деп хабарланды. Сот жазаны ауыстыру кезінде мынадай мән-жайларды ескергені айтылған. Биылғы наурызда Қайрат Боранбаевқа үкім шығарылған кезде сот одан мемлекет кірісіне мынадай активтерді тәркілеген еді:
- Esentai mall СОСО мен Алматыдағы Esentai Tower бизнес-орталығы арасындағы құны 686 млн теңге болатын екі қабатты коммерциялық ғимарат;
- Halyk bank шотына салынған 1,3 млрд теңге;
- Halyk bank шотына салынған 5,7 млн доллар (2,7 млрд теңге);
- Halyk bank шотындағы 1,17 млн доллар (560 млн теңге);
- Halyk bank шотындағы 756 млн теңге;
- Halyk bank шотындағы 193 млн теңге.
Сондай-ақ кәсіпкер табиғи газ импорты кезінде қаражатты ұрлау фактісі бойынша тергеу аясында 14,5 млрд теңге көлеміндегі материалдық залалды өтеген. Үкім шығар алдында Боранбаев 90 млрд теңге тұратын активтерді мемлекетке ерікті түрде берген. Олардың ішінде:
- 2,6 миллион тонна мұнай қоры бар 143 ұңғыманы және бағалау құны 35,4 млрд теңге болатын 13,2 млн текше метр газ қоры бар "Қаражанбас Северный" мұнай кен орны;
- Нарықтық құны шамамен 14 млрд теңге болатын тауардық газды тасымалдаумен және өткізумен айналысатын "Азия газ Чунджа" газ тарату компаниясы;
- Құны 9 миллиард теңгеден асатын "ҚазТурбоРемонт сервистік орталығы" мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты;
- Астана орталығындағы құны 1,4 млрд-тан асатын 4 жұлдызды қонақүй;
- "Алмалы" сауда және ойын-сауық кешені, Fitnation фитнес-орталықтарының желісі және Almaty towers бизнес-орталығындағы кеңсе бөлмелері (жалпы құны 33,8 млрд теңге) бар.
Ал былтырғы 22 желтоқсанда Астана әкімі Жеңіс Қасымбек баспасөз мәслихатында кәсіпкер Қайрат Боранбаев мемлекет меншігіне өткізген активтер туралы айтып берген. Қала әкімі Астананың меншігіне тек "Comfort отель" қонақүйі берілетінін айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2143167-qairat-boranbaevtyng-munai-kompaniiasy-memleket-menshigine-otti/