Атырау облысында көпбалалы отбасы аудан әкімдігі ғимаратының алдында түнеп шықты
Жарияланған күні:
Атырау облысы Мақат ауданы Доссор ауылының тұрғыны Жаңыл Аяпбергенова алты баласымен аудан әкімдігінің есігінің алдында таң атырды. Айтуынша, жарты жыл бұрын үйі тұруға жарамсыз болып танылып, содан бері жалдамалы пәтерді жағалап жүр. Әкімдіктен үй алуға бөлінген ақшаны әлі күнге дейін ала алмай жүрген көрінеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Жаңыл Аяпбергенованың айтуынша, олар алты баласымен жылдар бойы әбден тозығы жеткен екіқабатты үйді паналап келген. Ақыры үй қақ ортасынан бөлініп, төбесі опырылып, 16 отбасы ол жерден қыс ортасында көшіп кетуге мәжбүр болған.
"Желтоқсанда үйіміз тұруға жарамсыз деп танылды. Менің 30 шаршы метр пәтерімді 3 млн 500 мың теңгеге бағалады. Ақпан айында аударамыз деп уәде етті әкімдік, одан наурызға қалдырды, кейін сәуірде береміз деді. Одан қалып тасқын деп сылтауратты. Ақыры, міне, тамыз болды. Ақшамыз шотымызға түспеді. Менің баратын жерім жоқ, пәтер жалдауға біраз ақшам кетті. Алты баламен оңай емес", - дейді Жаңыл Аяпбергенова.
Доссор ауылының тұрғыны талабын айтып, жұбайы және балаларымен Мақат ауданы әкімдігінің алдында таң атырған.
"Шыдамның да шегі бар. Егер талап орындалмаса облыс әкімі Серік Шапкеновке баратынымды айттым. Осы жағдайдан кейін аудан әкімі міндетін атқарушы кабинетіне шықырып алып, мәселені шешіп беретінін айтты. 3 күн мерзім ішінде ақшамыз түседі деп сендірді. Күтеміз, егер тағы созса әрі қарай облыс басшылығына шығамыз", - дейді тұрғын.
Мақат ауданы әкімдігінде біраз құжатта қателіктер болғанын, дегенмен мәселе алдағы 2-3 күн ішінде шешлетінін айтты.
"Доссор ауылының сегіз пәтерлік екі үйі апатты болып танылды. Әр пәтер әртүрлі бағаланды. Құжаттарда біраз қателіктер болды, соны реттеуге біраз уақыт кетті. Қазір 16 тұрғынның 13-імен келісімшарт жасадық. Қалған үш отбасы Доссор ауылында салынып жатырған 60 пәтерлік үйдің құрылысының аяқталуын күтетінін айтты, кезекке қойылды. Жаңа үй NCOC демеушілігімен салынуда, келесі жылы түрғындарға беріледі", - деді Мақат ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бекәділ Жайкин.
Тұрғындар мәселе үш күн ішінде шешілмесе облыс әкімдігіне баратынын жеткізді.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2143213-atyrau-oblysynda-kopbalaly-otbasy-audan-akimdigi-gimaratynyng-aldyna-tunep-shyqty/