Зектілері

Көкшетау, абайлаңыз, сөредегі тауардың мерзімі өткен

Жарияланған күні:

Азық-түлік дүкені
Көрнекі фото: pixabay.com

Базарда саналуан тауар толып жатқан бүгінгі әлемде тұтынушылардың құқығын қорғау халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етудің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігі мәселесі ерекше маңызға ие, себебі стандарттардың сақталмауы адамдардың денсаулығына ауыр зардаптар келтіруі мүмкін. Бұл мақалада біз өнімді таңбалаудың маңыздылығын қарастырып, лимон мен жалбыз дәмі бар "Витамикс" сусынына қатысты нақты жағдайды және заңбұзушылар қатарына енген бөлшек саудагерлер үшін ықтимал салдарларды талқылаймыз.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
Жаңа жылда Қазақстанда әлеуметтік төлемдер қанша пайыз көтеріледі

Әлеуметтік жобаны іске асыру аясында тұтынушылардың Көкшетау қаласында сатылатын тауарлар туралы, олардың қауіпсіздігі мен сапасы туралы, сондай-ақ сатушылар (дайындаушылар) туралы ақпарат алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында "Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі ("МОТҚҚҚ" ҚБ) өкілі жасырын сатып алушы әдісін қолдана отырып, Көкшетау қаласындағы базарлардың бірінен лимон-жалбыз дәмі бар "Витамикс" пастерленген хош иісті газдалмаған алкогольсіз сусынын сатып алды (өндірушісі – "Дарида" ЖК, Беларусь Республикасы).

Таңбалауда көрсетілген деректерге сәйкес, бұл өнімнің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен.

Бұдан бөлек сатушы тауардың сәйкестігі туралы декларацияны ұсынбаған.

Лимон-жалбыз дәмі бар "Витамикс"
Фото: Биятан Жанна

Сатып алынған өнімге кешенді зерттеу жүргізу үшін ҚР ДСМ Ақмола облысы бойынша ҚСЭК "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК филиалының аккредиттелген санитарлық-гигиеналық зертханасының гигиена бөлімшесіне тапсырылды.

"Тағамдық өнімдердің таңбалануы бойынша қауіпсіздігі" КО ТР 022/2011 талаптарына сәйкестігіне зерттеу жүргізу барысында келесідегідей сәйкессіздіктер анықталды:

  1. Азық-түлік өнімінің жарамдылық мерзімі өткен: өндірілген күні – 25.12.2023 ж., жарамдылық мерзімі – 25.06.2024 ж.
  2. Қаптамасында мемлекеттік тілде ақпарат берілмеген. Демек орыс тілін білмейтін тұтынушылар өнімнің құрамы, сақтау шарттары, оның жарамдылық мерзімі және пайдалану жөніндегі нұсқаулық сияқты маңызды ақпаратты ала алмайды деген сөз. Ал бұл жайт өнімнің дұрыс пайдаланылмауына апарып соғып, соның нәтижесінде денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін.
Лимон-жалбыз дәмі бар "Витамикс"
Фото: Биятан Жанна

"Мысалы, өнімнің құрамы туралы мемлекеттік тілде ақпараттың болмауы аллергиямен ауыратындар немесе тағамға төзімсіздігі бар адамдар өзі үшін қауіпті ингредиенттерді тұтынуына апарып соғуы ықтимал", – дейді тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі сарапшы Биятан Жанна Үрметханқызы.

Мерзімі өткен өнімді сатып алудың салдары

ҚР "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 30-бабы 1-1-тармағына сәйкес, сатушы (өндіруші) жарамдылық мерзімі өтіп кеткен, техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін тауардың айырбасталуын немесе қайтарылуын қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар сатып алушы сауда нүктесіне жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы өтінішпен аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жүгінуге құқылы.

Сарапшының айтуынша, жоспардан тыс тексеру жеке немесе заңды тұлғадан өтініші түсіп, дәлел ретінде растайтын құжаттар қоса берілген жағдайда ғана жүргізіледі. Растайтын құжат фискалдық немесе тауар чегі болып табылады. Өтінішке фото/бейнематериалдарды қосқан жөн.

"Мерзімі өткен өнімдерді сатып алу улану және аллергиялық реакциялар сияқты денсаулыққа ауыр зардап тигізетін салдарларға апарып соғуы мүмкін. Сатушылардың тек жоғары сапалы және қауіпсіз өнімдердің сатылуын қамтамасыз етуге міндетті екенін түсіну маңызды. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімді өткізу фактілері анықталған жағдайда жауапкершілік сатушыларға жүктеледі. Қазақстан заңнамасында сауда ережелерін бұзғаны үшін, оның ішінде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауарларды сатқаны үшін ауыр жаза қарастырылған", – деп еске салды тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі сарапшы.

Лимон-жалбыз дәмі бар "Витамикс"
Фото: Биятан Жанна

Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында көзделген тиісті шараларды қабылдау мақсатында зерттеу материалдары құзыретті органдарға жолданды.

Сатушылардың заңбұзушылық үшін жауапкершілігі

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауарларды сатуы өрескел заңбұзушылық болып саналады және әкімшілік жауапкершілікке апарып соғады. Мұндай заңбұзушылықтарға жол берген сатушыларға айыппұл салынуы мүмкін. Айыппұл мөлшері бизнес санатына байланысты болады: шағын кәсіпкерлерге 45 АЕК-тен (166 140 теңге) 150 АЕК-ке (553 800 теңге) дейінгі көлемде айыппұл салынады. Заңбұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері айтарлықтай ұлғайтылуы мүмкін, ал ерекше ауыр жағдайларда тауарлар тәркіленіп, кәсіпорын жабылуы мүмкін (Қазақстандағы 2024 ж. АЕК мөлшері: https://www.gov.kz/ memleket/entities/kyzylorda-syrdarya/press/events/details/24133?lang=ru).

Сатушыға тұтынушылардың тауар мен дүкеннің фото/бейне түсірілімін дәлел ретінде пайдалану құқықтарын шектеуге тыйым салынатынын естеріңізге саламыз.

"Біліп жүріңіз: Тұтынушылардың құқықтарын қорғау – халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі. Әрбір тұтынушы сатып алынатын өнім туралы толық әрі сенімді ақпарат алуға құқылы. Кез келген өнім сапа мен қауіпсіздіктің жоғары стандарттарына сай болуы тиіс. Өз кезегінде сатушылар мерзімі өтіп кеткен немесе дұрыс таңбаланбаған өнімдердің нарыққа енуіне жол бермеу үшін барлық сауда нормалары мен ережелерін сақтауға міндетті. Денсаулық пен қауіпсіздік өз қолыңызда екенін жадыңызда сақтаңыз. Азық-түлік таңдау кезінде абайлаңыз және оған жауапкершілікпен қараңыз!" – деп түйіндеді сөзін Жанна Биятан.

Осыған ұқсас фактілер бойынша сұрақтарыңыз туындаған жағдайда, Instagram желісіндегі OZPP.KZ сілтемесі бойынша: https://www.instagram.com/ozpp.kz/, немесе 87054222739 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2143485-kokshetau-abailangyz-soredegi-tauardyng-merzimi-otken/