"Артық жұмыс үшін ақша төлейді": Германиядағы қазақ дәрігері екі елдегі медицина қызметкерлерінің өмірін салыстырды
Жарияланған күні:
26 жастағы қазақстандық Оразбек Тәшімбет – Германиядағы ауруханада хирургия бойынша ассистент-дәрігер болып қызмет етіп жүр. Ол бұған дейін Қазақстанда оқып, ел ішінде тәжірибе жинаған. Енді шетелде жұмыс істеп, тағылымдамадан өтіп жатқан жас маман KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат беріп, Қазақстан мен Германияның дәрігерлер дайындауда қандай айырмашылығы барын айтты.
Өзбекстаннан тарихи отанына көшіп келген Оразбек Тәшімбет Астана медицина университетін тәмамдаған. Ол Германияда оқу жайлы бұрыннан жоспарлап, армандамаған. Алғашында сол елге достарымен жұмыс істеп, саяхаттауға арналған бағдарламамен барғанын айтады. Кейін неміс дәрігерімен танысып, одан біраз кеңес алады. Содан кейін тіл үйреніп, Германияда тәжірибеден өтуге шешім қабылдайды.
Оның сөзінше, ел ішіндегі теориялық білім беру оның көңілінен шығады. Адамның ішкі қалауы мен нақты мақсаты болса – қайда оқитының маңызды емес дейді. Алайда Германияның ғылыммен айналысуда кең мүмкіндіктер беріп, білікті маман болуда ілгері екенін атап өтті.
"Германияда ғылыммен айналысуға мүмкіндік өте жоғары. Қазақстанда лаборатория жоқтың қасы. Микроскоптар музейде тұру үшін ғана керек. Оларды қолдануға болмайды, өйткені бұзылып қалады. Не үшін тұр деп те ойлайсың. Ал мұнда ондай емес. Ғылымға мүмкіндік кеңейген сайын, студент теориялық білімін практикада шыңдай алады", - дейді маман.
Дәрігер елімізде резиденттерге жалақы төлеу керек деп санайды. Айтуынша, оларға тек 110 мың теңге стипендия беріледі. Ал бұл жеткіліксіз. Өйткені резиденттер осы кезде тек оқу емес, еркін өмір сүріп, отбасы жайлы да ойлай бастайды.
"Резидентурада жасы 25-тен асқан адамдар ғой. Олар отбасы құру туралы ойлайды, кейбіреуінің бала-шағасы бар. Стипендия мұндайға жетпейді. Ал Германияда резидент дәрігердің ассистенті саналып, жоғары жалақы төленеді. Кәдімгі дәрігердің жалақысынан айырмашылығы өте аз. Ал сен Қазақстанда аз стипендияға таңнан кешке дейін ауруханада жүріп, оқуың керек. Әрине, үйрену маңызды, бірақ өмір сүру де керек қой", - деді ол.
Оразбектің сөзінше, Германиядағы тәжірибеде мамандар жас дәрігерге бәрін түсіндіріп, үйретуге ашық. Ал Қазақстанда хирургтар өзінің жиырма жылдық тәжірибесін жас маманнан талап етеді дейді. Бұл адамның жұмысқа деген талпынысына әсер етеді екен.
"Біздегі дәрігерлер үйреткісі келмейді. Естуімше, өздеріне бәсекелес ретінде қарайды. Операцияға кіру өте қиын. Ассистент ретінде емес, жай қарап тұру үшін кіре алмайсың. Мен Астанадағы біраз пластикалық хирургқа жазып шықтым. "Қасыңызда тұрайыншы, болмаса қоқыс жәшіктің қасында тұрайыншы" деп. Бәрі жоқ деді. Ал мына жақта операция бөлмесін теуіп кіруге болады. Бәрі жалықпай түсіндіреді. Осылай тәжірибеден өтіп, әрқайсысын көру арқылы өз ісіңді табуға болады", - дейді Оразбек Тәшімбет.
Маман Қазақстанда қызметкерлер арасында дискриминация барын да айтты. Дәрігерлер медбикелерге үстінен қарап, ал медбикелер тазалық қызметшілеріне бұйыра сөйлейтін көрінеді. Ал Германияда бас дәрігердің өзімен емін-еркін қарым-қатынас жасап, әзілдесуге болады екен.
"Бізде бас дәрігерлер тазалықшыларға не істеу керегін аяғының ұшымен көрсетеді ғой. Ал Германияда ондай жоқ. Керісінше, қандай да бір дискриминация болса өзіме айт, жеке сөйлесемін деп көмектеседі. Ал біздегі бас дәрігерлер өздерін құдай сезініп, студенттерге қарамайды да. Оларды қорыққаннан құрметтейсің ғой, ал Германияда шын құрмет көрсетесің. Маған мұнда ешқайсысы шетел азаматысың деп айтпаған, ал Қазақстанда қазақ болсам да Өзбекстаннан келдің дейтін", – деді дәрігер.
Германияда еңбек құқығы Қазақстанға қарағанда жақсы сақталған дейді Оразбек. Басшылар мен қызметкерлер жұмыс уақытына сай жүріп, одан артық жұмыс тапсырмайды екен.
"Егер жұмыс уақыты күніне таңғы жетіден кешкі жетіге дейін болса, Қазақстанда таңғы жетіде келген адам түнгі ондарда үйіне бір-ақ қайтады. Артық еңбегіңе ақша төленбейді. Керісінше уақытында кетсең, саған ұрсады. “Неге уақытында кеттің? Жұмысты кім бітіреді?” дейді. Ал Германияда артық жұмыс үшін ақша төленеді. Менде мынадай жағдай болған. Бір күні 20 минутқа артық жұмыс істеп қойғам. Біреу келіп “үйіңе бар, демал” деп ұрсып берді. Мұны Қазақстандағылар естісе, күледі ғой", - деді ол.
Оразбек Тәшімбет Германиядағы тәжірибесінде білмейтін тұсын қорықпай сұрауды үйренген. Әрі өзімнен кейін келетін жас дәрігерлерге де үйретудің маңызын түсіндім дейді. Оған қоса неміс тілін де меңгеріп келеді. Ал қазір қазақстандық студенттер Еуропада білім алып, тәжірибеден өту үшін арнайы жобалармен айналысып жүр. Осы арқылы елдегі мамандардың біліктілігіне үлес қоссам дейді. Оның сөзінше, Германияның біраз озық тәжірибесін Қазақстанға әкелуге болады. Дәрігер студенттерге осы тұрғыдан өз кеңестерін айтты.
"Жауапкершілікті өздеріңізге алып, тіл үйреніңіздер. Бұл – өте үлкен мүмкіндік. Мамандықты дұрыс таңдау керек. Ол үшін ата-ананы емес, өзіңді тыңдаған жөн. Әрі тек кәсіби дағдыларды емес, коммуникация жасай алуды үйрену керек. Біз неге Өзбекстанның медицинасын жиі мақтаймыз? Иә, біріншіден, арзан шығар. Екіншіден, ол жақтың дәрігерлері халықпен жақсы сөйлеседі. Халықпен халық тілінде әдемі сөйлесе алу қажет", - деді маман.
Оразбектің өзі ауылдан шығып, мамандығына құштарлығының арқасында Еуропада тәжірибе алып жүр. Сол себепті ештеңеден қорықпай, тәуекел ете алу керек деп санайды. Бір қызығы, дәрігерлікті таңдауына оның кішкентай кезінде көп ауырғаны себеп болған. Сондықтан ол "мен медицинаны таңдамадым, медицина мені таңдады" дейді.
Автор: Ислам Аманқос
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2143567-artyq-zhumys-ushin-aqsha-toleidi-germaniiada-zhumys-isteitin-qazaq-darigeri-eki-eldegi-meditsina-qyzmetkerlerining-omirin-salystyrdy/