Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір тоқтымызды саттық": ақтөбелік келіншек ауылда отбасылық кәсіпті қалай ашқанын айтты

Жарияланған күні:

Илиза Жұмағалиева
Илиза Жұмағалиева. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысында жас отбасы бір тоқтыны 17 мың теңгеге сатып, сол табысына кішігірім кәсіп бастаған. Алғашында тек пакет сатып ақшаның басын құраған ерлі-зайыпты қазір жұмысшыларға арналған қолғап тоқу өндірісін дамытып отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы Алға ауданынына қарасты Бестамақ ауылының тұрғыны Илиза Жұмағалиева жолдасымен бірге отбасылық кәсіпті дөңгелетіп отыр. Ерлі-зайыпты кішкентай ауылда тұрса да, Ақтөбе облысының бірнеше ауданын жұмысқа арналған қолғаппен қамтамасыз етіп отыр.

Олар 2023 жылы "Ауыл аманаты" бағдарламасы арқылы алған 7 млн теңгеге екі станок сатып алған.

"Жібі, инесі, басқа да қажетті құралдары сол ақшаға алынды. Үлкен тапсырыстар алуға жүрексінеміз. Бірақ облыс аумағындағы шағын дүкендерді қамтамасыз етіп отырмыз. Қандыағаш, Алға аудандары мен қаладағы дүкендерге апарып тастаймыз. Сұраныс бар. Басында өзіміз екі станокты сатып алғанбыз. Автомат болған соң қиындық туғызбады. Өзі тез арада тоқып шығады. Тапсырыс көп түсетіндіктен екі станокпен үлгермедік. "Ауыл аманаты" бағдарламасы арқылы тағы екеуін алдық. Жұмысқа арналған қалың қолғап тоқимыз" - дейді Илиза.

Жұмыс қолғабы автоматтандырылған станокпен екі-ақ минутта тоқылып шығады екен.

"Функциясын таңдап, қосып қоямыз. Автоматты түрде тоқып шығады. Тек осы қолғаптан бір айда 70 мың теңгенің үстінде таза табыс болады. Өнімді шығаруға байланысты. Қазір тоқтап тұр. Күзде сұраныс көбейеді. Көктемге дейін үздіксіз қолғап шығарамыз. Бұл маусымдық жұмыс. Бұны да дамыту керек. Қазір адамдар алақанында резеңкесі бар қолғап сұрап жүр. Енді сол станокты алғымыз келеді", - деді жас кәсіпкер Илиза Жұмағалиева.

Илиза Жұмағалиева
Илиза Жұмағалиева. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ерлі-зайыпты қолғап тоқу ісін түнгі уақытта бастайды. Себебі ауылда электр энергиясы әлсіз. Автоматтандырылған станок мұндайда тоқтап қалатын көрінеді. Сондықтан олар адамдар ұйқыға жатты-ау дегенде сарайға барып, станоктарын іске қосады. Жас отбасының бұл кәсіпті бастағанына екі жыл болған.

Жолдасы станоктарды іске қосып, үздіксіз жұмыс істеуін қадағалайды. Жұбайы тоқылған қолғаптың артық жібін қиып, резеңкесін фенмен кептіріп отырады. Кейін дайын болған қолғаптарды он жұп қылып түйіп, тапсырысты дайындайды.

Банктен несие алып көрмеген отбасы кәсіппен айналысуды қалай бастағанын айтып берді.

"2017 жылдан бастап саудамен айналыстық. Ол кезде қолда мүлде ақша болмады. Базарға апарып бір тоқтымызды 17 мың теңгеге саттық. Сол ақшаға келгенінше пакет алып, дүкендерге саттық. Ешкімнен қарыз, несие алмадық. Қолымызда бармен бастап кеттік. Үстіне түскен ақша көбейген сайын тауар санын да көбейте бердік. Табысымызды дамыту үшін жаңағы станокты алдық. Оған да сұраныс жоғары болды. Табыс әкелген соң қосымша тағы алдық. Осылайша дамыта бердік. Негізі өзім мектеп бітіріп келген кезімде де пакет сатқан едім. Пакет шығаратын зауыттан пакеттер алып, дүкендерге сатып жүрдім. Кейін тұрмысқа шыққанан кейін бөпелі болдым, сауда екі-үш жыл тоқтап қалған еді. Қазір сол кездегі кішкентай сауданы шағын кәсіпке айналдырдық. Банктен несие алып көрген емеспіз. Қолда барды үйлестіре бердік", - дейді кәсіпкер келіншек.

жұмыс қолғабы
Жұмыс қолғабы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ерлі-зайыпты үш бала тәрбиелеп отыр. Келінінің ептілігіне енесі де риза. Үйдің шаруасын, мал қарауды, кәсібін шыр айналдырып отырғанын айтады.

"Келінім пысық. Шаруасына тастай. Қазір ештеңеге араласпаймын. Бәрін өзі істеп отыр. Малды да қарайды. Үш сиырын сауып, құрт-ірімшігін дайындайды. Шаруаларын жүргізіп отырған соң "малды қойыңдар" десем де айырылғысы келмейді. Бәріне жүгіру оңай емес. Бірақ ілімін білген соң өзі үйлестіріп отыр. Май-қаймағы артылса, оны да сатуға шығарады", - дейді енесі.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2143716-bir-toqtymyzdy-sattyq-aqtobelik-kelinshek-auylda-otbasylyq-kasipti-qalai-ashqanyn-aitty/