Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Екі себебі бар": мамандар Рудныйда жер сілкінісі неден болғанына қатысты болжам жасады

Жарияланған күні:

Рудныйға кіреберіс
Рудный қаласы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Жақында Қостанай облысы Рудный қаласына жақын жерде 3,9 балдық жер сілкінісі болып, тұрғындарды дүрліктірген еді. Бұл дүмпуге табиғи құбылыстар әсер етпеген болуы мүмкін. Сейсмологиялық оқиға кен орындарындағы жарылыстан не жер қойнауын үздіксіз қазудан туындауы ғажап емес. Осы болжамның анық-қанығын екі ғылыми орталық зерттеп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қостанай облысы тектоникалық тақта қозғалысынан алшақта орналасқан. Сондықтан сейсмологиялық қауіпті аймаққа жатпайды. Соған қарамастан өңірде жер сілкінісі тіркелді. Бір емес, осымен бірнеше рет қайталанып отыр. Соңғы рет жер дүмпуі биыл 27 шілдеде сағат 9:54-те Рудный қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 21 километр қашықтықта, тереңдігі 10 километр жерде болған.

"Сейсмологиялық қауіпсіз аймақта қалайша жер сілкінісі болды" деген бұқараның сауалына құзырлы органдар әлі күнге нақты жауап берген жоқ. Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаменті оқиғадан бес күн өткеннен кейін ғана ақпарат берді.

"Жер сілкінісінің пайда болуының екі себебі бар: табиғи немесе техногендік. Мамандардың айтуынша, бұл техногендік болуы мүмкін. Соны анықтау үшін зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Техногендік сипаттағы жер сілкінісі болса оған тау-кен жұмыстары әсер етті деген болжам бар. Жер астында қатты жарылыс болғанда жер дүмпуі сезіледі. Сондай-ақ жер қойнауын көп мөлшерде қазғанда немесе өте көп су, мұнай, газ бұрғылап алғанда да техногендік жер сілкінісі туындауы мүмкін", - дейді Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев.

Айта кетейік, Рудный қаласынан солтүстікке қарай 5 километр қашықтықта еліміздегі темір рудасын өндіретін ең ірі өнеркәсіп жұмыс істейді. Кәсіпорын 1954 жылдан бері, яғни 70 жыл бойы үздіксіз темір кенішін қазумен айналысып келеді.

"Облыстағы ең ірі кәсіпорын кеніштерде жер дүмпуін туғызатындай жарылыс жасамадық деген ақпарат берді. Ешқандай жұмыстар жүргізген жоқпыз дейді. Мамандар мұның қаншалықты шындыққа жанасытынын зерттеу барысында анықтайды", - дейді Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев.

Жер сілкінісінің себептерін анықтауға Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының Геофизикалық зерттеулер институты мен Төтенше жағдайлар министрлігінің Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының ғалымдары кіріскен. Жалпы жер дүмпуі Рудный қаласының маңында осымен үшінші рет қайталанып отыр. 2004 жылы сәуір айында, 2016 жылы да сәуір айында түн мезгілінде 3 баллдық қарқынмен 10 километрден аспайтын тереңдікте байқалған.

Автор: Гүлнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2143818-eki-sebebi-bar-mamandar-rudnyida-zher-silkinisi-neden-bolganyna-qatysty-bolzham-zhasady/