Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мал да ішпейді": Атырау облысында краннан аққан сары су ауыл тұрғындарын әлекке салды

Жарияланған күні:

сары су
Краннан аққан су. Фото: ауыл тұрғындарынан

Атырау облысы Исатай ауданы Жанбай ауылының тұрғындары таза, сапалы ауыз суға зәру. Халық алты айдан бері краннан аққан сары судың зардабын шегіп келеміз дейді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Жанбай ауылының тұрғындары 5 литрлік суды бөтелкелеп сатып алудан шаршаған. Орталық құбырмен келіп тұрған суды тот басқан, ішу түгіл бақшаға да пайдалана алмай отырғандарын айтады. Лас суға не үшін ақша төлеуіміз қажет дейді халық.

"Міне, алты ай болды. Күнде сап-сары су ағады. Бұл суды мал да ішпейді, ағашты да суара алмайсың. Кейде дұрыс су аққан кезде шелектеп жинап аламыз. Бірақ көбіне сатып алуға тура келеді. Мен көпбалалы анамын, немерелерім бар, үйде үлкен кісі бағып отырмын. Тіршілік нәріне зәру болып қалдық. Мамандар келіп жасап кетеді, бірақ нәтиже жоқ, қайта басталады", - дейді Жанбай ауылының тұрғыны Лиза Қабесова.

Жанбай ауылында 3500-дің үстінде үй бар. 2016 жылы "Ақбұлақ" бағдарламасымен барлық үйлерге су келген. Жанбай ауылдық округі әкімі Дидар Есмұхановтың айтуынша, ауылдың 4 көшесінде ғана ауыз су мәселесі шешілмей келеді.

"Біз өз тарапымыздын "Атырау су арнасы" мекемесіне құбырларды тазалау немесе ауыстыру бойынша ұсынысымызды бердік. Қазір жұмысшылар жөндеп жатыр. Тұрғындар да өз шағымын әрдайым мекемеге тікелей хабарласып, айтып отырады. Әрине, халық ақшасын төлеп отырғаннан кейін судың таза болғанын қалайды. Әкімдік жанынан да қадағалау жүргізіп отырмыз", - дейді округ әкімі.

Жанбай ауылындағы мәселе бойынша "Атырау облыстық су арнасы" мекемесі де жауап берді.

"Исатай ауданы тұрғындары "Магистральдық Суағызғы" ЖШС-нен су алып отыр. Мекеме 2021 жылдан бастап 150 шақырым болатын магистралдық желінің құрылысын бастады. Жаңа құбыр Құрманғазы ауданынан Исатай ауданына дейін салынды. Осы жылдың мамырында құбыр іске қосылған кезде сары суды қабылдай бастадық. Сол кезде Жанбай ауылының линиясы ластанып кеткен болуы ықтимал. Ауыл чаттарында келген шағымдар бойынша тексеріс жүргізіп, 1-2 күн турасында құбыр бойына дезинфекция жасап, өрт сөндіру гидранттары арқылы сыртқа айдадық. Қазір мәселе бақылауда", - деп жауап берді тілші сауалына "Атырау облыстық су арнасы" мекемесі баспасөз қызметінің өкілі.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2146269-mal-da-ishpeidi-atyrau-oblysynda-krannan-aqqan-sary-su-auyl-turgyndaryn-alty-aidan-beri-alekke-saldy/