Ақтөбе облысында 8 адам қаза тапқан жол апатының алдын ала себебі белгілі болды
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында 8 адам қаза тапқан жол апатының алдын ала себебі белгілі болды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр, деп хабарлайды облыстық полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
- Ақтөбе облысында 8 адам, соның ішінде 5 бала қаза тапқан жол апатының алдын ала себебі - MAN жүк көлігінің жүргізушісінің қарсы жолаққа шығып кетуі.
- Полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін бұзу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындамау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
- Қаза тапқандар арасында Маңғыстау облысында футбол жарысына бара жатқан балалар болған, ал өңір әкімі қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеген.
Ведомствоның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, қазір "абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Алдын ала мәлімет бойынша, MAN жүк көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кеткен.
"MAN көлігінің жүргізушісі болған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сонымен қатар полиция департаменті абайсызда кәмелетке толмаған баланың өліміне әкеп соққан балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Нәтижесінде барлық жауапты тұлғаға құқықтық баға беріледі.
Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды", - деп хабарлады Ақтөбе облысының полиция департаментінен.
Айта кетсек, Ақтөбе облысында 7 тамызда жантүршігерлік жол апаты болған еді. Алғашында полиция қызметкерлері оқиға орнынан алты адамның денесін шығарды. Кейін қаза болғандардың саны артып, тағы екі оқушының денесі шығарылды.
Балалар Маңғыстау облысында жеке қайырымдылық қор ұйымдастырған футбол жарысына қатысу үшін шыққан. Оқиғаға қатысты полиция Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Көп ұзамай өңір әкімі қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2146432-aqtobe-oblysynda-8-adam-qaza-tapqan-zhol-apatynyng-aldyn-ala-sebebi-belgili-boldy/