Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында қайғылы жол апаты неге жиілеп кетті: көлік жүргізушілері мен мамандар жауап берді (фото)

Жарияланған күні:

Самара-Шымкент тас жолы
Самара-Шымкент тас жолы. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Ақтөбе облысындағы "Самара-Шымкент" тасжолында қайғылы жол апаты жиі тіркеледі. Республикалық жолда жыл басынан бері 31 адам қайтыс болса, 101 адам жарақат алған. Полиция департаменті мәліметінше, жол апатының бәрі жүргізушілердің қарсы бағытқа шығып, жылдамдықты шектен тыс асыруынан болған. Ал жүргізушілер жол сапасын сынайды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Батыс Еуропа-Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізі бойындағы "Самара-Шымкент" автожолы үшінші санаттық жол саналады. Екі жолақты жолмен тәулігіне 16 мың көлік жүреді.

Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, биыл жеті айда бұл жолда 45 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 31 адам қаза болды. 101 адам дене жарақатын алды.

Портал тілшісі ең алдымен "Самара-Шымкент" автожолының бойындағы жүргізушілерді сөзге тартты. Мұнда көлігін жөндеп жатқандар жиі кезігеді. Олар жол сапасын сынға алды.

көлік жүргізушісі
Наурызбек, көлік жүргізушісі. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Осы жолда жүргеніме 15 жылдан асты. Жол сапасы нашар. Өзім қаншама облысқа көлікпен барамын. Соның ішінде Ақтөбеде жол жоқ. Сырт түгілі неше жыл болды, қаланың ішінің өзінде жол нашар. Жолға шықсаң дөңгелегің жарылып келеді", - деді Наурызбек есімді жүргізуші.

Тағы бір жүргізуші әріптесінің сөзін қоштай кетті.

"Жол жоқ. Жүргізушілерге қиын. Осы жолда жол-көлік оқиғасы жиі болады. Әрине, қатты жүруден де бар. Бірақ жолдың сапасын да жақсарту керек. Өзім Шымкенттенмін. Соңғы 3-4 жылдан бері Ақтөбеге қатынап жүрмін. Бұл жер дөңгелектің соры", - дейді Нұрлан есімді азамат.

Нұрлан
Нұрлан, көлік жүргізушісі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ал жүк көлігін жүргізушінің сөзіне қарағанда бұл автожолмен Қытайдан Ресейге карай жүк таситындар көп жүреді.

"Біз жүк көліктері жай жүреміз. Жеңіл көліктер басып озамын деп қарсы бағытқа шығады. Қатты жылдамдықпен жүреді, асығады. Жол да нашар. Осы жақта машиналар жиі бұзылады. Қытайдан Ресейге қарай осы жолмен көп жүк көліктері өтеді. Жол езіліп қалған", - деді жүргізуші Зинадин.

көлік жүргізушісі
Зинадин, көлік жүргізушісі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Өңірде жол апатының жиілеуі алаңдатарлық ахуалға айналып барады. Ал жауапты мамандар күрделі жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанын айтып отыр.

"Негізінен жүргізушілер жол ережесін өрескел бұзады. Қарасақ, жол-көлік оқиғалары болған жерлерде ойық немесе ақау жоқ. Жүргізушілер жылдамдықты шектен тыс асырмау керек. Қарсы бағытқа шығудың алдын алуға тиіс. Кешегі тіркелген екі жол-көлік оқиғасы да қарсы бетке шығып кетуден болып тұр. Оқиға болған орындарда жол ақауы жоқ. "Самара-Шымкент" бағыты үшінші санаттағы жол. Көлік ағыны көп болғандықтан ені тар. Қазір бірінші санатқа ауыстыру бойынша жұмыс басталды. Алдағы уақытта бұл жерде төрт жолақты жол болады. Жолдың жағдайы қанағаттанарлық. Осыған дейін наразылық туындаған аймақтардың бәрінде асфальт жамылғысын тегістедік. Қазір жылдамдықты шектеуге қатысты қосымша жол белгілерін қойып жатырмыз. Өкінішке қарай, оған жүргізушілер көп мән беріп жатқан жоқ",- дейді "ҚазАвтоЖол" АҚ облыстық филиалының директоры Айбол Данағұлов.

Самара-Шымкент тас жолы
Самара-Шымкент тас жолы. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

"Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын" жолының ұзындығы - 262 шақырым. Жол құрылысын жүргізу үшін 7 учаскеге бөлінген. Қайта жаңарту жұмыстарынан кейін жол төрт жолақты болып кеңейеді.

"Қазіргі таңда Самара-Шымкент автожолының 763-965 аралығында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жолмен тәулігіне 16 мыңға жуық көлік жүреді. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына ұлттық сапа орталығы он рет шығып асфальт бетон қоспасы, жамылғыдан сынамалар алды. Зертхана қорытындысынан кейін тағы қосымша ақпарат береміз", - дейді "Жол активтері ұлттық сапа орталығы" Ақтөбе облыстық филиалының директоры Тельман Малаев.

Дәрігерлердің айтуынша, 2023 жылдың алғашқы жарты жылдығында көпсалалы облыстық ауруханаға жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен 832 адам жеткізілген. Оның ішінде 88 науқас ауруханаға жатқызылды. Ал 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында 847 адам жеткізіліп, 98 науқас ауруханада емделді.

Самара-Шымкент тас жолы
Самара-Шымкент тас жолы. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Ал өткен аптада ғана "Самара-Шымкент" тас жолы бойында 12 адам қаза болған еді.

"Жол-көлік оқиғаларының себебі қарсы бағытқа шығу, жылдамдықты асыру. "Самара-Шымкент" бағыты бойынша жол күтіміне жауапты 22 қызметкер әкімшілік жауапқа тартылды",- деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті өкілдері.

Өңірде жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан балалар аз емес. 2023 жылы желтоқсанда олимпиадаға бара жатқан оқушылар мен мұғалім қазасы да осы "Самара-Шымкент" тас жолында тіркелді. Көлік тізгініндегі 25 жастағы мұғалім жолдың қарсы бағытына шығып, Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылды. Ол бес жылға бас бостаныдығынан айырылды. Оқиғаға қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп, Ырғыз ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушына ескерту берілді, Темірастау орта мектебінің директоры жұмысынан босатылды.

2024 жылдың 7 тамызында жарысқа бара жатқан бес бала қаза болды. Жарыстың жеке қайырымдылық қор ұйымдастырған, жауапты мекемелерге хабарланбағаны айтылды.

Осыған байланысты білім басқармасы өкілдері балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын азайту үшін қауіпсіздік шараларының күшейтілгенін хабарлады.

"Білім беру ұйымдары тоқсан сайын балаларға, ата-аналарға немесе заңды өкілдерге Жол қозғалысы ережелерін, сондай-ақ қауіпсіздік шаралары мен автобуспен жүру кезіндегі тәртіп ережелерін түсіндіру бойынша ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Оқу-ағарту министрлігі тарапынан білім беру ұйымдарының балаларды тасымалдауы жөніндегі әдістемелік нұсқаулық дайындалып, барлық білім беру ұйымдарына таратылды. Білім беру ұйымдарының балаларды тасымалдау жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының алгоритмі жасалды. Балалардың қауіпсіз тасымалын ұйымдастыру мақсатында Darabala.kz платформасында барлық мүдделі органның іс-әрекеті кіріктірілген "Балалар тасымалы" бөлімі іске қосылды. Өтінімдерді келісу әдістемесі мен жұмыс алгоритмі бекітілді", - деп хабарлайды Ақтөбе облыстық білім басқармасы өкілдері.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2147863-aqtobe-oblysynda-qaigyly-zhol-apaty-nege-zhiilep-ketti-kolik-zhurgizushileri-men-mamandar-zhauap-berdi-foto/