Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбелік оқушылар мен мұғалім қаза болған жол апатына қатысты іс: көлік жүргізген мұғалімге үкім шықты

Опубликовано:

Судья
Судья. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысында аудандық пән олимпиадасына бара жатып, жол апатынан қаза болған екі оқушы мен мұғалімнің қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот аяқталды. Көлікті тізгіндеген 25 жастағы мұғалім бес жыл бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды сот залынан KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында екі оқушы мен бір мұғалімнің өмірін қиған жол апатына қатысты істің үкімі шықты.

"Ж.Ш. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны өтеу орны ретінде қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесі тағайындалсын", - деп шешті судья.

Айыпталушы соңғы сөзінде тағы да кешірім сұрады.

"Кешірім сұраймын. Алла берген сынақ. Жүрегіме өмір бақи таңба қылып салып берді. Қолыңыздан келгенше жеңіл жаза беруді сұраймын. Басқа айтарым жоқ", - деді сотталушы.

Мемлекеттік айыпталушы үш адамның өмірін қиған жол апатын абайсызда болған қылмыс деп бағалап, көлік тізгіндеген мұғалімге бес жыл сұраған еді. Істе жәбірленушілердің талап арызы болған жоқ. Бәрі де сотталушыға кешірім берді. Қылмыстық жазаны ауырлататын мән-жай сот барысында және тергеп-тексеру кезінде анықталмаған.

Сондай-ақ судья іске қатысты жеке қаулы шығарды.

"Іс бойынша Ырғыз аудандық полиция бөлімінің жауапты қызметкері тарапынан қылмыстық құқықбұзушылыққа ықпал еткен себеп пен жағдайларға қызметтік жауапсыздық фактілеріне Ақтөбе облыстық ПД бастығы назар аударсын. Тиісті шара қолданылып, қаулы жолдансын", - деді судья.

Ал екінші қабылданған қаулы Ырғыз аудандық білім бөліміне қатысты болды.

сот отырысы
Сот отырысы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Қылмыстық кодекстің 405-бабын басшылыққа алып судья қаулы етті. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша айыпталған Ж. Ш.-ға қатысты қылмыстық іс бойынша Ырғыз аудандық білім бөлімі Темірастау жалпы білім беретін мектептің жауапты қызметкері тарапынан қылмыстық құқықбұзушылыққа ықпал еткен себеп пен жағдайларға қызметтік жауапсыздық фактілеріне Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы назар аударсын. Тиісті шара қолданылып, қаулы жолдансын", - деді судья.

Еске салайық, қайғылы оқиға 2023 жылдың 19 желтоқсан күні Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында тіркелді. Пән олимпиадасына бара жатқан Жаныс би ауылының оқушылары Самара-Шымкент тас жолында жүк көлігімен соқтығысып, жол апатына ұшырады. Апаттан екі оқушы және мұғалім қаза тапты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2066817-aqtobelik-oqusylar-men-mugalim-qaza-bolgan-zol-apatyna-qatysty-is-kolik-zurgizgen-ustazga-ukim-syqty/

pixel