Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қостанайдан сатып алынған сусабын: зертхана нәтижесі қандай

Жарияланған күні:

Сусабын
Көрнекі фото: pexels.com

Бұл жолы зерттеу нысанына күнделікті үй шаруашылығында жиі пайдаланатын сабын мен ыдыс жууға арналған сұйықтықтан кейінгі орындағы сусабын (шампунь) ілікті.

Сусабын тұтынушылық өнім болып табылады, сондықтан біз Қостанай қаласынан сатып алған шаш күтіміне арналған өнімді микроскоптың астына қоюды жөн көрдік: "Happy Family" 1 литрлік сусабыны бүкіл отбасына арналған, елімізге Беларусь Республикасынан жеткізілген.

Аталмыш өнімге Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Қостанай облысы бойынша "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК филиалының аккредиттелген зертханасында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігіне кешенді зерттеулер жүргізілді. 2024 жылдың 2 шілдесіндегі №2186Т хаттамасы Кеден одағының "Парфюмерлік-косметикалық өнімдердің қауіпсіздігі туралы" 009/2011 техникалық регламентіне қатысты мынадай сәйкессіздіктерді көрсетті:

  • Өндірілген күні жоқ;
  • Таңбалау орыс тілінде ғана жазылған.

Сонымен қатар өнімге қатысты ақпараттың толық еместігі байқалады:

  • Егер өндіруші Кеден одағына мүше мемлекеттің аумағында талаптарды өзі қабылдамаса, онда өндіруші тұтынушыдан (дайындаушының немесе импорттаушының уәкілетті өкілі) талаптарды қабылдауға уәкілеттік берген ұйымның атауы мен орналасқан жері (заңды мекенжайы) туралы,
  • осы техникалық регламенттердің 2-5-қосымшаларында көрсетілген ескертулерге қатысты ақпараттарды қоса алғанда, өнімді пайдалану кезіндегі ерекше сақтық шаралары туралы (қажет болған жағдайда);
  • парфюмерлік және косметикалық өнімдердің партиясын анықтауға мүмкіндік беретін партия нөмірі немесе арнайы код туралы мәліметтер жоқ.

Техникалық регламентке сәйкес, парфюмерлік-косметикалық өнімдердің қауіпсіздік көрсеткіштерінің бірі – өнімді таңбалау болып табылады.

Сонымен қатар ҚР "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексінің 1-бабы 1-тармағының 282-тармақшасына сәйкес, халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өнімдерге: қадағалануы мен қауіпсіздігін растайтын өндірушінің (жеткізуші) құжаттарының болмауы; таңбалануы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмейтін; сондай-ақ белгісіз немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен; контрафактілік өнімдер жатады.

Аталған өнімнің бұрмалану белгілерін анықтау үшін "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі материалдарды тиісті органдарға жіберді.

Ақпараттардың мемлекеттік тілде болмауы. Қазақстан Республикасының қолданысындағы заңнаманың талаптарына сәйкес, өндірушінің атауы мен орналасқан жері, сондай-ақ Кеден одағының аумағында құрылған және уәкілетті орган берген сәйкестікті растауға қатысты ұйымның, өндірушінің орналасқан жері және атауына қатысты мәліметтер қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді болуы керек. Бұл жағдайда аталған талаптар орындалмағанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде заңбұзушылыққа жатады.

Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ал орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылатын Қазақстанда тұтынушылардың өнімдер туралы ақпаратты бір мезгілде қос тілде алуға заңды құқығы бар.

Сонымен қатар ҚР "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 25-бабы 7-тармағына сәйкес, бір тілде немесе шет тілінде берілген ақпарат – ақпарат ұсынылмаған болып саналады.

Өндірілген күнін көрсетпеу – тауардың балғындығы мен сапасын бағалаудағы маңызды рөлге нұқсан келтіреді. Мәселен, біраз уақыт бұрын жасалған сабын заттың жуғыштық тиімділігі сияқты бастапқы қасиеттерін жоғалтып, микробтық ластануға бейімділікті тудыруы ғажап емес.

Тұтынушыларға қаупі

Техникалық регламенттер мен стандарттар талаптарына қатысты анықталған барлық сәйкессіздік тұтынушылардың құқықтарын шектейді: тұтынушылардың тауарлар туралы толық және сенімді ақпарат алу құқығы – тауарды сатып алуға қатысты саналы шешім қабылдауда негіз болып табылады. Қажетті ақпараттың болмауы бұл құқықты бұзып, қауіпсіз әрі қажетті өнімдерді таңдауды қиындатады.

Сусабын
Фото: Биятан Жанна

Сарапшылар кеңесі

"МОТҚҚҚ" қоғамдық бірлестігінің сарапшысы Жанна Биятан ұсынады:

1. Өнімнің таңбалануын мұқият тексеріңіз. Барлық қажетті ақпараттың мемлекеттік және орыс тілдерінде берілгенін қадағалаңыз.

2. Өндірілген күні мен жарамдылық мерзіміне назар аударыңыз. Бұл деректер өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын анықтау үшін маңызды.

3. Қандай да бір бұзушылықтарды байқасаңыз, тиісті органдарға хабарласыңыз. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарына шағым түсіру нарықтағы сапаны бақылауды жақсартуға көмектеседі.

Қорытындылай келе, өнімді таңбалау талаптарын сақтамау тұтынушылардың құқықтарын бұзып, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Барлық қолжетімді заңдық құралдарды пайдалана отырып, мұқияттылық танытып, өз құқығыңызды қорғау маңызды.

Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.

Тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасына қатысты жүргізілген зерттеулердің нәтижелері туралы "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" тарататын ақпараттар жарнама болып табылмайды және тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүделлерін іске асыруға ықпал етеді.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ – https://www.instagram.com/ozpp.kz/

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2147871-qostanaidan-satylyp-alyngan-susabyn-zerthana-natizhesi-qandai/