Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Петропавлда дүкендердің бірінде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен сусындар сатылған

Жарияланған күні:

Газдалған сусын
Газдалған сусын. Көрнекі фото: pixabay.com

"Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беретін маңызды элемент – азық-түлік қаптамасындағы таңбалауды мұқият зерделеудің маңыздылығы туралы айтады. Өйткені онда азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты, құрамы, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары және тұтынушы денсаулығына әсер ететін басқа да аспектілер қамтылған.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
Жаңа жылда Қазақстанда әлеуметтік төлемдер қанша пайыз көтеріледі

Жақында Петропавл базарынан алынған азық-түлік өнімдерін зертханалық зерттеу кезінде көңілді алаңдататын фактілер анықталды – қалалық дүкеннен жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімдер табылды. Атап айтқанда, біз алкогольсіз, газы өте жоғары сусын – Тәжікстан Республикасында өндірілген RC Cola туралы айтып отырмыз.

Зерттеу нәтижелері бұл сусынның жарамдылық мерзімінің өтіп кеткенімен қоса, Кеден одағының "Тағамдық өнімдерді таңбалауға қатысты" 022/2011 техникалық регламентінде белгіленген талаптарды бұза отырып сатылғанын көрсетті. Барлық сәйкессіздіктер ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша "Ұлттық зерттеу орталығы" ШЖҚ РМК филиалының аккредиттелген зертханасы мамандары берген 2024 жылдың 11 шілдесіндегі № РО-24-15262/2334П зерттеу хаттамасына тіркелді.

Сусын
Газдалған сусын. Фото: Биятан Жанна

Денсаулыққа зияны: мерзімі өткен сусындар нені жасырады?

ҚР "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексіне сәйкес, қадағалануы мен қауіпсіздігін растайтын өндірушінің (өнім берушінің) өнім туралы құжаттары жоқ, сондай-ақ жарамдылық мерзімі өтіп кеткен және таңбалау талаптарына сәйкес келмейтін өнімдері нормативтік құқықтық актілердің талаптарына орай адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өнімдер болып табылады.

Мерзімі өтіп кеткен өнімдерді тұтыну денсаулыққа ауыр зардаптарын тигізуі мүмкін. RC Cola алкогольсіз сусынына қатысты айтар болсақ, жарамдылық мерзімі өткен өнімнің дәмі ғана емес, сонымен қатар қауіпсіздік өлшемдерінің де өзгеру қаупі туады. Мұндай сусындардың құрамында ыдырау процесінде пайда болатын денсаулыққа қауіпті заттар болуы мүмкін. Атап айтқанда, сусынның құрамындағы өзгерістер улану немесе аллергиялық реакцияларды тудыруы мүмкін улы заттардың немесе бактериялардың пайда болуына жол ашады.

Жарамдылық мерзімі өткенінен бөлек, бұл өнімді жан-жақты кешенді зерттеу бірнеше маңызды сәйкессіздіктерді анықтады:

1. Мемлекеттік тілдегі ақпараттың болмауы – заттаңбада "Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы" заңын және өнімді таңбалауға қойылатын талаптарды бұзатын қазақ тіліндегі ақпараттың болмауы.

2. Қаптамада ЕАС белгісі жоқ, бұл Кеден одағының КО ТР 022/2011 "Тамақ өнімдері оны таңбалау бөлігінде" техникалық регламентін бұзу болып табылады.

Айта кету керек, Еуразиялық сәйкестік белгісі (ЕАС) өнімнің қолданыстағы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес барлық қажетті зертханалық сынақтардан өткенін және адам мен қоршаған орта үшін қауіпсіз екенін растайды.

Құрамында шырын бар сусын
Фото: Биятан Жанна

Көрсетілген сусыннан басқа, "МОТҚҚҚ" ҚБ өкілі басқа да сусындарды: газдалмаған "Shanti", ирандық өндірушінің – "Apple Drink", "Mango Drink", "Orange Drink", "Pomegranate Drink" (әрқайсысы 330 мл) және ресейлік өндірушінің қатты газдалған – "Со вкусом кола", "Со вкусом кола-карамель" (әрқайссы 1,5 л) және "Маленькая принцесса ТМ "Радуга" (1,1 л) сусынын да сатып алып, Солтүстік Қазақтан облысы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК филиалына кешенді сараптамаға жіберді.

Барлық сусындар МемСТ белгілеген қауіпсіздік және улы элементтердің бар-жоғына қатысты сараптамадан сәтті өтті. Дегенмен, бұл сынамалардың барлығының да таңбаламасы ақсап тұрды. Иран сусындарының барлық сынамаларында EAC белгісі, ал "Mango" және "Orange" сусындары мемлекеттік тілде таңбаланбаған. Сол сияқты ресейлік өндірушінің де барлық сусындары мемлекеттік тілде таңбаланбаған болып шықты.

Кәсіпкерлердің жауапкершілігі: тәртіп бұзушыларға қолданылатын шара қандай?

Қазақстан Республикасының заңнамасына сай, сәйкес келмейтін өнімді өткізгені үшін жауапкершілік осындай тауарларды таратқан, өткізген сатушыға (дайындаушыға) артылады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы талаптарды, сондай-ақ адам денсаулығына зиян келтірмеген гигиеналық нормативтерді, техникалық регламенттерді бұзғаны үшін айыппұлдар және т.б. әкімшілік жазаның қосымша түрлері қарастырылған. Белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін тауарлар, соның ішінде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен болса, олар айналымнан шығарылып (сатудан алынып), жойылуға жатады.

Сатушы (дайындаушы) өнімнің конструктивті, рецепті бойынша немесе өзге де ақаулары салдарынан немесе тауар туралы толық емес, сенімсіз немесе уақтылы берілмеген ақпарат салдарынан тұтынушының өмірі мен денсаулығына келтірген зиянын толық өтеуге міндетті. Ал күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде талап қоюшы тұтынушыға зиянды өтеу туралы жауап беруге немесе тұтынушының талаптарын қанағаттандыру үшін тиісті шараларды қабылдауға міндетті.

Келтiрiлген зиянды оның кiнәсiне және тұтынушының онымен келісімшарттық қатынаста болған-болмағанына қарамастан, сатушы (дайындаушы) өтеуге жатады.

"Жарамдылық мерзімі мен таңбалау ережелерін бұзу – формальды қателік емес, бұл тұтынушы денсаулығын елемеушілік. Қауіпсіздік стандарттарын сақтамау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Кәсіпкерлердің тауардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарғаны өте маңызды", - деді тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы сарапшы Жанна Биятан.

"Тұтынушылар, қырағылық танытып, құқықтарыңызды қорғаудан қорықпаңыздар. Өйткені, бірлескен күш-жігер арқылы ғана нарықтағы тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ете аламыз", - дегенді қоса айтты ол.

Адам құқықтары жөніндегі сарапшының тұтынушыларға арналған ұсынымдары:

1. Сатып алу алдында өнімнің қаптамасындағы жарамдылық мерзімін мұқият тексеріңіз.

2. Қаптамадағы өнім туралы ақпаратты, оның ішінде мемлекеттік тілдегі ақпараттың бар-жоғын қараңыз.

3. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен немесе дұрыс емес таңбаланған өнімдерді тапсаңыз, сәйкессіздіктер туралы тиісті органдарға хабарлаңыз.

Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.

Тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) сапасын зерттеу нәтижелері туралы "МОТҚҚҚ" ҚБ таратқан ақпараттар жарнама болып табылмайды және тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға ықпал етеді.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ – https://www.instagram.com/ozpp.kz/

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2148513-petropavlda-dukenderding-birinde-zharamdylyq-merzimi-otip-ketken-susyndar-satylgan/