Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Талдықорғанда құрамы жазылмаған ірімшік анықталды

Жарияланған күні:

Ірімшік
Көрнекі фото: pixabay.com

Талдықорғандағы аккредиттелген сараптама орталығы Ser Jantar ірімшігінің сәйкессіздігін анықтады. Бұл туралы тұтынушылар құқықтарын қорғаушы Жанна Биятан айтты.

Өнімде ауыр металл тұздарының барлық түрлерінің табылмағаны көңіл көншітетіндей, дегенмен Кеден одағының "Тағамдық өнімдерді таңбалауға қатысты" 022/2011 техникалық регламентіне сәйкестігіне кешенді зерттеудің 2024 жылдың 11 шілдесіндегі № 1141/4955/PO2400623 хаттамасына сәйкес, өнімнің жарамдылық мерзімі мен жасалған күні көрсетілмегені анықталды.

Сонымен қатар таңбалануда:

  • тамақ өнімдерінің құрамы туралы;
  • тамақ өнімдерін сақтау шарттары туралы;
  • ЕАС тауар айналымының бірыңғай белгісі туралы ақпараттар қамтылмаған.

Сондай-ақ орыс және мемлекеттік тілде таңбалама жоқ.

"Таңбаламасына қарап, өнім фальсификат болып табылады деп болжауға негіз бар", - дейді Жанна Үрметханқызы.

Аталған факті бойынша шара қолдану үшін материалдар тиісті органдарға жолданды.

Ірімшік
Фото: Биятан Жанна

"Әрбір өнімнің сәйкестік декларациясы түріндегі өз куәлігі болуы тиіс. Және де ол жай ғана қағаз, "шатпақ құжат" емес – ол өнімнің техникалық регламентке сәйкес сынақтың барлық түрлерінен өткенін растайтын құжат", - деп атап өтті заңгер Жанна Үрметханқызы.

Тұтынушылардың назарына

Сәйкестік туралы декларация келесі мағлұматтарды қамтуы тиіс:

  1. Өтінім берушінің атауы мен орналасқан жері;
  2. Өндірушінің атауы және орналасқан жері;
  3. Сәйкестігі расталатын объект туралы осы объектті сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтер;
  4. Талаптарға сәйкестігі расталатын жекелеген тамақ өнімдері түрлеріне арналған техникалық регламенттің атауы;
  5. Өтінім берушінің тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы мәлімдемесі;
  6. Өткiзiлген зерттеулер (сынақтар) мен өлшемдер, сондай-ақ тамақ өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiне арналған техникалық регламенттердің талаптарына тамақ өнiмiнiң сәйкестiгiн растауға негiз болған құжаттар туралы мәлiметтер.

Сонымен қатар бір тілде немесе шет тілінде берілген ақпарат – ақпарат ұсынылмаған болып саналады ҚР "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 25-бабы 7-тармағы.

Кәсіпкерлер нені білуі керек?

Өндіруші өнімді айналымға шығарған кезде ол туралы толық, қажетті, анық түсінілетін әрі сенімді ақпаратты, оның құрамына, қасиеттеріне, тағайындалуына қатысты тұтынушылардың жаңылысуын тудырмайтын, сондай-ақ өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін тікелей немесе жанама түрде сипаттап, оны дұрыс таңдау мүмкіндігін қамтамасыз ететін өзге де ақпаратты беруге міндетті.

Оның үстіне, заңнамада тұтынушыларды өнімнің құрамы мен қасиеттері және арналымына қатысты жаңылыстыруға жол бермейтін ақпаратты қоса, ол туралы толық, қажетті, анық түсінікті әрі сенімді ақпаратпен, сондай-ақ өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін тікелей немесе жанама түрде сипаттайтын және оны дұрыс таңдауды қамтамасыз ететін өзге де мәліметтерді бермей, тауарды айналымға шығарған сатушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген.

Қауіпті және сапасы сай келмейтін тауар сатып алған тұтынушылар нені білуге тиіс?

Қазақстанның заңнамасына сәйкес, сатушы өзі өткізетін тауардың сапасы мен қауіпсіздігі үшін жауап береді.

Егер тауар қауіпті және сапасыз болып шықса, тұтынушы тауарды айырбастау немесе қайтару туралы талаппен сатушыға жүгінуге, сондай-ақ тауарды сатып алу салдарынан өзіне келтірілген залалдың орнын толтыруды талап етуге құқылы.

Өнімнің сапаға сәйкес келмеуі – сату-сатып алу шартының талаптарына сәйкес келмейтін, оны мақсатына сәйкес пайдалануға қажетті қасиеттері жоқ немесе жалпы қабылданған талаптар мен стандарттарға сәйкес келмейтін өнім.

Қауіпті өнім – тауардың қадағалануын, қауіпсіздігін растайтын өндіруші (өнім беруші) тарапынан берілетін құжаттары жоқ немесе таңбаламасы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмейтін тауар, жарамдылық мерзімі белгісіз немесе өтіп кеткен өнім, сондай-ақ фальсификатталған (жасанды) өнім.

Тұтынушы құқықтарын бұзушылық туралы қайда шағымдануға болады?

Бүгінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ең қолайлы сервис ретінде https://eotinish.kz/ сайтын атауға болады, осы сайт арқылы тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі тиісті органға шағымды оңай беруге болады

Сондай-ақ тұтынушылардың мәселелерін шешу жолында белсенді жұмыс атқарып жүрген тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұйымдарына жүгінуге де болады.

Тұтынушыларға кеңес!

  1. Қаптаманы тексеріңіз: қаптамада өнімнің жарамдылық мерзімін, құрамын және сақтау шарттарын қоса алғанда, барлық қажетті ақпарат бар екеніне көз жеткізіңіз;
  2. Жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді сатып алмаңыз: мұндай өнімдерді тұтыну денсаулыққа елеулі проблемалар тудыруы мүмкін;
  3. Мемлекеттік тілде ақпарат берілуін талап етіңіз: ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін барлық өнімдердің қаптамасында орыс және қазақ тілдерінде ақпарат болуы тиіс;
  4. Фискальдық чекті талап етіңіз. Ол сапасыз, қауіпті тауарларды қайтаруға немесе залалдың орнын толтыруға көмектеседі.

Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.

Тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) сапасын зерттеу нәтижелері туралы "МОТҚҚҚ" ҚБ таратқан ақпараттар жарнама болып табылмайды және тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға ықпал етеді.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ – https://www.instagram.com/ozpp.kz/ сілтемесі арқылы хабарласуға болатынын ескертеміз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2148531-taldyqorganda-quramy-zhazylmagan-irimshik-anyqtaldy/