Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жалғыз менің еңбегім емес": көктемде ауылын тасқын судан құтқарып, Тоқаевтан орден алған тракторшы сұқбат берді

Жарияланған күні:

Бейбіт Шалимов
Бейбіт Шалимов. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысында көктемде Мағаджан су қоймасы жарылған кезде шағын ауылдың тұрғыны, тракторшы Бейбіт Шалимов көшенің ортасынан арық қазып, ауылын аман алып қалды. Бұл ерлігі үшін 52 жастағы азамат маусым айында Астанаға шақырылып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденін алды. KAZ.NUR.KZ тілшісі көктемде су алып кете жаздаған ауылға барып, бүгінгі жағдайын көріп қайтты.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Ақтөбе облысының Бесқоспа ауылының тұрғыны, тракторшы Бейбіт Шалимов көктемде Мағаджан су қоймасы жарылған кезде ауылын су тасқынынан құтқарып қалды.
  • 52 жастағы Бейбіт Шалимов ауыл тұрғындарымен бірге көшенің ортасынан арық қазып, суды бұрып жіберді, осы ерлігі үшін ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденін алды.
  • Бесқоспа ауылының тұрғындары Бейбіт Шалимовтың ерлігін мақтан етіп, енді Мағаджан су қоймасын қалпына келтіруді сұрайды.
Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
140 мың қадам: Астана тұрғыны бір тәулікте 105 шақырым жаяу жүрді

52 жастағы Бейбіт Шалимов Ақтөбе облысы Алға ауданы Бесқоспа ауылының тұрғыны. Төрт ай бұрын көлемі 15,8 млн текше метр болатын Мағаджан бөгеті жарылғанда тасыған су тура осы Бесқоспа ауылының үстімен өтті. Сол кезде 10 жасынан техника тілін меңгерген механик Бейбіт Шалимов ауылын қарғын судан аман алып қалды. Ел аузында жүрген азамат ауыл тұрғындарының ауызбіршілігінің арқасында ауылды құтқарып қалу мүмкін болғанын айтады.

Бесқоспа ауылы
Бесқоспа ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Қазір айтсақ адам сенбейді. Көктемде ауылдың айналасын бекітіп, бөгеттер жасадық. Бірақ су қоймасы жарылғанда су ауылға тура кірді. Ойланып тұратын уақыт болған жоқ. Екі көшенің ортасын қырып, арық қылып ағызып жібердік. Басында шет жағынан бөгедік. Көнбеді. Себебі судың қарқыны үлкен. Осылай көшенің ортасынан арық қазып, ауылымызды құтқарып қалдық. Бұл жалғыз менің еңбегім емес. Ауылдың бәрі шықты. Аудан әкімнің өзі күрекпен жүрді. Ол кісі үш күн бойы ұйықтаған жоқ. Бөгет жасау, бала-шағаны қауіпсіз жерге көшіру кезінде де жүрді. Осы жұмыстардың тез ұйымдастырылғаны да сол кісінің ауылға келгенінен. Абырой болғанда техника ауылда болды. Ол техниканың иесі мен емес. Ауданда тұрады, мен жүргіземін", - дейді тракторшы.

Ол Алға ауданына қарасты "Рамазан" ЖШС-де механик болып істейді. Қыста техникамен ауылдың жолын ашуға да көмектеседі.

Бейбіт Шалимов маусым айында Астанада өткен президенттің еріктілер мен құтқарушыларды марапаттау шарасына қатысып қайтты.

"Президенттің алдына барып, көзбе-көз көріп мәз болып қайттық. Жеті қыздың ішіндегі жалғыз баламын. Өзімнің бес балам бар. Әкем бала күнімнен техникаға үйреткен. К-700, тракторды да өзім жөндей беремін. Жалғыз өзім тау қопарған жоқпын. Ауылдың азаматтарының бәрі шықты", - дейді Бейбіт Шалимов.

Бейбіт Шалимов
Бейбіт Шалимов. Фото: жеке мұрағатынан

45 жылдан бері осы ауылда тұратын Күләш Қадірова да су тасқыны кезінде тракторшы Бейбіт Шалимовтың ерлігін ерекше айтты.

"От пен су тілсіз жау деген сөздің жаны бар. Біз биыл соны көзімізбен көрдік. Дамбы жарылып, су ауылға қарай келді. Цунами сияқты болып келген сары суға қарап тұрдық. Бөрене, теректерді жұлып, ағызып кетті. Өзім осы ауылда 45 жылдан бері тұрамын. Бұрын биылғыдай су келгенін көрген емеспіз. Абырой болғанда су күндіз келді. Бейбіт деген азаматтың арық қазғанының арқасында үйлерге су кірген жоқ. Ауылда бір апта жарық өшті. Аудан әкімнің әрекетін ауыл тұрғындары әлі күнге айтып жүр. Ол ауылды сын сағаттан алып шықты. Үш күн бойы осы ауылда жүріп, әр аулаға кірді. Халықтың жағдайын жасады. Осындай жас балалардың әрекеті ішіңді жылытады. Апат енді болмасын. Ауыл жастары ұйымшыл. Бәрі көмектесті", - деді ауыл тұрғыны Күләш Қадірова.

ауыл тұрғыны
Күләш Қадірова. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бейбіт Шалимовтың әрекетін басқа тұрғындар да мақтан етіп айтып жүр. Олар енді жарылған су қоймасын қалпына келтіруді сұрайды.

"Су екі көшеден құйылғанда әп-сәтте К-700 күрегімен екі көшеден арық қазып өтті. Бір емес, бірнеше ауылды алып кететін су келді. Екпіні қатты болды. Бейбіт деген ауылдасымыз осы жерде жүрді. Оның еңбегі зор. Су жарты сағатта келді. Тез арада көшенің ортасын қазып өтті. Аудан әкімінің бұл шешімі өте орынды болды. Аққан су ауылға қамыс, темір-терсек толтырды. Қазір бәрін тазарттық. Енді бізге Мағаджан су қоймасын қалыпқа келтіріп берсе екен", - деді Бесқоспа ауылының тұрғыны Мақсат Айтжанов.

ауыл тұрғыны
Мақсат Айтжанов. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бесқоспа ауылында 92 түтін бар. 450 адам тұрады. Биыл көктемгі тасқын кезінде 14 аулаға су кіріп, қорадағы жем-шөпті ағызып кетті. Зардап шеккендер 100 АЕК көлемінде көмек алды.

"Сол кезде бір күн бұрын дабыл қағылды. Алға ауданы мен Бестамақ ауылдық округінің әкімдері және аудандық ТЖБ басшысы су қоймасының басына барып, жағдайдың ушыққанын көрді. Бесқоспа ауылы төменде тұрған ауыл. 5 сәуірде сағат 05:00 шамасында бөгеттің бұзылғаны туралы ақпарат жетті. Ер азаматтар ауылда қалды. Бәрі де қолдарына күрек алып қапшықпен бөгет жасады. Ауылға су келді. Қас-қағым сәт. Жарты сағатта көшені қазып шықты. Тек 14 аулаға ғана су кірді",- деді Бестамақ ауылдық округі әкімдігінің жетекші маманы Парасат Жолдығара.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2149353-zhalgyz-mening-engbegim-emes-koktemde-auylyn-tasygan-sudan-qutqaryp-toqaevtan-orden-algan-traktorshy-suqbat-berdi/