Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жерді мемлекет берген": Шымкентте Өзбекстаннан көшіп келген қандастардың үйі сүріліп жатыр

Жарияланған күні:

Маржангүл
Шымкент тұрғыны Маржангүл Елшібаева. Фото: KAZ.NUR.KZ

Шымкентте Өзбекстаннан көшіп келген қандастардың үйі сүріліп жатыр. "Асар" бағдарламасымен 20 жыл бұрын атамекенге оралған отбасылар сол кезде мемлекеттен жер телімдерін алғанын айтады. Сөйтіп шаһардағы Шаңырақ шағын ауданына табан тіреген. Араға 10-15 жыл салып мемлекет берген жердің екінші қожайындары пайда болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Зейнеткер Маржангүл Елшібаеваның атамекенге оралғанына 20 жыл. Содан бері Шаңырақ шағын ауданында тұратын көпбалалы ананың үйін сот орындаушылары екі жыл бұрын бұзып кеткен. Етегі жасқа толған ананың енді ғана отау құрған балалары далада қалыпты.

сүрілген үй
Сүрілген үйдің орыны. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Осы жерде екі бөлмелі үйім бар еді. Жағдайымның келгені сол болды. Келінімнің аяғы ауыр кезде бұзамыз деп талай келген. Үлкен жанжалмен тоқтаттық. Бірақ келінім босануға кетіп, бәріміз абыр-сабыр болып жүргенде сүріп тастапты. Ішіндегі дүние-мүліктің барлығы кетті. Уақытша шешіммен қолымызда құжат түгел еді. Тек соңғы құжатты реттейміз деп жүргенде талай жылдан бері төбесін көрсетпеген біреу пайда болып, жерімізге таласты. Не істерімді білмеймін", - дейді Маржангүл Елшібаева.

Өзбекстаннан көшіп келерде мұндай жағдайға тап боламын деп ойламаған тұрғынның бірі Әбіләкім Айтқұлов. Ол 2016 жылдан бері жер телімінің тағы бір иесі пайда болғанын айтты.

"2016 жылы Асанова деген кісінің сенімді өкілімін деп Бекжан Оспанов деген жігіт келді. Бұл жер менікі дейді. Қолындағы құжатты көрсем 326-шы нөмір екен. Ал менің жерім 226-шы. Шудың бәрі сол кезден басталды. Жұмысқа кетсем, келіп бала-шағамды корқытады. Үнемі 5-6 адам болып жүреді. Сөйтіп жүргенде жердің өзім өмірде көрмеген екінші қожайыны сотқа берді. Ал мен жер қатынастарында істейтіндерге сенімхат беріп, құжатымның түпнұсқасын жоғалтып алдым. Бірер апта бұрын сот орындаушыларымен келіп, үйді сүреміз деді. Қазір менде денсаулық жоқ. Уайымнан аяқ-қолым тартылып, дірілдейтін болған. Бар өтінішім үйім бұзылмасын. Қазақ құстың үйін де бұзбайды ғой. Кімге барып айтатынымды білмеймін" дейді Әбіләкім Айтқұлов.

Шымкент тұрғыны
Шымкент тұрғыны. Фото: KAZ.NUR.KZ

Жасы қырыққа таяған қандас Ақжол Өтебаев та күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылғанына бір апта болды. Екі жыл бұрын пайда болған әлдебіреу жігіт ағасының жерін меншігім деп даулап, сотқа беріпті. Сөйтіп құжатында қателік болса да жеңіп шыққанына налып отыр.

"Әулетімізбен Өзбекстаннан атамекенге оралдық. Бұл жерді мемлекет ағама берген. Одан мен сатып алдым. Маңдай теріммен 2021 жылы екі бөлмелі үй тұрғыздық. Соны аяқтап жатқанда Тимур Ешмұратов деген кісі пайда болды. Жерді даулап, сотқа берді. Екеуміздің қолымыздағы құжат түгел болғанымен, ондағы шешімнің нөмірі жоқ болып шықты. Соған қарамастан сотта жеңіске жетті. Енді кеше "Үйді босатпасаң сүреміз" деп хабарлама жазып жіберіпті", - дейді Ақжол Өтебаев.

Атамекенге қоныс аударған қандастар қазір мемлекет берген жерге өздері соққан баспананы сақтап қалу үшін арпалысып жүр. Алайда оған араша түскен жергілікті билік өкілдерін көрмедік дейді олар. Солардың бірі – қандастар көшін бастап келген Оңғар Кенжеев.

"Бұл жерде сыбайлас жемқорлық бар деп ойлаймын. Қазір 22 үй даулы болып тұр. Оның біразының орнын ауыстырып, алтауы қалды. Сайрам ауданы кадастр бөлімі бір шешіммен үш мемлекеттік акт берген. Сот қаладан берген қаулыларды заңсыз деп танып жатыр. Сөйтіп, ұрыс-талас осыдан болып жатыр", - дейді Оңғар Кенжеев.

Далада қаламыз ба деп үрейленген Шаңырақ шағын ауданынының тұрғындары арызын айтып Шымкенттегі жер қатынастары басқармасының басшысына барды. Шенеуніктер мәселені енді ғана естіп, тексеріске кірісеміз деп отыр.

"Мен толық нақты қанша отбасына жер берілгенін білмеймін. Бірақ сол кездегі Сайрам ауданы мен Шымкент қаласының шекарасында осы аудан құрылды. Шымкент қаласынан Шаңырақ деген мөлек аудан құрылды. Сайрам ауданынан Тұрдабат деген елдімекен құрылды. Сол шекара дұрыс бөлінбеуі кесіренен осындай жағдайға алып келіп отыр. Сайрам ауданы біздің жер деп өз шешімімен табыстаған. Шымкент біздің жер деп өзінің шешімімен табыстаған", - дейді Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы.

Автор: Назерке Еркінбекқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2149941-zherdi-memleket-bergen-shymkentte-ozbekstannan-koship-kelgen-qandastardyng-uii-surilip-zhatyr-foto/