"Қосымша табыс табу керек": ақтөбелік келіншек алты айлық баласын ертіп алып, тоқаш сатып жүр
Жарияланған күні:
Ақтөбеде 33 жастағы төрт баланың анасы мемлекеттен грант алып, кәсіп бастады. Гүлбану Нұрдәулетова арбадағы баласын сүйреп, өзі пісірген тәттілерді сатады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бүгін Ақтөбеде мемлекеттік грант ұтып, өз кәсібін бастаған жас кәсіпкерлердің жәрмеңкесі өтті. Солардың ішінде арбадағы баласымен жәрмеңкеге шыққан Гүлбану Нұрдәулетова да бар.
"Төрт балам бар. Үйде баламен отырған анамын. Қосымша ақша табу керек болды. Осылайша самса, түрлі тоқаш пісіріп сатуды бастап кеттім. Негізінен туыстарыма, таныстарыма, көршілеріме сатамын. Балаларды ұйықтатып, бәрін түнгі уақытта әзірлеймін. Себебі күндіз балаға алаңдайсың. Кішкентайым алты айлық. Қасымда алып жүрмін. Жеткізуге барғанда баламмен жүремін. Тастап кететін адам жоқ. Жолдасым такси жүргізеді. Дайындағандарымнан шамамен айына 120 мың теңге азғантай табыс кіреді. Тапсырысты үлгергенімше аламын. Келесі жылы бұйырса балам өседі. Сол кезде кәсіпті дамытып, асхана ашу ойымда бар", - дейді келіншек.
Ол биыл кәсіп бастауға арналған 1,4 млн теңге қайтарымсыз грант алды. Сол ақшаға мұздатқыш, салқындатқыш, пеш, ас үй машинасын, пісіруге арналған түрлі аспап сатып алғанын айтады.
Қазір бауырдан торт, кәуап самса, тәтті тоқаштар, манты, тауық орамасын әзірлеп жүр.
"Қазір жұмыс істеймін деген адамға кедергі жоқ. Мүмкіндік көп. Үйде отырып та ақша табуға болады. Мемлекетке бұл жерде реніш жоқ. Қарапайым адам ретінде сол қолдауды көріп жатырмыз. Қазір түрлі әлеуметтік желі арқылы курстар алуға болады. Мен де сондай курстардың бірінен торт пісіріп үйрендім. Өзім Ақтаудың қызымын. Анамның асханасы бар. Студент кезімізден сол жерде жұмыс істедік. Көп нәрсені сол жерден үйрендім", - дейді жас кәсіпкер.
Ақтөбе облыстық әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өкілінің айтуынша, Ақтөбе облысында 50 кәсіпкер қайтарымсыз грант ұтып, қолдауға ие болған. Сонымен қатар жәрмеңкеге өңірдегі 60 жұмыс беруші 300-ге жуық бос жұмыс орындар ұсынды.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2150037-qosymsha-tabys-tabu-kerek-aqtobelik-kelinshek-alty-ailyq-balasyn-ertip-alyp-toqash-satyp-zhur/