Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тек ҰБТ-ға дайындап, қалған сабақтарды жауып береді": жекеменшік мектептер білім сапасына қалай әсер етіп жатыр

Жарияланған күні:

Мектеп сыныбы
Мектептегі сынып: freepik.com

Соңғы кездері ҰБТ-ға дайындықты ойлаған ата-аналар мен оқушылардың таңдауы жекеменшік мектептерге жиі түсіп жүр. Қоғамда мұндай білім ордалары тестке дайындауға басымдық бергенімен, базалық пәндер назардан тыс қалып жатыр деген пікір бар. Нәтижесінде оқушылар ҰБТ-ға дайын болғанымен, жан-жақты білім алудан шет қалып жатқан жоқ па? Бұл сұраққа KAZ.NUR.KZ тілшісі жауап іздеп көрді.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Жекеменшік мектептердің көбеюіне қарамастан, білім сапасы әлі де төмен деңгейде қалып отыр.
  • Кей жекеменшік мектептер тек ҰБТ-ға дайындауға баса назар аударып, басқа пәндерді назардан тыс қалдырады.
  • Білім сарапшылары жекеменшік мектептердің жұмысын бақылау және олардың сапасын арттыру қажеттігін айтады.

Күз жақындаған сайын 10 сынып оқушылары мен олардың ата-аналары оқуды қайда жалғастыратынына бас қатырады. Мемлекеттік мектеп пе, әлде жеке мектепке ауысқан дұрыс па? Себебі алда Ұлттық Бірыңғай тестілеу келе жатыр. Сондықтан басты фокусы ҰБТ дайындығына қойылған жеке мектептер қазір сұранысқа ие. Мұндай білім ордалары құжат күйінде барлық пәнді оқытып жатқанымен, оқушылардың айтуынша, тек таңдау пәндеріне зейін қойылады. Ал қалған сабақтарды жабу оңай. Сонда жеке мектептер білім сапасын арттырып жатыр ма? Әлде балаларға жалпы базалық білім беруден бас тартып отыр ма?

Осы уақытқа дейін мемлекеттік мектепте оқыған Айдана (аты-жөні өзгертілген - ред.ескертпесі) қазір жекеменшік мектепте білім алып жатыр. Өйткені кәдімгі мектепте білім бағдарламасындағы бүкіл сабақты оқытады. Бірақ ол мектеп беретін біліммен ғана тесттен жоғары нәтиже аларына сенбейді. Сондықтан тағы қосымша курстарға міндетті түрде жазылу керек дейді. Мұның бәрін мойнына ауыр жүк санаған Айдана жеке мектепке ауысып кеткен. Есесіне қазір тек тестілеудегі таңдау пәндеріне көңіл бөледі. Ол тоқсан сайын таңдаған екі сабақтан тест тапсырады. Ал қалған пәндерден бұрынғы бағалары автоматты түрде қойылып тұрады, тек жылдың соңында презентация қорғаса болғаны.

"Мына мектепте тек ҰБТ-ға ғана көңіл бөлесің. Басқа сабақтармен басың қатты ауырмайды. Мүмкін жай мектепте білім жақсы шығар. Бірақ ол жақта сабақ оқып, дайындыққа бөлек зейін қою керек. Ал жеке меншікте сабақ кестесі бес күн болса, осы күндерде тек тарих ағай мен ағылшын апайдың бетін көріп өтеміз", - дейді ол.

Бірақ оқушы үйренгенін біртіндеп ұмыта бастаған. Жылдың басында бұл туралы ойламағанымен, қазір басқа пәндердегі білімнің керегін түсінген. Мысалы биологияны өз ағзаңмен танысу үшін білген жөн дейді. Алайда сыныбындағы кей оқушылар бүйрек пен бауырды шатастырады екен. Осыны көрген Айдана бір сәт ойланып қалдым дейді.

"Маған негізі мұнда бәрі ұнайды. Бірақ мен көп нәрсені ұмытып қалдым. Есептеу, оның ішінде, химия, физика есімде көп жоқ сияқты. Жылдың басында бұл туралы ойланбайтын едім. Бірақ қазір ойлап қарасам, басқа пәндер де керек екен", - дейді оқушы.

Білім саласын зерттеуші Айнұр Әбдіғаниева талқылап отырған жағдай 10-11 сыныптарға арналған жоғары мектептерде екенін айтады. Оның сөзінше, мұндай тенденция – дұрыс емес. Бірақ бүгінгі білім беру саласы осындай жүйені өзі талап етіп тұр дейді.

"Негізі бұл дұрыс емес, оқушылар стандарттық жүйедегі пәндердің бәрін үйренуі керек. Ал тестілеуге бөлек көңіл бөлінуі керек. Бірақ қазіргі білім беру саласындағы тенденция осыны талап етіп тұрғандай. Ал жеке меншік мектептен сұранысқа қарай ұсыныс жасап отыр. Баланың мемлекеттік мектепте барлық пәнді бірдей оқыды деген күннің өзінде, оларды сапалы меңгеріп шығуы көп мектептерде күмәнді. Оған білім сапасы себеп. Сондықтан олар не ҰБТ пәндерін білмей, не басқа пәндерді жарытып оқымай қалудан қорқып жеке меншік мектепке баруға тырысады", - дейді маман.

Айдананың анасы Таңшолпан да дәл осы себеппен қызын жекеменшік мектепке ауыстырған. Анасы тестілеуде жоқ сабақтарды қызы ұмытып қалады деп үрейленбейді.

"Балам басқа сабақтарды ұмытып қалады деп қорықпаймын. Оны негізі дұрыс оқытпайтын да сияқты. ҰБТ-ға дайындалып жүргеніне рақмет айтамын. Ал мұнда баланы қадағалап отырады. Қай уақытта барып, қай уақытта келгенін де айтып отырады. Өздері алып қалып, терең дайындайды", - дейді ата-ана.

Зерттеуші Айнұр Әбдіғаниева үшін жекеменшік оқу орындарының көбейгені – дұрыс тенденция. Оның сөзінше, қазір мемлекет түгелдей сапалы біліммен қамтамасыз етуге қауқарлы емес. Ал жеке мектептер бәсекелестікте дамитын болса, бұл жақсы білім бере алатын мектептердің санын арттырады. Солай сапалы білім алатын жастар да көбейеді дейді маман.

"Тағы бір артықшылығы – бұл мектептер жай ашылмай, әрқайсысы өздерінше бір жаңашылдықпен келуге тырысады. Яғни әдіс-тәсілдерін алғашқы боп өздерінде сынап көреді. Жұмыс істейтін механизм болса, “сингапур математикасы” әдісі сияқты бүкіл елге тарап, қолданысқа енеді" , - деді зерттеуші.

Мұғалім Аяулым Ерболқызы мұндай мәселе тек жекеменшік мектепте емес, бүкіл білім орнында бар екенін айтады. Әрі тестілеу 140 баллдық жүйеге ауысқаннан кейін проблема ушыға түскен. Оның сөзінше, оқушылар соңғы жылда таңдау пәніне ғана көңіл бөліп, қалған сабақтардан алу керек функционалдық сауаттылықтан ажырап бара жатыр.

"Бұл жағдай – шын. Жекеменшік мектеп, лицей, жай орта мектеп, яғни барлық жерде 11 сыныптар ҰБТ-ға дайындалсын деп басқа пәндерге салғырт қарайды. Қателеспесем, жүйе бойынша 18 пән оқытылуы керек. Алайда соның тек 4-5-і оқытылады. Бұрынғы ҰБТ жүйесінде базалық қазақ тілі, математика, орыс тілі сияқты пәндер тапсыру міндеттелетін. Қазір ондай міндеттемелер азайғандықтан оқушылардың сауаты төмендеп жатыр", - дейді ол.

Ұстаз базалық пәндердің кез келген мамандыққа пайдасы бар екенін алға тартты. Әрі көп мұғалім өз сабағында оқушылардың таңдау пәніне дайындалуға рұқсат етеді екен. Аяулым Ерболқызы мұны да салғырттық дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2150464-tek-ubt-ga-daiyndap-qalgan-sabaqtardy-zhauyp-beredi-zhekemenshik-mektepter-bilim-sapasyna-qalai-aser-etip-zhatyr/