Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"36 адамға екеу-ақ": Ақтөбе облысында ерекше қорғалатын аймақты қарайтын орманшыларда көлік тапшы (фото)

Жарияланған күні:

Кәмшат Ермағамбетов
Мекеме қызметкерлері. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысындағы 57 мыңнан аса гектар аумақты алып жатқан Орқаш орманының 36 қызметкерінде екі-ақ автокөлік бар. Жеке кәсіпкердің ғимаратын уақытша паналаған орманшылардың өз кеңсесі де жоқ. Олар өзін толғандырған мәселелерін KAZ.NUR.KZ тілшісіне айтып берді.

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қаракөл ауылындағы Орқаш орманының табиғаты ерекше. Мұнда 300-ден аса өсімдік түрі бар. Оның 32-і сирек кездесетін өсімдік түрі. Орманшылардың айтуынша, еліміздің "Қызыл кітабына" енген дөңгелек жапырақты күнбағыс пен мұз дәуірінен қалған папоротник тұқымдас өсімдік осы Орқаш орманы, Алтай тауларының бөктерінде кездеседі.

Орқаш
Орқаш орманы. Фото: KAZ.NUR.KZ

2023 жылы Темір орман шаруашылығынан бөлініп, мемлекеттік тіркеуден өткен жас мекеме 1,5 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Оған Орқаш және Құмжарған-Көкжиде ерекше қорғалған аумақтары кіреді. Мекемеде 36 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 14 орман күзетшісі, 3 орман шебері бар. Орманшылар, көлік жүргізушілер бар.

Кәмшат Ермағамбетов
Кәмшат Ермағамбетов. Фото: KAZ.NUR.KZ

"1,5 жыл ішінде отыз шақты адамды қызметке алдық. Жұмыс кеңсесі жоқ. Ауылда жеке кәсіпкердің ғимаратында уақытша отырмыз. Машина, трактор шеберханасы жоқ. Автокөліктер жетіспейді. Алты трактор бар. Одан мәселе жоқ. Керісінше, трактор жүргізушілері жетіспейді. Автокөлік керек. Бір Lada Priora мен "Нива" ғана бар. 36 адамға екі машина. Көлік тапшы. Қаржыландыру жылдың басында жоспарланды. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Кеңсе жабдықтарының өзі әлі алынған жоқ. Қаржыландыру нашар. Біздің салаға көп көңіл бөлінбейді", - дейді Орқаш орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры Кәмшат Ермағамбетов.

Бұл жаққа Көкжиде жерасты суы жақын болғандықтан ағаштар да, өсімдіктер де көгеріп тұр. Қарағай, аққайың, терек, жиде, қарағаш талдары өседі. Орманға Мұғалжар тауы жақын болғандықтан қабан, елік, қоян, түлкі, қасқыр сияқты жануарларды кезіктіруге болады. Көктем мен күзде орман аумағынан бұлан өтеді.

Орқаш
Ерекше қорғалатын аймақ. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қазіргі уақытта Қаракөл ауылында өрт сөндіру бекеті салынып жатыр. Жоспар бойынша биыл жыл соңына дейін пайдалануға берілуі керек.

"Семейде болған өрттен кейін ауылға бекет қойды. Орманшылар "Нива" көлігімен кезекшілікке шығады. Бүгінге дейін өрт сөндіретін арнайы техника жоқ. Өрт сөндірушілер 60 шақырым жердегі Қандыағаштың өзінен келуі керек. Негізі орманда өрт болмайды, өрт сырттан келеді. Орман күзетшілері күні-түні күзетеді. Әрине арнайы техникалармен жабдықталуын күтеміз", - дейді Ермағамбетов.

Ерекше қорғалатын аймақ
Ерекше қорғалатын аймақ. Фото: KAZ.NUR.KZ

Табиғаты әсем Орқаш орманына адамдарға кіруге, демалуға рұқсат етілген. Орманшылар соңғы кезде облыс аумағынан келетіндердің көбейгенін айтады.

орман
Ерекше қорғалатын аймақта қойылған қазан-ошақ. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Болашақта қызмет көрсету орнын ашу ойда бар. Қызығып, ұсыныс жасайтындар жоқ емес. Ағаш үй тігіп, саумал ішетін орын ашуға ұсыныстар түсті. Орқаш орманында тұзды көл бар. Жазда адамдар көп келеді. Қазір қазан-ошақты дайындап қойдық. Қасына қураған ағаштар жинаулы тұр. Адамдар келгенде орманды бүлдірмес үшін жасалды", - дейді Ермағамбетов.

Автор: Ардақ Ерубаева

Кәмшат Ермағамбетов
Кәмшат Ермағамбетов. Фото: KAZ.NUR.KZ

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2150703-36-adamga-eki-aq-kolik-aqtobe-oblysynda-erekshe-qorgalatyn-aimaqty-qaraityn-ormanshylarda-kolik-tapshy-foto/