"Жауап керек": Қаскелеңде мұғалімдерден ақша жинап, мектепті жөндетіп жатқаны рас па
Жарияланған күні:
Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласы С.Керімбеков атындағы орта мектебінің мұғалімдері мектепті жөндеу жұмыстарына өз қалтасынан ақша шығарып жатқанын айтып шағымданды деген видео жарияланды. Желіде жария болған видеоны оқырман "Жауап керек" жобасының аясында редакцияға жолдады. KAZ.NUR.KZ тілшісі Алматы облысы білім басқармасынан бұл жағдайдың анық-қанығын білді.
Алматы облысы Қарасай ауданындағы (Қаскелең қаласы) С.Керімбеков атындағы орта мектебінің мұғалімдері Instagram желісіндегі Adal Adam парақшасына видео мен хат жолдаған.
"Мұғалімдер 100 мыңға ағасын-көкесін, танысын жалдап, жөндеу жұмысын жасатып жатыр. Енді еденге "бояу" аласындар деді. Қазір келсеңіздер, ремонт жасап жатырмыз", - деп жазылған хатта.
Сондай-ақ олар "директор мен орынбасарлары кафе-ресторанға барса, оның ақшасын да мұғалімдер төлеп береді дейді. Бұдан бөлек, "қандай жұмыс үшін жалақы алып отырғанын білмейтіндерін, өйткені айлық бойынша түбіртек ала алмайтындарын" айтып мұңын шақты. Алайда мұғалімдер ашық шағымдануға қорқатындарын, біліп қойса, жұмыстан шығарып жібере ме деп алаңдайтындарын жасырмаған.
Ал Алматы облыстық білім басқармасы өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"2024 жылдың 14 тамызында Аdal_adam.kz парақшасына аталған мектепті жөндеу туралы хат пен бейнежазба құпия түрде жолданған. Алайда хаттағы ақпарат шындыққа жанаспайды. Аталған ақпаратты анықтау бойынша Қарасай ауданы білім бөлімі тарапынан жұмыс тобы құрылды. Нәтижесінде мектепті жөндеу жұмыстарына қажетті құрылыс заттары электронды дүкен (портал) арқылы жалпы соммасы 5 650 000 теңгеге сатып алынған. Мектептің құрылыс жөндеу жұмыстарына демеушілер қолдау көрсеткен. Жөндеу жұмыстарын демеушілердің көмегімен жалдамалы жұмысшылар арқылы жасалғаны анықталды. Мұғалім мен мектептің кіші қызметкерлері жөндеу, құрылыс жұмыстарына тартылмаған.
Мектептің мұғалімдерінен мектептің жөндеу жұмыстары қаражат жиналмаған. Мектепте кезекті еңбек демалысынан шыққан мұғалімдер 2024-2025 жаңа оқу жылында дайындық жұмыстары, оқу-тәрбие жоспарын жасап жатыр. Сондай-ақ мектеп директоры мен орынбасарлары мұғалімдермен мейрамханаға бармаған, мұғалімдерден ақша жинамаған. Мектеп ұжымымен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді", - деп жауап берді облыстық білім басқармасындағылар.
Айта кетейік, KAZ.NUR.KZ порталы жақында "Жауап керек" жобасын іске қосты. Біз сіздің сұрағыңызды билікке жеткізіп, оған жауап аламыз: Редакция тілшілері әлеуметтік желілердегі ең өзекті сұрақтарды таңдап, шенеуніктерден нақты жауаптар алады. Әр екі апта сайын іріктелген сұрақтар салалық ведомстволарға сауалхат ретінде жолданады.
Сұрақтарыңызды мынадай жолмен жаза аласыздар:
- Instagram-дағы ресми парақша;
- Telegram-дағы ресми арна;
- Facebook-тегі ресми парақша;
- editor@corp.nur.kz поштасы
Хаттың тақырыбына міндетті түрде "Жауап керек" жобасына деп жазып қоюы шарт.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2151529-zhauap-kerek-qaskelengde-mugalimderden-aqsha-zhinap-mektepti-zhondetip-zhatqany-ras-pa/