Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мені шығарып жіберді": Ақтөбедегі спорт мектебінде қаза тапқан баланың анасы сот ісі жабық қаралатынына наразы

Жарияланған күні:

баланың анасы
Марқұмның анасы Зоя Базарбаева. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде Есет батыр атындағы олимпиада резерві облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіндегі 8 сынып оқушысының өліміне қатысты сот ісі жабық түрде қаралып жатыр. Судья сот залынан БАҚ өкілдері мен екі жақтың туыстарын шығарды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сотта Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3 бөлігі бойынша М., Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі, 106-бабы 3 бөлігі бойынша А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Судья Ержан Құрманов алдымен істі жабық не ашық талқылауда қарау мәселесін көтерді. Прокурор мен жәбірленуші тарап істің ашық қаралуын қолдады. Айыпталушы тарап Қылмыстық процестік кодекстің 542-бабы, яғни, "Сотта кәмелетке толмаған адамға қатысты істі қарау ерекшеліктері" бабы бар. Онда қорғаушы, жәбірленушінің өкілдері ғана қатыса алады деген уәжді алға тартып істі жабық өткізуді сұрады.

Судья Құрманов Қылмыстық процестік кодекстің 29-бабына сәйкес қылмыстық іс ашық түрде жүргізілетінін және кәмелетке толмаған сотталушы болса оған шектеу болуы мүмкін екенін айтты. Судья сотты жабық өткізу туралы қаулы етті.

Сот залынан шығарылған марқұм Әбубәкір Бексұлтанның анасы БАҚ өкілдеріне наразылығын айтты.

"Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот деп жабық өткізіп жатыр. Әкесі ғана іште қалып, мені шығарып жіберді. Мен бұған қарсымын. Өйткені резонанс болды. Бүкіл ел біледі. Оның несін жасырып отыр? Елдің бәрі біледі. Мұғалім, директор ешкімді жазалаған жоқ. Тек екі баланы сотқа әкелді. Қалған 5 бала қайда? Мектеп, басқарма қайда қарап отыр? Сонда мектепке баланы жібереміз де, сап-сау баланы өлі қылып аламыз ба? Мұғалімдер, бапкерлер, директор, басқарма басшысы бәрі жазалануға тиіс. Мектеп білім беретін орта емес пе? Екінші отанымыз мектеп дейміз.. Қайда мектеп басшысы, ол да жауапқа тартылсын. Балам мектеп қабырғасында өлді. Есет батыр мектебі менің өміріме, баламның тағдырына қасірет әкеліп тұр. Үшінші күні де ұрған. Ақтауға жол жүріп бара жатқанда кездестім. Сол кезде балам маған қарай алмады. Сол кезде бір ауыз сөз айтқанда қалдырмайтын едім", - деді көз жасын тоқтата алмаған анасы Зоя Базарбаева.

Анасының айтуынша, егіз ұлы аталған спорт мектебінде оқығанына екі жыл болған. Анасы екінші ұлының өзімен өзі оқшауланып қалғанын айтты.

Зоя Базарбаева істің бұрмаланбай қаралуын сұрады.

"132 күн болды. Екінші ұлымның жағдайы да жақсы емес. Күнде сыңарын түсінде көреді. Өмірлік стресс алды. Оның бәрі көз алдында болған. Топтық қылмыс, қасақана адам өлтіру болды. Мен пойызда болғанда "балаңыз құлап қалып, жедел жәрдем алып бара жатыр" деп хабарласты. "Қалай құлап қалды" деп сұрадым. Әкесіне хабарластым. Ол білмейді. Барса жедел жәрдеммен алып кеткен. Ауруханаға барса, барлық басқарма басшысы жүрген. Екі бала емес, 5 бала болған. Кішкентай бөлмеде 18 бала болған. Прокурорға да, тергеушіге де айттым. Олар жауап беруге тиіс. Баламның қасында болған 11 бала жауаптарын берген. Бәрі дәл айтып тұр. Сотта қандай өзгеріс болатынын білмеймін. 5 бала сотталсын", - деді анасы.

Еске салсақ, Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіндегі қайғылы оқиға биыл 11 сәуірде болды. Полиция департаменті өкілдері бұл жайт бойынша үш қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Екі күдікті жасөспірім ұсталды.

Ақтөбедегі олимпиадалық резерв мектебінде қайтыс болған жасөспірімнің әкесі Қайрат Қайназаров ұлы әлімжеттіктің құрбаны болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жоғары сынып оқушылары әлімжеттік көрсетіп, соққыға жыққан. Оқушының өлімінен кейін облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, мектеп директоры мен орынбасарына қатаң сөгіс берілді. Сонымер қатар оқиғадан кейін мектеп директорының орынбасары мен төрт жатықтырушы өз еркімен жұмыстан кетті.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2152086-meni-shygaryp-zhiberdi-aqtobede-sport-mektebinde-qaza-tapqan-balanyng-anasy-sot-isi-zhabyq-qaralatynyna-narazy/