Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісіне жұдырық жұмсаған ер адам сотталды (видео)

Жарияланған күні:

Судья сот үкімін оқып тұр
Судья. Видеодан кадр: youtube.com/@SupcourtRK

Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан айыпталушы Дәкебаевқа сот үкімі шықты. Сот отырысы онлайн-режимде көрсетілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жоғарғы соттың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының соты бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтірді деп айыпталған Дәкебаевқа қатысты қылмыстық істі қарады.

Сотта келтірілген мәлімет бойынша, 27 қаңтарда сағат 00:05 шамасында Дәкебаев қоқыс шығарған кезде үйдің кіреберісінде қоқыс жәшіктеріне баратын жолын бөгеп тұрған жедел жәрдем көлігін көрген.

"Содан кейін Дәкебаев заңсыз әрекеттерді жасауға елеулі себеп болмаса да қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, көрсетілген көліктің жүргізушісіне қатысты балағат сөздер айтып, тар жерде кетіп бара жатып, көлікті итеріп, қоқыс жәшіктеріне қарай өткен

Дәкебаев қайтып келе жатып, өзінің мінез-құлқын қоғамдағы қалыптасқан тәртіпке қарсы қоя отырып, басқаларды менсінбейтіндігін көрсетіп, арнайы шұғыл медициналық көлік жүргізушісіне балағат сөздер айтып, онымен әңгімелесу барысында бұзақылық ниетпен, қасақана жұдырықпен оның беті мен басынан үш рет және сол жақ қабырғасына бір рет соққы жасаған", - делінген сот хабарламасында.

Дәкебаевтың кінәсі комиссиялық сот-медициналық сараптама қорытындысымен, куәлардың айғақтарымен және оқиғаның бейнежазбасымен дәлелденген.

Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мынадай мән-жайларды таныған: жасаған ісіне шын жүрекпен өкінуі және жас балаларының болуы.

Сот сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай ретінде адамның өзiнiң қызметтiк, кәсiптік борышын орындауына байланысты осы адамға қатысты қылмыстық құқықбұзушылық жасауын таныған.

"Сот үкімімен Дәкебаев Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігінің 5-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды және жасалған қылмыстың жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларын, қоғамдық қауіптілігін ескере отырып, сот оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады

Талап қою талаптары ішінара қанағаттандырылды, 2 млн теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеу сомасы, жәбірленушінің еміне жұмсалған материалдық залал 12 160 теңге мөлшерінде, сондай-ақ өкілдің қызметтеріне ақы төлеу жөніндегі шығындар 700 мың теңге мөлшерінде өндірілді", - делінген Жоғарғы сот хабарламасында.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісінің соққыға жығылуы

27 қаңтарда желіде Қарағандыда ер адамның жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан сәтінен видео тараған еді. Өңірлік полиция өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдіріп, жедел жәрдем қызметкеріне күш көрсеткен ер адамның анықталғанын хабарлады.

Кейін оқиғаға қатысты денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пікір білдіріп, зардап шегушінің жағдайын айтты.

Бұл оқиғаға қатысты Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та пікір білдірді.

29 қаңтарда күдіктіге іздеу жарияланғаны белгілі болды.

Сондай-ақ мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев жедел-жәрдем қызметкерін соққыға жыққан ер дамды тез арада табуды және оның сотын ашық жүргізуді талап етті.

1 ақпанда Бас прокуратура күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2152720-qaragandyda-zhedel-zhardem-zhurgizushisin-soqqyga-zhyqqan-er-adamga-sot-ukimi-shyqty-video/