Ақтөбе облысында тасқын кезінде жойылып кеткен ауыл тұрғындары баспаналы болды
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында тасқын су жайпап өткен Екпетал ауылының тұрғындары қоныстой тойлап жатыр. Ауылын сағынған тұрғындар жаңа үйдің кілтін алғанда бірін-бірі құшақтап жылап жіберді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
- Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тасқыннан зардап шеккен Екпетал және Қаратал ауылының тұрғындары жаңа үйлерге қоныстанды.
- Аудан орталығында 21 жаңа үй салынып, бүгін оның кілті табысталды.
- Ойыл ауданы әкімі Асқар Қазыбаевтың айтуынша, аудандағы басқа құрылыс жұмыстары жақын арада аяқталады.
Ақтөбе облысы Ойыл ауданы орталығында 21 үйдің құрылысы аяқталды. Жаңа үйдің кілттері Екпетал және Қаратал ауылының тұрғындарына табысталды. Ауылға деген сағынышы бар жаңа үйдің кілтін алған тұрғындар бірін-бірі құшақтап, жылады.
"Екпеталдың тұрғынымыз. Біздің ауылдың тұрғындарының бәрі баспаналы болды. Тасқыннан кейін де ауылға жиі барып жүрміз. Барған сайын жүрегіміз ауырады. Екпеталда 60 жыл тұрдым. Қазір үйінді болып қалды. Балаларым сол жерде өсті, келіндерім де сол жерге түсті. Қимаймыз. Ауылдан көшеміз деп ойлаған емеспіз. Шүкір, қазір бәрі жақсы. Үйге кіріп, көңіліміз орнына түсті", - дейді Ойыл ауданының тұрғыны Қадиша Баймұқанова.
Биылғы су тасқыны кезінде Екпетал ауылындағы 60 түтін түгелдей тұруға жарамсыз болып қалған еді. Қазіргі уақытта қираған ауылдың барлық тұрғыны аудан орталығына көшкен. Көпшілігі дайын үйді сатып алса, аз бөлігі жаңа құрылыстың аяқталуын күтті.
"Екпетал ауданына келін болғаныма 20 жылдан асқан екен. Биыл 29 наурызда тілсіз жау келіп, су апатынан зардап шеккендердің біріміз. Өзім үлкен шаңырақтың келінімін. Сегіз ағайынды. Ең кішкентайы қарашаңырақта едік. Үйіміз үйінді болып қалды. Ауылымыз жоқ. Екпетал енді картадан жойылады. Дайын үй беріп жатыр деген соң орталықтан алдық. Тасқыннан кейін де ол жақта ешкім болмаса да барамыз. Жақындағаннан бастап қимастық болады. Дым жоқ орнында. Үймен бірдей шөп бар. Адам, мал баспаған соң жабайы болып кеткен. Ешқандай тіршілік жоқ ауылда. Қазір көшеден көрсек те туыстардай құшақтасып көрісеміз", - дейді Ойыл ауданының тұрғыны Ғалия Қарабалина.
Жаңа үйлердің кілтін иелеріне аудан әкімі мен құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компания өкілдері табыстады. Тұрғындар жасалған жұмысқа алғыс айтты.
"Екпеталды 28 наурызды су алды. Содан аудан орталығына көшіп келдік. Бүгінге дейін аудан басындамыз. Бес ай болды. Адамдарымыз осы жақта, малымыз ауылда жүр. Екпеталға 1997 жылы келін болып түстім. Содан бері 26 жыл тұрдым. Үйіміз, қара шаңырағымыз құлады. Қайын інім дайын үй сатып алды. Ал өзіміз жаңа үйді күттік. Өзім Екпетал мектеп-балабақшасында кітапханашы болып жұмыс істеймін. Қазір сол мектеп-балабақша кітапханасы Ойыл аграрлық колледжіне орналасты. Осында тарамай, жұмыс істеп жатырмыз", - деді тұрғын Ақерке Қитанова.
Ойыл ауданы бойынша көктемгі су тасқыны кезінде 328 үй суға кетіп, 307-сі жарамсыз деп танылды. Тұрғындардың таңдауы бойынша 133 дайын үй сатып алынған.
Ауданда барлығы 172 үйдің құрылысы жүргізілді. Ойыл ауылында 21 үйдің құрылысы толық аяқталды. Қаратал ауылында 126 үй, Ақкемер ауылында 16 үй, Кемер ауылында 2 үй, Ақжар ауылында 5 үй, Бестамақ ауылында 2 үйдің құрылысымен 18 мердігер айналысып жатыр. Аудан әкімінің айтуынша, құрылыс жұмыстары қыркүйек айының басында толық аяқталады.
"Бүгін ауданымызда қуанышты күн. Ойылда салынып жатқан 21 үйдің құрылысы аяқталды. Екпетал, Қаратал ауылының тұрғындарына жаңа үйдің кілті табысталды. Аудандағы басқа құрылыс жұмыстары санаулы күнде аяқталады. Мердігер компанияларға алғысым шексіз. Құрылысты өз қаржыларымен бастап, ауыл халқын қуантып жатыр. Қуаныш ұзағынан болсын. Сын сағатта елдің қолдауы көп болды", - деді Ойыл әкімі Асқар Қазыбаев.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2152747-aqtobe-oblysynda-tasqyn-kezinde-zhoiylyp-ketken-auyl-turgyndary-baspanaly-boldy/