Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жағдайы айтарлықтай ауыр": Әлназарова әскерден мүгедек болып оралған сарбазға қатысты пікір білдірді

Жарияланған күні:

Ақмарал Әлназарова фото
Ақмарал Әлназарова: Фото: Үкімет

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Ақмарал Әлназарова Ұлттық ұлан сарбазы басынан өткерген жайтқа пікір білдірді. Ербаян Мұхтар әскерден ауыр жағдайда оралған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Журналистер Ұлттық ұлан сарбазы жарақатпен үйіне оралғаны туралы оқиға көпшілікке мәлім болғанға дейін Қорғаныс министрлігі де, Денсаулық сақтау министрлігі де Ербаян Мұхтарды емдеумен айналыспағанын сұрады.

"Біз өз тарабымыздан оның жағдайы қалай екенін, қазір қайда екенін бақылап отырмыз. Егер оған тиісті көмек қажет болса, біз де көмектесуге дайынбыз. Жалпы оның жағдайы қазір айтарлықтай ауыр.

Сондықтан бүгін сіз айтып отырған мәселелер бойынша – қосымша күтімге, медбикелерге, қатысты көмек қажет болса, тағы да көреміз. Егер біздің тарабымыздан қосымша қызметшілер қажет болса, қамтамасыз етеміз", - деп сендірді Ақмарал Әлназарова.

Бұл ретте ол гигиена құралдарымен қамтамасыз ету мәселелері Еңбек министрлігінің қарауында екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін желіде әскерге кеткен жас жігіттің мүгедек болып қайтқаны туралы ақпарат тараған еді. Жағдайға Ұлттық ұланының баспасөз қызметі түсініктеме берді.

"Қатардағы Мұхтардың басынан жарақат алу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 440-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы (Денсаулыққа ауыр зиян келтіре отырып, әскери қызметшілер арасындағы қарым-қатынастың жарғылық ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Тергеу барысы ІІМ ӘТД басшылығының бақылауында", - делінген ведомство хабарламасында.

Артынша Қорғаныс министрлігі әскери қызметші Ербаян Мұхтардың жарақат алу оқиғасына байланысты ресми хабарлама жариялады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2156131-zhagdaiy-aitarlyqtai-auyr-alnazarova-askerden-mugedek-bolyp-oralgan-sarbazga-qatysty-pikir-bildirdi/