"Ұлымды өлтірген бала тайраңдап жүр": Ақтөбеде оқушының анасы бас прокурорға үндеу жасады
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында жоғары сынып оқушылары арасындағы төбелестен кейін көз жұмған 14 жастағы оқушының анасы көмек сұрады. Айтуынша, ұлын өлтірген басты күдікті бостандықта жүр. Қан жұтқан ана оқиғаны бақылауына алған бас прокурордан тағы бір жасөспірімнің күдіктілер қатарынан шығу себебін сұрайды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында оқушылар төбелестен кейін көз жұмған 14 жастағы жасөспірімнің денесі жер қойнына тапсырылды. Марқұмның анасы KAZ.NUR.KZ тілшісіне жанайқайын жеткізді. Айтуынша, бір мектептің жоғары сынып оқушылары ауыл шетінде төбелескен. Ұлын үйден сыныптастары ертіп алып шыққан.
"2 қыркүйекте баламды үйден сыныптастары алып кетті. Сағат 23.00 шамасында ұлымның құлап жатқаны туралы хабар алдым. Хабарды ести сала әкесі екеуміз баламның қасына барып, оның жүріп кеткеніне көз жеткіздік. Анықтау барысында 9-сынып ұлдарын 10-11-сынып ер балалары шақырып алып, қоқан-лоқы көрсетіп, ұлымды 11-сынып ұлдары кезекпе-кезек ұрған. Боксқа қатысатын баланың соққысынан кейін балам есінен танып, жан тапсырады. Құлатқан бала болған жайтты ешбір адамға айтпауды бұйрады, қасындағыларды қорқытады. Осы істі бақылауына алған прокурордан осы баланың және қалған 11-сынып оқушыларының жазасыз қалмауын өтінемін. Мен баламды жер қойнына тапсыра отырып, қан жұтып отырғанда жауапты балалар неге тайраңдап жер басып жүруі керек. Әділдік қайда, заң қайда? Баламның өліміне қатысты оқушылардың жазасы бұрмаланбай, әділ шешім шығаруды талап етемін",- деді марқұмның анасы Амангүл Раушанова.
Марқұм оқушының анасы ұлының мектепте де қысым көргенін айтты.
"Азғантай ғана 250 баласы бар мектеп. Тәртіп қайда? Ауылдың учаскелік полицейі ешқандай жұмыс жүргізбейді. Бұған дейін де осы баланы мектеп практиканты мойнынан қылғындырып, жазасыз қалған. Тарих пәні мұғалімі сабағын практикантқа тастап кеткен. Болған жайды бізге хабарлаған жоқ. Баламыздың түбіне мұғалім мен оқушылар жетті. Мектепте буллинг өршіп тұр, ешқандай шара қолданылмайды. Сонда заң қайда? Баламды өлтірген баланы тамыр-таныс арқылы шығарып жібереді де, әлсіз екі баланы қамап тастайды. Мен оқу ағарту министрінен, бас прокурордан, президенттен көмек сұраймын. Кәнілілер қамалсын",- дейді анасы.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысында жоғары сынып оқушылары арасындағы жанжалдан кейін 14 жастағы бала көз жұмғанын жазған едік.
Оқушы қазасынан кейін өңірде жұмыс тобы құрылды. Бас прокурор жеке бақылауына алатынын хабарлады. Кейін облыс прокуроры Халидулла Дәуешев мектептегі 9-10-11-сынып оқушылары арасындағы кикілжіңді бақылауға алып, ауданға комиссия жіберген.
Қылмыстық іс аясында ҚР ҚПК-нің 128-бабының тәртібімен кәмелетке толмаған 2 күдікті ұсталып, Темір аудандық сотымен 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.
Бұған қоса өңірлік прокуратураның қадағалау актісімен мектеп директоры қызметінен босатылды.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2157432-ulymdy-oltirgen-bala-tairangdap-zhur-aqtobede-oqushynyng-anasy-bas-prokurorga-undeu-zhasady/