Әжетханаға камера қойған: Атырауда мектеп басшысы өз әрекетін түсіндірді
Жарияланған күні:
Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жасқайрат ауылындағы Ш.Еркінов атындағы орта мектептің ер балалар әжетханасында орнатылған бейнебақылау камерасы жұрттың ызасын келтірді. Бұл жағдайға Атырау облысы білім беру басқармасы өкілдері түсінік берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Мынадайды кім көрген? Баланың әурет жерін қарап отыр ма? Жасқайрат ауылындағы жағдай осы", - дейді тұрғын Жанар Сағынбай.
Желі қолданушылары да мектеп басшылығының әрекеті заңға қайшы екенін жазып жатыр.
"Мына көрініс бойынша камера бұл тұста мүлдем болмауы керек. Камера қойылғаны құжаттармен дәлелденсе, онда сол мектептің басшысы заң аясында жауапкершілікке тартылуы керек”, "Әжетхана түгілі, сауда үйлерінде киім өлшейтін жерде камера болмайды ғой", "Мынау енді дұрыс емес", - деп пікір білдірген желі қолданушылары.
Қызылқоға ауданы Ш. Еркінов атындағы орта мектептің директоры Тәттігүл Қалиеваның айтуынша, бейнекамера мүліктің бірнеше рет бүлінуіне, сондай-ақ орта мектеп дәретханасында болған ұсақ бұзақылық фактілеріне байланысты орнатылған.
"Бұл ретте ешкімнің құқығы бұзылған жоқ. Орнату туралы шешімді мектеп әкімшілігі қамқоршылар кеңесінің басшысымен бірлеса отырып қабылдады. Шара тәртіпті сақтау және одан әрі бұзақылық фактілерінің алдын алу мақсатында қабылданды. Камераның жазбасын тексеру тек менің құзіретімде", - деп жауап берді мектеп директоры Тәттігүл Қалиева.
Ал Атырау облысының білім беру басқармасының өкілдері камераны алып тастау туралы шешім қабылданғанын айтты.
"Камералар алынады. Басқарма жанынан осы фактіні зерделеумен айналысатын комиссия құрылды. Нәтижелер туралы қосымша хабарланады" - деп жауап берді Атырау облысы білім беру басқармасының баспасөз қызметі өкілі тілші сауалына.
Авторы: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2158401-azhethanaga-kamera-qoigan-atyrauda-mektep-basshysy-oz-areketin-tusindirdi/