"Командир оқ атты": Маңғыстауда мерзімді қызметтегі сарбаздың өлімінен кейін прокуратура іс қозғады
Жарияланған күні:
Бас әскери прокуратура Маңғыстау облысында мерзімді қызметтегі сарбаздың өліміне қатысты тергеуді бастағанын хабарлады. Бұл туралы қадағалау органына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
2024 жылғы 7 қыркүйекте сағат 17:10 шамасында Ақтау қаласындағы ҚМ әскери бөлімдерінің бірінің взвод командирі "Оймаша" полигонының аумағында ПМ табельдік тапаншасынан қатардағы сарбазға оқ атқан. Салдарынан сарбаз қайтыс болды.
"Сол күні Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы қасақана кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады (ҚК 99-бабының 1-бөлігі).
Тергеу органы күдіктіні ҚПК-нің 128-бабы тәртібімен ұстады және Ақтау қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алды", - делінген хабарламада.
Қажетті кешенді тергеу амалдары жүргізілуде, қылмыстың себептері мен өзге де мән-жайлар анықталуда.
Іс бойынша процестік прокурор тағайындалды.
Тергеу барысы Бас әскери прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес басқа мәлімет жарияланбайды.
Еске салсақ, 7 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқыс оқиға болды. Әкери полигонда мерзімді қызметтегі сарбаз ауыр жарақат алып, көз жұмғанын хабарлаған едік.
Кейіннен сарбаздың әкесі қорғаныс министріне жан-жақты тергеу жүргізуді талап еткен видеоүндеу жолдаған еді.
Қорғаныс министрлігі Маңғыстау облысындағы полигонда мерзімді қызметтегі сарбаздың қазасына қатысты пікір білдірген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2158753-komandir-oq-atty-manggystauda-merzimdi-qyzmettegi-sarbazdyng-oliminen-keiin-prokuratura-is-qozgady/