Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Маңғыстаудағы сарбаз өлімі: марқұмның әкесі кінәлілердің қатаң жазалануын талап етті

Жарияланған күні:

сарбаз
Ант беріп жатқан сарбаз. Көрнекі фото: Қорғаныс министрлігі

Маңғыстау облысында әскерге шақырылған сарбаз қаза тапқан болатын. Жас жігіттің әкесі қайғылы жағдай абайсызда болды дегенге сенбейтінін айтып, кінәлі адамдардың қатаң жазалануын талап етті, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарна ақпаратынша, марқұмның әкесі Ербол Күнтинов ұлының өліміне қатысы бар адамдар қатаң жазалануын талап етті.

"Оқ сол көзінің астынан кіріп, басының оң жағынан, артынан шыққан. Жалғыз ұлымды әскерге жіберіп жетістім бе?! Баламның өліміне қатыстылар қатаң түрде жазасын алуы керек. Егер басқа бір сарбаз атып алса, тәжірибесі аз, байқамай қалған шығар деуге болады. Ал бұл жерде атқан офицер, бес жыл әскери саланы оқыған маман. Әрі кетсе, 3-4 жыл отырып шығып кеткенін қаламаймын. Басшылық құрамда ары сөгіс алып құтылып кетуі мүмкін. Сондықтан барынша әділ тергеу болғанын талап етемін", - деді сарбаздың әкесі.

Телеарна мәлімеетінше, әскери прокуратура мен қорғаныс министрі істі ерекше бақылауға алды. Ал арнайы құрылған комиссияны қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев басқаратын болды.

"Қайғылы жағдайдың мән-жайы тексеріліп, тергеу органдарына объективті тергеу жүргізу үшін көмек көрсетіледі. Кінәлі тұлғалар Қылмыстық кодекске сәйкес, қатаң жауапқа тартылады. ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің отбасы мен туыстарына қайғырып көңіл айтады. Сарбаздың туыстары мен жақындарына жан-жақты көмек көрсетілетінін хабарлайды", - деп мәлімдеді қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин.

Дереккөз: КТК

Еске салсақ, 7 қыркүйекте Маңғыстау облысында оқыс оқиға болды. Әкери полигонда мерзімді қызметтегі сарбаз ауыр жарақат алып, көз жұмғанын хабарлаған едік.

Кейіннен сарбаздың әкесі қорғаныс министріне жан-жақты тергеу жүргізуді талап еткен видеоүндеу жолдаған еді.

Қорғаныс министрлігі Маңғыстау облысындағы полигонда мерзімді қызметтегі сарбаздың қазасына қатысты пікір білдірген болатын.

Сондай-ақ сарбаздың өлімінен кейін прокуратура іс қозғаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2159427-manggystaudagy-sarbaz-olimi-marqumnyng-akesi-kinalilerding-qatang-zhazalanuyn-talap-etti/