Халыққа "Жауап керек": резиденттердің шәкіртақысы өсе ме
Жарияланған күні:
KAZ.NUR.KZ редакциясына "Жауап керек" жобасы аясында еліміздің медициналық оқу орындарының бірінде резидентурада оқитын оқырманнан сұрақ келді. Ол резиденттерге төленетін 100 мың теңге шәкіртақы ештеңеге жетпейтінін айтып, министрліктен шәкіртақыны көтеруді сұраған. KAZ.NUR.KZ тілшісі оқырман сауалын Денсаулық сақтау министрлігіне қойып, жауап алды.
Редакцияға сауалын жолдаған оқырман 9-жыл медициналық оқу орнында білім алып жатқанын, 100 мың теңге шамасында шәкіртақы алатынын айтып, министрге бұл соманың ештеңеге жетпейтініне назар салуды сұрайды.
"Резидентпін, медициналық жоғары оқу орнындағы 9-жыл оқуым басталады. СДСМ министріне сауалым: резиденттердің стипендиясы неге төмен? Резидентураға 25 жастан кейін түседі, көбі отбасылы. Оқу оқып жүріп, жұмыс істеу қиын. Өйткені резидент дәрігердің жұмысын істеп көріп, соны үйренуі керек. Біз докторанттармен бірдей дәрежедеміз, бірақ біздің алатынымыз 100 мың тңге, олардікі 230 мың. Резиденттердің де шәкіртақысын стипендия кем дегенде 230 мың теңге болуы керек деп ойлаймын", - деп сауал жолдады көрермен.
Денсаулық сақтау министрлігі резидент-дәрігерлердің мемлекеттік стипендиясының мөлшері 123 122 теңге екенін, 2025 жылы 134 664 теңге болатынын айтты. Сондай-ақ министрлік білім алумен қатар жұмыс істеуге заң аясында тыйым салынбағанын алға тартады.
"Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаменті қолданыстағы заңнамаға сәйкес, биыл резидент-дәрігерлердің мемлекеттік стипендиясының мөлшері 123 122 теңге, 2025 жылы – 134 664 теңге жоспарланғанын хабарлайды.
Сондай-ақ "Білім туралы" заңға сәйкес, ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, күндізгі оқу нысанындағы барлық білім беру ұйымдарының білім алушылары мүдделі тараптардың (жұмыс беруші, ЖОО) келісімі бойынша оқудан бос уақыттағы жұмыспен (қоса атқару 0,5-тен аспайтын мөлшерлемені көздейді) қоса атқаруға құқылы", - деп жауап берді.
Еске сала кетейік, "Жауап керек" жобасында редакция тілшілері әлеуметтік желілерде оқырман сұрақтарын іріктеп, маңызы мен өзектілігі бойынша таңдайды. Сұрақтарыңызды мынадай жолмен жаза аласыздар:
- Instagram-дағы ресми парақша;
- Telegram-дағы ресми арна;
- Facebook-тегі ресми парақша;
- editor@corp.nur.kz поштасы (Хаттың тақырыбына міндетті түрде "Жауап керек" жобасына деп жазып қоюы шарт).
Әр екі аптада бұл сұрақтар көкейтесті әрі өзектілігі бойынша іріктеліп, салалық ведомстволарға сауалхат ретінде e-otinish арқылы жолданады. Ескерте кетейік, сұрақ жолдаушы хатта сұрақ жолдаған оқырманның аты-жөні, байланыс ақпараты болғаны абзал. Алайда оқырман аноним түрде сұрақ қоя алады. Іріктеп алынған сұрақтар қай құзырлы органға жолданатыны алдын ала әлеуметтік желілерде жарияланады.
Бұл айда Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіне жататын сұрақтар қабылданады. Келесі айларда өзге ведомстволарға қатысты мәселелерге тоқталамыз.
Үздік сұраққа – ақшалай жүлде
Үздік сұрақты маңызы мен өзектілігі бойынша редакция анықтайды. Бұдан кейін KAZ.NUR.KZ әлеуметтік желілердегі парақшаларында жеңімпаздың есімі жарияланады.
Нені мақсат тұттық?
Негізгі мақсатымыз – оқырмандармен кері байланысты нығайту, халық пен билік арасында көпір болуға ұмтылу және ел көкейінде жүрген сауалдарға құзырлы органдардан ресми жауап алу, ел ішіндегі проблемаларды шешуге мұрындық болу. Қоғамдағы мәселелерге бей-жай қарамайтын әрбір отандасымызды жобаға қатысып, ел мәселесін шешуге атсалысуға шақырамыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2161009-halyqqa-zhauap-kerek-rezidentterding-shakirtaqysy-ose-me/