Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Балаларды қауіпті ойыншықтардан қалай қорғауға болады: ата-аналар үшін маңызды ақпарат

Жарияланған күні:

Бала конструкторды жинайды
Көрнекі фото: pixabay.com

"Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігінің құқыққорғаушылары ("МОТҚҚҚ" ҚБ) ата-аналарға балаларына сатып алатын өнімдерді мұқият тексеру қажет екенін тағы бір еске салады: жарқыраған қаптамасы мен тартымды атауына алданып, ішіндегі заттың сапасы баланың денсаулығына қауіп төндіруі әбден мүмкін.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімдер несімен қауіпті: сарапшылар жауап берді

"МОТҚҚҚ" ҚБ халық тұтынатын тауарларға қатысты жан-жақты зерттеулер жүргізіп, олардың нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялап, халықты пайдалы ақпараттармен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ұйым тұтынушылардың құқықтарын бұзуға қатысты мәселелерді шешуде қолдау көрсетіп, тұтынушылардың хабардарлығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Осылайша, биылғы жылдың маусымында құқыққорғаушы Тараз дүкендерінің бірінен BATTLE ZOMBIE ойыншығын жасырын сатып алу әдісімен сатып алған. Өкінішке қарай, сатушы өнімге қатысты сәйкестік сертификатын бермеген. Әрі қарай ойыншық ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің (ҚР ДСМ СЭБК) Жамбыл облысы бойынша "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК филиалының аккредиттелген зертханасына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігі мен қауіпсіздігін тексеру үшін жіберілді.

Бір қарағанда, ойыншық тартымды көрінгенімен, сараптама қорытындысына сәйкес, ол балалар өнімдері үшін белгіленген қауіпсіздік стандарттарына сай келмейді (2024 жылдың 26 маусымындағы № RO-24-08169 зерттеу хаттамасы). Кеден одағының (КО "Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы" ТР 008/2011) техникалық регламентінің талаптары бұзылған бірнеше елеулі сәйкессіздіктер анықталды:

  • Шығарылған елдің атауы туралы ақпараттың болмауы;
  • Ойыншықтың шығарылған күні туралы ақпараттың жоқтығы;
  • Өндірушінің атауы мен орналасқан жері, сондай-ақ олармен байланысу үшін импорттаушының деректемелері көрсетілмеген;
  • КО нарығында (ЕАС) бірыңғай айналым белгісінің болмауы;
  • Мемлекеттік және орыс тілдерінде ақпарат берілмеген.
"Battle ZOMBIE" ойыншығы
Фото: Биятан Жанна

Мұндай ойыншық неліктен қауіпті?

"МОТҚҚҚ" ҚБ сарапшысы Алия Алибекова:

"Балалар үшін ойыншықтар жай ғана ойнайтын емес, олардың дамуы мен қауіпсіздігінің маңызды бөлігі болып саналады. Өндірушінің аты, шығарылған күні мен EAC белгісі туралы ақпараттардың жоқтығынан ата-аналар ойыншықтың сапа стандарттарына сәйкестігін түсіне алмай қиналады. Ойыншықтардың құрамында аллергиялық реакциялар, улану, тіпті, дене жарақатын тудыруы мүмкін қауіпті материалдардың болуы әбден мүмкін. Ата-аналар ойыншықтың қайда және кім жасағанын білмесе, балаларын қалай қорғай алады? Мұндай ақпараттың жоқтығына бей-жай қарауға болмайды. Ол біздің балаларымыз үшін қауіпті болып табылады. Егер ойыншық сапасыз материалдан жасалса немесе құрамында улы заттар болса, оның салдары, әсіресе кішкентайлар үшін ауыр болуы мүмкін", - деп жалғастырады сөзін құқыққорғаушы.

Бұл не үшін маңызды?

"Балалар – біздің жанымыздың бір бөлігі, ата-аналар баланың қауіпсіздігіне қамқорлық – сапалы өнімді таңдаудан басталатынын түсінуі маңызды. Өндірушілер мен сатушылар стандарттарды елемей, балаларымызға қауіп төндіреді, - дейді сарапшы Жанна Биятан. - Жарқыраған қаптамалар балаларымызды қызықтырып жатады, ал оның ішінде шын мәнінде не жасырылғаны белгісіз. Қауіпсіздігіне сенімді болмасақ, мұндай ойыншықты балаға қалай сеніп тапсырамыз? Кедендік одақ (ЕАС) нарығында өнім айналымының бірыңғай белгісінің болмауы ойыншықтың міндетті тексеруден өтпегенін және белгіленген қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмеуі мүмкіндігін білдіреді. Оның үстіне, мемлекеттік және орыс тілдеріндегі ақпараттың болмауы тұтынушылардың толық және сенімді ақпарат алу құқығын бұзады", - деп қосты сарапшы Ж.Биятан.

Мұндай мәселеге тап болғанда не істеу керек?

Құқыққорғаушылар балалар өнімдерінде кемшіліктерді анықтаған ата-аналарға мынандай нұсқаулық ұсынады:

  1. Ойыншық сатып алынған дүкенге сертификаттар мен өнім туралы толық ақпарат беруді талап етіп, шағым түсіріңіз.
  2. Тексеру жүргізу үшін тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарына немесе санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарына хабарласыңыз.
  3. Мерзімі: сатушы сіздің шағымыңызға 10 күн ішінде жауап беруі керек. Бақылау органдары тексеруді аяқтап, 2 (екі) айдан кешіктірмей жауап беруге міндетті.
  4. Келесі қадамдар: мәселе шешілмесе, сотқа немесе Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне хабарласыңыз.

Есіңізде болсын, балаларыңыздың қауіпсіздігі сіздің қолыңызда. Өнімдерді ақылға салып таңдаңыз, қаптамасын оқып шығыңыз және сатушыларға сұрақтар қоюдан тартынбаңыз.

Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.

Қазақстан Республикасының "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы", заңына сәйкес, "МОТҚҚҚ" қоғамдық ұйымы тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) сапасына қатысты зерттеулердің нәтижелерін, сондай-ақ жарнама болып табылмайтын, тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға ықпал ететін басқа да ақпараттарды таратуға құқылы.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2161122-balalardy-qauipti-oiynshyqtardan-qalai-qorgauga-bolady-ata-analar-ushin-mangyzdy-aqparat/