Қостанай облысында көлді қамыстан тазалап, тереңдетуге 106 млн теңге алған мердігер әкімдікпен дауласып жатыр
Жарияланған күні:
Қостанай облысында абаттандыру жұмыстарына 106 млн теңге бөлінген көл жергілікті билік пен мердігер арасындағы дауға айналды. Мердігер компания келісімшартқа сай міндеттерді орындаудың орынына тапсырыс беруші облыстық табиғи ресурстар басқармасына қатысты жан-жаққа арыз жазып жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қостанай қаласындағы ел арасында "Тарелочка" аталып кеткен аумағы 4 гектар көлді тереңдету мен қамыстан тазалауға 106 млн теңге бөлінген. Қызылордалық компания тендерды ұтып алып, былтыр тамыз айында іске кіріскен. Сол жылы желтоқсанда аяқтауға тиіс болған. Сырттан келген компания жергілікті табиғаттың қыр-сырын білмеген сыңайлы. Көлдің суын сорып алып, қамыстан тазалаған соң, тереңдету жұмыстарына кірісуі керек еді. Алайда суды тауыса алмай әлек. Сорған сайын астынан су шығып жатыр. Тұрғындар көлдің астында бұлақ көздері бар дейді.
"Былтыр техникаларын әкеліп жұмысты бастады. Бірақ ешнәрсе өндіре алмады. Қанша техника әкелсе де ісінен берекет таппады. Бастаған соң ісін аяқтап шыққаны жақсы ғой халық үшін. Алайда техникасы батпаққа батып, жүрмей жатыр", - дейді Қостанай қаласының тұрғыны Қабылмәжит Ибраев.
Тұрғындар мердігер компания үмітін ақтап, бұл жұмысты тәмамдары екіталай деп отыр. Өйткені бұлақтың суын сорып, тауысы алмасы белгілі. Енді олар мойынына алған жауапкершілікті орындаумен емес, дауласумен айналысып жатыр. Жұмыстың бәрі әзірге тоқтап тұр.
Былтыр мердігер компания Қостанайда ылғал нормадан 2,5 есе артық түсіп, ауа-райы жауын-шашынды болғандықтан жұмысты желтоқсан айына дейін аяқтауға мүмкіндік болмады деп шағымданып жүріп, келісімшартты бір жылға создырды. Биыл тағы да жауын-шашын мол жауды. Енді биыл табиғи жағдайға байланысты жобаға қосымша қаржы бөлінсін депті.
"Көлдің суын соруға бөлінген қаржыны жұмсап қойдық. Бірақ сорып болғанда қайта-қайта жаңбыр жауып, көл суға толып қалды. Сондықтан бұл жұмыстарға қайтадан қаржы бөлінуі керек. Сондай-ақ келісімшарттың белгіленген мерзімін ұзартып берсін. Содан кейін қалған жұмыстарды қайтадан жандандыруға дайынбыз", - дейді мердігер компанияның заңгері Нұрбай Өміртаев.
Мұнымен қоса мердігер компания енді облыстық табиғи ресурстар басқармасы үстінен шағымды үйіп-төккен.
"Судың көп болуына байланысты жобаның қаржысын қайта қарап, қосымша ақша бөлсін деп талап қойып отыр. Республикалық кәсіпкерлер палатасына, "Аманат" партиясына, облыс әкіміне, барлығына түгел арыз жазып шықты", - дейді Қостанай облысының табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Сабыров.
Басқарма орынбасарының сөзінше, бұл жобаға ешқандай қосымша қаржы бөлінбейді. Мердігер шаруаны тиянақтамаса келісімшартты бұзу туралы сотқа арыз талап бермек.
Автор: Айнұр Нұрмағамбетова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2161977-qostanai-oblysynda-koldi-qamystan-tazalap-terengdetuge-106-mln-tengge-algan-merdiger-akimdik-okilderimen-daulasyp-zhatyr/