Әскерде комаға түскен Ербаян Мұхтар неге әлі күнге дейін шетелге емделуге жіберілмегені белгілі болды
Жарияланған күні:
Әскери борышын өтеп жүргенде комаға түскен Ербаян Мұхтар шетелде ем алуға әлі жіберілмеген. Сарбаздың ата-анасы оның себебін түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Ербаянның паспорты әлі дайын емес, оны бір апта ішінде жасай алмай жатыр. Қазіргі жағдайын ескере отырып, тексерулерден өту қажет. Бізге кемінде 15 күн керек екенін айтты. Қазір біз паспортты күтіп отырмыз. Анасы екеуміздің құжатымыз дайын.
Екінші мәселе – оның жағдайында шетелге шығаруға мүмкіндік жоқ. Бүгін таңертең денсаулық сақтау министрінің қабылдауында болдық. Онымен сөйлесіп, шетелге, біз таңдаған клиникаға баруға рұқсат беруді сұрадық. Министр Әлназарова келісіп, бәрін ұйымдастыруға тырысатынын айтты. Бірақ бұл 1-2 күнде бітетін шаруа емес. Ол үшін 10-15 күндей керек екен", - деді сарбаздың әкесі Хамит Аймағамбетов.
Ербаянның анасы оның жағдайы ауыр екенін, денесі құрысып жатқанын айтты. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова сарбаз тұратын Қосшыға Астанадан мамандар жіберген.
"Министр шетелге шығару бойынша санавиация мәселесін шешуге уәде берді. Уәдесінде тұрады деп үміттенемін. Ұлттық гвардиядан азық-түлік түрінде көмек бар. Халық бізді бірден шетелге емделуге бармағанымызға наразылық білдіріп жатыр. Бірақ біз мұның бәрін тез шеше алмаймыз.
Қазір басты мәселе құжаттар боп тұр. Ескі паспорт жарамайды, өйткені онда фотосурет сәйкес келмейді. Жаңасы керек. Қазір басқа паспорт дайындап жатырмыз. Оны тағы 15 күн күту керек. Біз бірнеше еуропалық клиниканы қарастырдық. Олармен сөйлесіп, келісіп жатырмыз. 10 күн ішінде, ары кетсе 2 апта ішінде шешілетін шығар деп ойлаймын. Ербаянды сапарға дайындап жатырмыз", - деді анасы Гүлсім Қамиева.
Бұған дейін желіде әскерге кеткен жас жігіттің мүгедек боп оралғаны туралы ақпарат тараған болатын. Жағдайға Ұлттық гвардияның баспасөз қызметі түсініктеме берді. Олар қызметке кіріскеннен бірнеше ай өткен соң оны ауыр жағдайда ауруханаға жатқызғанын, комаға түскенін хабарлады.
Ұлттық гвардия "Әскери қызметшілер арасындағы жарғыдан тыс қарым-қатынастар ережелерін бұзу, денсаулығына ауыр зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Әскери қызметкер ата-анасының талабымен үйіне шығарылған. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің емдеу мекемесі мен ІІМ Ұлттық гвардиясының әскери-медициналық басқармасы оған мүгедектік ресімдеу мәселесін шешуге көмектесетінін жеткізді.
Қорғаныс министрлігі Ербаян Мұхтардың жағдайына қатысты ресми мәлімдеме жасады. Ведомство сол кезде Қорғаныс министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық гвардиясы, Мемлекеттік күзет қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігі сияқты күштік құрылымдардағы әскери қызмет қауіпсіздігін бақыламайтынын айтты.
Кейін Денсаулық сақтау министрі сарбаздың жағдайын түсіндіріп, зардап шеккен отбасыға қандай көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2162367-askerde-komaga-tusken-sarbaz-erbaian-muhtar-ali-shetelge-em-aluga-zhiberilmegen/