Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ескісі мығым еді": Тобыл тұрғындары 230 млн теңгеге жөндеуден өткен бөгеттің сапасы сын көтермейтінін айтты

Жарияланған күні:

Тобыл өзені
Тобыл тұрғындары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Биыл Тобыл қаласы тұрғындары өзен арнасынан тасығанда қапқа құм толтырып, бөгетті бекітіп, үйлерді сақтап қалды. Сол бөгеттің күрделі жөндеу жұмысына әкімдік 230 млн теңге бөлген. Бүгінде жұмыстың 90 пайызы аяқталды. Бірақ тобылдықтар бөгет тасқыннан қорғай алмайды деп шырылдап жүр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Тобыл қаласы шетіндегі 4,5 километр бөгеттің биіктігін 30 сантиметрден 1 метрге дейін көтеріп, гидроқұрылғыларын ауыстыруға жоба бойынша 260 млн теңге бөлінген. Мердігер соны 230 млн теңгеге орындап беремін деп келісімшарт жасаған. Жобадан 30 млн теңге үнемдеген мердігердің ісіне халықтың көңілі толмай отыр. Құрылыс алаңын бақылап жүрген тұрғындар күрделі жөндеудің сапасы сын көтермейді дейді.

"Шлюздердің қаңылтыры жұқа – 3 см ғана, оларды темір бетонға дұрыстап бекітпеген. Шлюз бен темір бетонның арасында 5-7 см жарықшақ қалған, суды ұстай алмайды. Қалай-болса солай дәнекерлеген. Осы көктемде бұл бөгеттің гидроқұрылғылары ескі болса да сыр бермеді. Жаңасынан қарағанда мығымдырақ еді. Тек бөгет аласа болды. Биыл көктемде тасқын кезінде үстінен су өтіп кетпесін деп құм салынған қапшықтармен 1 метрге дейін көтердік. Соның арқасында үйлерімізді аман сақтап қалдық. Ал енді күрделі жөндеуден кейін бұл бөгет тасқынға төтеп бере алмайды деп үрейленіп отырмыз", - дейді Тобыл қаласының тұрғыны Виктор Киршин.

гидроқұрылғы
Гидроқұрылғы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Тұрғындар жанайқайын аудан әкімдігіне жеткізуге тырысқан. Бірнеше рет шағым жазғанмен нәтиже болмапты.

"Келер жылы да биылғыдай су тасқыны болса жолындағының бәрін жайпап өтеді деп бәріміз қорқып отырмыз. Баспанамызды су басары анық. Үйсіз-күйсіз қалуымыз мүмкін", - дейді Тобыл қаласының тұрғыны Юлия Притуляк.

Тобыл өзені
Тобыл өзені. Фото: KAZ.NUR.KZ

Халық жиналып шу көтеріп жатқан соң бұл маңға қала әкімі мен мердігер де шұғыл жетті. Құрылыс компаниясы өзіне шаң жуытпай, бәрін жобаға сай жасадық деп отыр.

"Барлығының, бұрандасына дейін өндіруші зауыттың сапа сертификаты бар. Қызылордадан сатып әкеліп, орнаттық. Барлығын жобаға сай жасап жатырмыз. Құрылғыларға тәжірбиелік зерттеулер жасалған, техникалық қадағалаушылар, "Аманат" партиясы, Тобыл-Торғай бассейнінің инспекторлары бәрі бақылауда ұстап отыр", - дейді мердігер компанияның басшысы Ринат Зинатов.

Тобыл қаласының әкімі Захар Комаров бөгеттің сапасына қатысты бәрін мамандар шешеді деп жауап берді.

Тобыл тұрғындары
Тобыл тұрғындары. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Бөгет пен оның гидроқұрылғыларының сапасына қатысты айтар болсақ, тапсырыс беруші Қостанай ауданы әкімдігінің ТКШ бөлімі әлі жұмысты қабылдап алған жоқ. Нысанда техникалық және жобаны жасаған авторлық қадағалаушылар сапаны бақылап жүр", - дейді Тобыл қаласының әкімі Захар Комаров.

Халық айтса қалт айтпайды дейтін. Енді қадағалаушы мамандар күрделі жөндеу жасалған бөгеттің сапасына нендей қорытынды шығарары әзірге белгісіз. Ал бұл құрылғының сыналар сәті де жақын.

Автор: Айнұр Нұрмағанбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2162401-eskisi-mygym-edi-tobyl-turgyndary-230-mln-tenggege-zhondeuden-otken-bogetting-sapasy-syn-kotermeitinin-aitty/