"Емдік суы инфекция таратып, ауру етуі мүмкін": Шымкенттегі Қошқар ата өзеніне кәріз суы төгіліп келген
Жарияланған күні:
Емдік су инфекция таратып, ауру етуі мүмкін. Тойханалар мен тұрғын үйлерден шыққан кәріз қалдықтары Қошқара ата өзеніне төгіліп, бұлақ суын былғап келген. Жауаптылардың айтуынша, Қарасу, Бадам, Сайрамсу өзендерінің де жағдайы мәз емес, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ontustiktv.kz-ке сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, өзен бойындағы кейбір тұрғын үйлер мен мейрамхана иелері аула маңынан кәріз құдығын қазып, ондағы қалдықты арнайы орынға апарып төкпеген. Артық шығынданғысы келмей, ақшасын үнемдеуді көздеген. Сөйтіп табиғатты ластап, емдік суды былғағандар енді айыппұл арқалайды.
"Жеке кәсіпкер «Усманова» кәсіпкерлік нысаны кәріз құбыры арқылы сарқынды суларын каналға төгіп жатқаны анықталып, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 331-тармағымен айыппұл салынып, заңбұзушылық туралы нұсқама берілді", - деп жауап берді экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев.
Департамент арыз-шағымдар негізінде тексеріс жүргізіп, кәсіпорындардың экологияға тигізер әсерін анықтайды. Шағымдар негізінен тұрғын үйлер ауласында мал ұстау, қалдықтарды өртеу, жағымсыз иіс тарауы, суды, топырақты ластау себебінен түседі.
"Ауаға зиянды заттар тасталып жатыр деп арыз-шағымдар келіп түссе, біздікілер ауадан сынама алады. Суда болатын болса судан сынама алып, арнайы инспекцияға беріп отырады. Соған сәйкес инспекция шара жүзеге асады", - дейді экология департаментінің басшысы.
Тексерістер нәтижесінде 55 әкімшілік іс қозғалып, 170 млн теңге айыппұл салынған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2162835-emdik-suy-infektsiia-taratyp-auru-etui-mumkin-shymkenttegi-qoshqar-ata-ozenine-kariz-suy-togilip-kelgen/