Түркістан облысында кісі қолынан қаза тапты деген такси жүргізушісінің туыстары жанайқайын айтты
Жарияланған күні:
Түркістан облысы Сайрам ауданында екі ай бұрын такси жүргізушісі қаза тапты. Марқұмның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Жүргізушінің туыстары сол іске қатысты күдіктілерді тергеу ісіне көңілі толмай отыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Айтуларынша, кісі қолынан қаза тапқан Қайсар Керімбаев өліміне қатысты күдіктілер әлі түгелдей ұсталмаған. Соған қарамастан жергілікті полиция істі сотқа жібермек дейді марқұмның жақындары.
Тасжол бойында дәрменсіз күйде жатқан Қайсар Керімбаев сол күйі ес жимай жан тапсырды. Қайғылы жағдай Сайрам ауданында екі ай бұрын болған.
"Ақтық сапарға шығарып жатқанда өзім жуындырдым. Бас сүйегі жарылған, ешкімнің жүрегі шыдай алмайды ол нәрсені көруге. Денесінің бәрі көгерген. Қолы жіппен байланған", - дейді марқұмның інісі Дәурен Керімбаев.
Тергеу жұмыстарына көңілі толмаған марқұмның жақындары істің сотқа өтпей қайта тергелуін сұрайды.
"Тергеу процесіне көңілім мүлде толмайды. Күдіктілердің біреуі ғана отыр. Екеуі бостандықта жүр. Мақсаттарын түсіне алмадық. Жұмбақ болып тұр ғой. Соны тергеуде анықтап берсе. Не үшін машинасын алмақшы болды?", - дейді марқұмның әйелі Лаура Омарова.
Марқұмның туыстары Сайрам аудандық полиция бөліміне де барған. Облыстық полиция департаменті іске қатысты түсінік берді. Полиция дерегінше, аталған жайтқа қатысты екі қылмыстық іс тергелуде.
"Оқиғадағы әрбір қатысушының яғни екі тұлғаның іс-әрекетіне құқықтық баға берілетін болады. Сонымен қатар негізгісінен бөлек қылмысты жасырып қалу дерегі бойынша қылмыстық іс тергелуде", - дейді Түркістан облысының ПД баспасөз қызметінің өкілі.
43 жастағы Қайсар Керімбаевтың артында жары мен үш перзенті қалды.
Авторы: Назерке Еркінбекқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2162916-turkistan-oblysynda-kisi-qolynan-qaza-tapty-degen-taksi-zhurgizushisining-tuystary-zhanaiqaiyn-aitty/