"Былтыр 122 мың тонна жиналған": Түркістан облысында мақта терімі басталды
Жарияланған күні:
Биыл Түркістан облысы Жетісай ауданының 79,3 мың гектар суармалы жерінің 40,8 мың гектарына мақта шиті егіліп, қазірдің өзінде 200 тоннаға жуық мақта терілген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Түркістан облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Әкімдіктің ресми сайтында хабарланғандай, негізгі күнкөрісі ауыл шаруашылығы саласы саналатын аграрлы аймақ – Жетісай ауданының диқандары үшін әрбір күн мен сағатты тиімді пайдалану өте маңызды. Мол табысқа жетуде уақытылы дән сеуіп, дер кезінде минералды тыңайтқыштарды беру, кешіктірмей егістікті сығару үлкен рөл атқарады. Тынымсыз еңбек өз нәтижесін берері де сөзсіз.
Ала жаздай таңның атысынан кештің батысына дейін егістік алқапта тынымсыз еңбек етіп, еңбексүйгіштіктің озық үлгісін көрсетіп келе жатқан жетісайлық шаруалар мақта терім науқанын бастап та жіберді. Өнімділік те жаман емес.
Иелігіндегі 14 гектар жерге Қытайдың "60" сортының шитін сепкен шаруа биыл гектарынан орта есеппен 50 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Өйткені бұл сорттың бұған дейінгі мақта сорттарына қарағанда талшығы көп, шиті аз.
"Ағын судан, минералды тыңайтқыштардан биыл қиындық көрмеуіміздің нәтижесінде өнімділік жақсы. Алдын біз "Сұлтан", "Мақтаарал", "Бұқара" деген сорттарды егетін едік. Өнім 20-25 центнер болып, құрт жейтін. Биыл Қытайдың "60" деген сортын ектік, құрт та жемеді. Гектарынан 50 центнерге дейін өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз," - дейді шаруа қожалығының төрағасы Ербол Айтуғанов.
Биыл ауданның 79,3 мың гектар суармалы жерінің 40,8 мың гектарына мақта шиті егіліп, қазірдің өзінде 200 тоннаға жуық мақта терілген. Науқанға 715 трактор мен 897 трактор тіркемелерін, 61 дана ОВХ мен 232 мақта терім машиналарын жұмылдыру көзделген.
Өткен жылы 45 мың гектарға мақта шитін сеуіп, 122 мың тонна ақ ұлпа жинаған жетісайлық шаруалар биылғы жылы да сол межені орындауға ниетті. Өйткені өнім сапасын арттырып, ағын суды үнемдеудің тиімді технологиясы саналатын тамшылатып суғару әдісі биылдың өзінде екі мың гектарға артқан. Оның 300 гектардан астамы мақта дақылын өндірушілердің еншісінде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2163822-byltyr-122-myng-tonna-zhinalgan-turkistan-oblysynda-mata-terimi-bastaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.