"Адам өлтіру" бабы бойынша жазаланады": Маңғыстаудағы сарбаздың өліміне Қорғаныс министрлігі өкілі түсінік берді
Жарияланған күні:
Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Маңғыстаудағы әскери полигонда болған сарбаздың өліміне қатысты түсінік берді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Ақтаудағы жағдай шамамен 17:00-де болған. 21:00-де министрдің бұйрығымен тікұшақ дайын болды, мен комиссияны басқарып, барлық жағдайды тексердім, офицермен, барлық сарбазбен сөйлестім.
Түнгі 2:30-да бәрі тергеу изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды. Кінә нақты, басқа жағдайлар (қаруды абайсыз қолданғаны – ред.ескертпесі) бұл істі ақтамайды. Ол "Адам өлтіру" бабы бойынша жазаланатыны сөзсіз," - деп мәлімдеді қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев.
Еске салсақ, 7 қыркүйекте Маңғыстау облысында оқыс оқиға болды. Әкери полигонда мерзімді қызметтегі сарбаз ауыр жарақат алып, көз жұмғанын хабарлаған едік.
Кейіннен сарбаздың әкесі қорғаныс министріне жан-жақты тергеу жүргізуді талап еткен видеоүндеу жолдаған еді.
Қорғаныс министрлігі Маңғыстау облысындағы полигонда мерзімді қызметтегі сарбаздың қазасына қатысты пікір білдірген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2164110-adam-oltiru-baby-boiynsha-zhazalanady-manggystaudagy-sarbazdyng-olimine-qorganys-ministrligi-okilderi-tusinik-berdi/