Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Биыл Алматыда қатты жер сілкінуі мүмкін бе: ТЖМ мамандары болжам жасады

Жарияланған күні:

Читать на русском
Сейсмограф
Сейсмограф. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

ТЖМ мамандары биыл Алматыда қатты жер сілкінісі күтілмейді деп болжады. Бұл жөнінде ведомство өкілдері ресми сауалға берген жауабында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің мәліметінше, әр жылдың басында Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының мамандары алдағы жылға арналған сейсмикалық жағдайды бағалау бойынша қорытынды жасап, жыл ортасында түзету жүргізеді.

"Ғылыми орталықтың деректері бойынша, биыл жылдың соңына дейін магнитудасы 5,6-дан асатын жойқын жер сілкінісі күтілмейді", - делінген ведомство хабарламасында.

Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының қызметкерлері елде жыл басында болған жайттар жер қыртысындағы процестерге әсер етпейтінін айтты.

Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері жалпы Алматы қаласы мен Алматы облысы Орталық Азиядағы ең сейсмикалық аймақта орналасқанын, мұнда 3 балға дейін сейсмикалық құбылыстар жиі болатынын, бұл өз кезегінде осы аймақтар үшін қалыпты режим болып саналатынын ескертті.

Аймақтардағы барлық сейсмикалық оқиға сейсмологиялық құрылғыларда тіркеледі.

Ведомство сейсмология саласындағы зерттеулер әртүрлі бағытта жүргізіліп жатқанын, 200-ге жуық параметрлер (сейсмикалық, геофизикалық, деформациялық, гидрогеологиялық, биологиялық көрсеткіштер) бойынша тіркелетінін хабарлады. Жыл сайын сейсмология орталығының қызметкерлері өңдеу әдістерін жетілдіретіні айтылды.

"Бүгінгі таңда қолда бар зерттеу әдістері посткеңестік елдерде, сондай-ақ Қытай мен Жапонияда қолданылады", - деді Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері

Еске салайық, жыл басында Алматыда екі рет қатты жер сілкінісі тіркелді. 23 қаңтарда түн ортасында Алматыда 5 балдық жер сілкінісі болды Содан кейін афтершоктар тіркелді.

Екінші жер сілкінісі 4 наурызда болды. Алматыда болған жер сілкінісі 5 балды құрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2164722-biyl-almatyda-qatty-zher-silkinui-mumkin-be-tzhm-mamandary-bolzham-zhasady/