Бишімбаев колонияда жұмыс істеп жүр ме: Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті өкілдері жауап берді
Жарияланған күні:
24 жылға сотталып, жазасын қатаң режимдегі түзеу мекемесінде өтеп жатқан Қуандық Бишімбаев әлі жұмысқа орналасқан жоқ. Бұл туралы ҚАЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомствоның баспасөз қызметі өкілдері Қуандық Бишімбаев жазасын қатаң режимдегі мекемеде өтеп жатқанын еске салды.
"Бос жұмыс орындарының болмауына байланысты жұмысқа орналастырылған жоқ. Сотталғанның күнделікті тәртібі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіп ережелері мен қолданыстағы қылмыстық-атқару заңнамасының талаптарына сәйкес сақталады", - деп хабарлады Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің өкілдері.
Бұл ретте ведомсвто өкілдері Қылмыстық-атқару кодекінің 93-бабына сәйкес сотталғандардың жеке істеріндегі өзге де мәліметтер жария етуге жатпайтынын мәлімдеді.
Қуандық Бишімбаев ісі
Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-дағы арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД өкілдері күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды.
Сонымен бірге оның туыс інісі Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды және қылмыс туралы хабарламады деген күдікпен құрықталды.
Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты басты сот отырысы 27 наурызда басталды.
Сот процесі ашық режимде өтті, ол Жоғарғы соттың YouTube желісіндегі парақшасында онлайн көрсетілді.13 мамырда сот үкімімен Қуандық Бишімбаев 24 жылға, ал Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Алқабилер алқасының үкімімен:
- Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы, Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 5) тармағымен кінәлі деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған;
- Байжанов Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған.
10 маусымда Астана сотына Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісі бойынша апелляциялық шағым түсті. 26 маусымда елордалық сотта Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісі бойынша апелляциялық шағымды қарау басталды.
Сот отырысы сол күні аяқталды, судья бірінші инстанциядағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2165455-quandyq-bishimbaev-koloniiada-zhumys-istep-zhur-me-qylmystyq-atqaru-zhuiesi-komiteti-okilderi-zhauap-berdi/