Түркістан облысында 2000 жыл бұрынғы тарихи ескерткіштер табылды (фото)
Жарияланған күні:
Түркістан облысында жаңа археологиялық әдіспен зерттеу жүргізіліп, 2000 жыл бұрынғы тарихи ескерткіштер анықталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыс әкімдігінің Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды
Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы Сілбелітөбе 1 обалы қорымдарында Н.П.Подушкин атындағы археология орталығы және Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорығы қызметкерлері бірлесе отырып далалық қазба жұмыстарын жүргізген. Археологиялық экспедиция жетекшісі т.ғ.д профессор А.Н.Подушкин тарихи-мәдени мұраларды қорғап әрі сақтап қалу мақсатында Түркістан өңірінде орналасқан Қаңлы кезеңіне тиесілі ескерткіштерді зерттеп, бірнеше жылдан бері қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.
Қасқасу ауылы, Сілбелі шатқалындағы барлау жұмыстары барысында Сілбелітөбе 1 обалы қорымдарында жүйесіз 16 қорым, 600 метр шығысқа қарай Сілбелітөбе қонысы орналасқаны анықталған болатын. Қорымдардың диаметрі 20 метр және биіктігі 2 метрге дейін жетеді.
Биыл жоспарға сәйкес №5,6 обаларға қазба жұмыстары жүргізілді. Обаның пішіні Т тәрізді, дәліз тереңдігі үш метрге дейін төмен түскен және жерлеу орнының күмбезі бесікке ұқсас келген. Жерлеу орны б.з.д. I ғасырларға тән. Мұны ғалымдар Қаңлы мемлекетімен байланыстырады.
Қазба жұмыстары барысында №5 обадан бірнеше сүйек қалдықтары мен құмыраның бөліктері табылды. Кіре берісі 50-60 кг болатын таспен жабылған, бірақ анықталғандай оба өз заманында тоналған. Ал №6 обада жүргізілген қазба жұмыстары барысында б.з.д. I ғ. – б.з. I ғ. жататын тұрмыстық жағдайда пайдаланылған құмыра, сонымен қатар ағаштан жасалған қорамсақ ішіне салынған 5 темір жебе ұштары анықталды. Бұдан бөлек ауыздықты әсемдеу үшін қолданған тілшелі тоға, ауыздық және белдік, аяқ-киімнің айылбас тоғалары табылды.
Сілбелітөбе обалы қорымдарының және жалпы екі ашылған обаның бірегейлігі – археологиялық жасақта алғаш рет жоғарыдан қазба түсірмейтін әдіс қолданылып отыр. Олай жасалған себебі топырақ құрамы ақ сұр түсті қатып қалған цемент қоспасы сияқты берік саздан құралған. Сонымен қоса бұндай жерлеу орындарында сол замандағы пайдаланылған құрал сайманның ізі де сақталған.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, А.Н.Подушкиннің жетекшілігімен өткен биылғы археологиялық қазба жұмыстары нәтижелі болды. Алдағы уақытта қазба жұмыстары жоспарға сәйкес жалғаспақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2165760-turkistan-oblysynda-2000-zhyl-buryngy-tarihi-eskertkishter-tabyldy-foto/