Зектілері

"Қазақстан" телерадиокорпорациясы биыл 4 тарихи сериал ұсынады

Жарияланған күні:

Жаңа телевизиялық маусымдағы
Фото: "Qazaqstan" телеарнасы

"Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясы жаңа телевизиялық маусымдағы жобаларының таныстырылымын өткізді.

Корпорация күзгі маусымда аудиторияның барлық сегментінің сұранысына сай түрлі жанрдағы 28 жаңа бағдарлама, жалпы серияларының саны 150 бөлім болатын 11 жаңа телехикая мен деректі фильмдер сериясын ұсынады.

Әр жұма сайын тікелей эфирде шығатын "Жақсылық жаса" хабары – қоғамға игілік, мейірбандық, жауапкершілік, жанашырлық секілді құндылықтарды ерлік істерімен танылған қарапайым кейіпкерлер арқылы орнықтыруға бағытталған жаңа жоба.

Жаңа телевизиялық маусымдағы
Фото: "Qazaqstan" телеарнасы

Бүгінге дейін "Жақсылық жаса" хабарының бірнеше шығарылымы эфирге шықты. Онда өз өмірін қиып 130 баланы құтқарып қалған қарағандылық полиция қызметкері Қайрат Жұмабековтің, Жамбыл облысында болған жол апаты кезінде өртке оранған көліктен бірнеше адамды алып шыққан Мәди Әлиевтің, Астанада өрт шыққан пәтерге балкон арқылы кіріп, 15 жастағы жасөспірімді құтқарып қалған Алтынбек Алтаевтың ерлік істері көрсетілді.

Жаңа телевизиялық маусымдағы
Фото: "Qazaqstan" телеарнасы

Телевизиялық тревел-шоу форматындағы "Атамекен" атты жаңа жоба да эфирге шықты. Түсірілім тобы жаз бойы елдің 17 аймағында болып, шалғай елдімекендер мен өндіріс ошақтарын аралады. Жоба арқылы өңірлердің ерекшеліктері мен еңбек адамдарының бейнесі және аймақтардың тыныс-тіршілігі көрсетіледі. Еліміздегі ең жоғарғы заң шығарушы орган ҚР парламенті мен депутаттардың қызметіне арналған жаңа бағдарлама "Қос палата" деп аталады. Бағдарлама жүргізушісі Ирина Советжанқызы депутаттық сауалдардағы мәселелерді кеңінен тарқатып, эксклюзив сұхбаттар жүргізеді. Еліміздегі ең талантты балаларды бір алаңға біріктірген "Дара бала" жаңа жобасы да күзгі маусым аясында көрермен назарына ұсынылды.

Жаңа телевизиялық маусымдағы
Фото: "Qazaqstan" телеарнасы

Корпорация жаңа маусымда телехикаялар өндірісі бағыты бойынша 11 премьера ұсынбақ. Жалпы бөлім саны 150 серия болатын жаңа телехикаялар арасында туризм, инклюзия, спорт пен медицина, құтқарушылар тақырыбына, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған драма, мелодрамалар және Қазақ театрының 100 жылдығына арналған "Шам түбіндегі шындық", 1930-1940 ж.ж. айшықты мәдени оқиғалар менсол жылдардағы Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский бастаған қазақ музыка өнерінің көрнекті тұлғаларына арналған "Жел үстіндегі вальс", жазушы Сайын Мұратбеков шығармасының желісімен Жеңістің 80 жылдығына орай түсірілетін "Жабайы алма" тарихи телехикаялары бар. Сонымен қоса, биыл Корпорация Бердібек Соқпақбаевтың "Он алты жасар чемпион" шығармасын экранизациялайды.

"Шығармашылық команда жаңа маусымда ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға қажетті құндылықтарды дәріптейтін бағдарламалардан бөлек, ел өміріндегі елеулі оқиғаларға, маңызды даталар мен өзге де өзекті тақырыптарға арналған телехикаялар мен деректі фильмдер ұсынады. "Қазақ қызы" сериясымен шығатын деректі жобаларымызда Ғайнижамал Дулатова, Зейнеп Бөкейханова, Нәзипа Құлжанова, Гүлсім Асфендиярова, Аққағаз Досжанова, Мүбинә Ниязова секілді әр саладан шыққан тұңғыш қайраткер әйелдердің еңбектерін насихаттауды мақсат еттік. Келер жылы бұл циклды тарихи телехикаяға айналдыруды жоспарлап отырмыз",- деді "Қазақстан" РТРК" АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Жаңа телевизиялық маусымдағы
Фото: "Qazaqstan" телеарнасы

Корпорация құрамындағы Abai tv телеарнасынан бұл маусымда классикалық музыка мен театрдағы әлемдік деңгейдегі төл туындыларды терең талдайтын "Арнау", зияткерлік бағыттағы "Оймерген", кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды көздейтін "Менің кітапханам" жаңа хабарлары эфирге шығады.

Жаңа телевизиялық маусымдағы
Фото: "Qazaqstan" телеарнасы

Balapan телеарнасы кішкентай көрермендерге 20-ға жуық жаңа жоба мен мультхикаялар ұсынады. Оның ішінде, мектеп жасына дейінгі балалар арасындағы "iBars" зияткерлік телевизиялық байқауы, ғылыми эксперименттер арқылы балаларды ғылымға баулуды көздейтін "Ғылымға саяхат", ата-аналар мен балалар бірлесе сайысқа түсетін "Ойзерек" танымдық жобасы бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2166964-qazaqstan-teleradiokorporatsiiasy-biyl-4-tarihi-serial-usynady/