Дәмді ғана емес, қауіпсіз: жержаңғақ қаптамасындағы дұрыс таңбаламаның маңыздылығы қандай
Жарияланған күні:
Жержаңғақ сатып алуда не нәрсеге мән беру керек. Бұл сауалдың жауабын "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігінің ("MOТҚҚҚ" ҚБ) құқыққорғаушылары хабарлады.
Жержаңғақ – көп адамның сүйікті дәмді тіскебасары. Оны өзіңізбен бірге алып жүруге де, жеңіл тамақ ретінде жеуге де, әртүрлі тағамдарға қосуға да ыңғайлы. Бірақ бұл қарапайым өнім елеулі қауіптерді жасыруы мүмкіндігін екінің бірі біле бермейді. Кейбіреулер үшін жержаңғақ – ақуыздың және пайдалы майлардың көзі болып табылса, басқалар үшін олар ағзада қауіпті реакцияларды тудыруы мүмкін күшті аллерген болып табылады. Тұтынушылардың денсаулығы – көбінесе өндірушінің қаптамадағы ақпаратты қаншалықты толық және нақты көрсеткеніне байланысты екенін есте ұстаған жөн.
Дәл осы таңбаламаның толықтығы мен дұрыстығына – "MOТҚҚҚ" ҚБ мамандары 2024 жылдың шілде айының басында Өскемен қаласындағы дүкендердің бірінде жасырын сатып алу әдісін қолдану кезінде назар аударды. Жержаңғақтың екі түрі:
- "ЮНН" жержаңғағы;
- "SLADUS" глазурленген жержаңғағы сатылып алынды.
Акцияның мақсаты – аталған өнімдердің белгіленген қауіпсіздік стандарттарына және Кеден одағының "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы", "Тағамдық өнімдердің таңбаламасына қатысты" және Қаптаманың қауіпсіздігі туралы" техникалық регламенттері талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында оларға тексеру жүргізу болды. Өйткені, әрбір тұтынушы өнім қаптамасындағы сенімді ақпарат негізінде өз таңдауын жасауға лайықты.
Екі сынама да Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК филиалының аккредиттелген зертханасына ынтымақтастық туралы келісімге орай кешенді сараптама жүргізу үшін тапсырылды.
Өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты екі өнім түрі де алаңдаушылық тудырмады – олардан денсаулыққа кері әсер ететін ингредиенттер табылған жоқ. Дегенмен, жақсы жаңалық осымен аяқталды. Өнімдерді егжей-тегжейлі зерделеу барысында таңбалама жағынан екі өнім үлгісі де Кеден одағының техникалық регламенті талаптарына сәйкес келмейтінін байқатты.
"ЮНН" жержаңғағында: қазақ тілінде ақпарат жартылай ғана берілген, бұл тұтынушылардың мемлекеттік тілде ақпарат алу құқығын бұзу болып табылады. Осылайша, сақтау шарттары, өнімнің тағамдық құндылығы, сондай-ақ, өндірушінің атауы мен орналасқан жері туралы маңызды ақпараттар көрсетілмеген. Сонымен қатар, қаптама материалы мен оның тамақ өнімдерімен жанасуға жарамдылығы туралы ақпараттар жазылмаған, бұл да техникалық регламент талаптарын бұзу болып табылады.
"SLADUS" глазурленген жержаңғағы: өнімнің энергетикалық құндылығы қазақ тілінде көрсетілмеген, бұл тамақ рационын қадағалайтын тұтынушылар, әсіресе, тағамның калориясын бақылайтындар үшін қауіпті саналады. Сондай-ақ, тауар атауы тек орыс тілінде ғана берілген, бұл еліміздің кейбір қазақтілді азаматтарына қиындық тудырары анық.
"Адам құқықтары жөніндегі сарапшы Жанна Биятанның айтуынша, көптеген сатып алушылар таңбалама тек қаптамадағы мәтін ғана емес екенін әлі жете түсіне бермейді. "Бұл олардың өнімді сатып алуда саналы шешім қабылдауына, әсіресе жержаңғақ сияқты аллергенді тамақ түрлеріне қатысты денсаулыққа ықтимал қауіптердің алдын алуға кепілдік береді. Егер тұтынушы өнімді қалай сақтау керектігін және қаптамасының неден жасалғанын нақты біле алмаса, бұл тағамнан уланудан бастап аллергиялық реакцияларға дейінгі мәселелерге соқтыруы әбден мүмкін", – дейді ол.
Алия Алибекова, "MОТҚҚҚ" ҚБ құқыққорғаушысы атап өткендей, "Тұтынушы өнімді сатып алмас бұрын ол туралы толық ақпаратты ала алуы керек. Бұл оның заңмен қорғалатын құқығы. Бұл ақпараттардың елдің барлық ресми тілдерінде көрсетілгені өте маңызды, өйткені, әрқайсымыздың денсаулығымыз бен қауіпсіздігімізге қатысты шешім қабылдауда тең мүмкіндік болу керек".
Сатып алушылар не істеуі керек?
Әрбір тұтынушының өнімді сатып алар алдында зертханалық сараптамадан өткізуге мүмкіндігі бола бермейді. Дегенмен, күшті аллерген болып табылатын жержаңғақ сияқты өнімдерді сатып алғанда жапсырманы мұқият оқып шыққан жөн. Егер сіз өзіңіз түсінетін тілде ақпараттың жетіспеушілігін байқасаңыз немесе өнім туралы маңызды мәліметтердің жоқтығын көрсеңіз, бұл өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі туралы ойлану қажеттігін білдіреді. Қаптамадағы ақпарат жай ғана мәтін емес, сонымен қатар қауіпсіз сатып алу жолындағы сіздің қорғаушыңыз екенін де есте сақтаңыз!
Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындады.
Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ – https://www.instagram.com/ozpp.kz/
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2167695-damdi-gana-emes-qauipsiz-zherzhanggaq-qaptamasyndagy-durys-tangbalamanyng-mangyzdylygy-qandai/