Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сөредегі жарамдылық мерзімі өткен тәттілер: бала денсаулығын қалай сақтау керек

Жарияланған күні:

Мармелад
Көрнекі фото: pixabay.com

2024 жылғы шілде айының басында "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі өкілі ("MOТҚҚҚ" ҚБ) ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына арналған әлеуметтік жоба аясында Өскемен қаласындағы дүкендердің бірінен "құпия сатып алушы" әдісімен өнімдер сатып алды.

Бұл шараның мақсаты – сатып алынатын тауарлардың белгіленген қауіпсіздік стандарттар мен Кеден одағы техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін тексеру. Құқыққорғаушы мармелад делінген тәттінің үш түріне назар аударды:

  • "Canudinho", салмағы 180 г;
  • "Jelaxy Gummy Candy", салмағы 790 г;
  • "Mango", салмағы 660 г.

Мұндағы мақсат – сәйкессіздіктерді іздеу немесе бизнестің жүруіне кедергі келтіру емес, қауіпсіздік талаптары мен Кеден одағының техникалық регламенттерінің сақталуын тексеру болды. Атап айтқанда, өнімдер:

  • КО "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" 021/2011 ТР;
  • КО "Тамақ өнімдерінің таңбаламасына қатысты" 022/2011 ТР;
  • КО "Қаптаманың қауіпсіздігі туралы" 005/2011 ТР ережелеріне сәйкестігін байқау үшін сынақтан өткізілі:

Өнімдер Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК филиалының аккредиттелген зертханасына сараптамаға жіберілді.

"Canudinho"
Фото: Биятан Жанна

Бірінші үлгі "Canudinho" ерекше алаңдаушылық тудырды. Өнімнің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен: өндіру күні – 2022 жылғы 10 қараша, ал жарамдылық мерзімі 2024 жылғы 10 мамыр деп көрсетілген. Бұл өнім мерзімі өткеніне екі ай болса да сөрелерден алынбаған. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тағамдарды тұтыну – тамақтан улануға соқтырып, баланың денсаулығына басқа да қауіптерді тудыруы мүмкін. Кішкентай тәттіжегіштер, әдетте, жарамдылық мерзімінің өткені туралы ойлап жатпайды, мұны ересектер қадағалауы керек.

"Jelaxy Gummy Candy"
Фото: Биятан Жанна

Екінші үлгі – "Jelaxy Gummy Candy" таңбалама мәселелерін көрсетті. Қаптамада тек қазақ және орыс тілдерінде өнімнің құрамы ғана көрсетілген, ал қалған барлық мәліметтер – жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары мен өндіруші сияқты мңызды ақпараттар тек шет тілінде болған. Бұл тұтынушылардың құқықтарын бұзады, өйткені олар сатып алуға қатысты негізгі шешімді қабылдау үшін сатып алатын өнім туралы толық әрі түсінікті ақпарат алуы керек.

"Mango"
Фото: Биятан Жанна

Үшінші үлгідегі "Mango" бірнеше техникалық регламенттерге сәйкес келмейтінін көрсетті. Қаптамада қазақ және орыс тіліндегі мәтіндер, өнімнің Еуразиялық экономикалық одақ стандарттарына сәйкестігін көрсететін Еуразиялық сәйкестік белгісі мен қаптаманың азық-түлік өнімдерімен жанасуға арналғанын растайтын белгі жоқ. Мұндай кемшіліктер тұтынушыларға қауіп төндіретін өндіріс немесе импорттау процесі кезіндегі бұзушылықтарды көрсетері хақ.

Құқыққорғаушы-сарапшы Алия Алибекова өз пікірін былайша білдірді: "Дүкендерде ақпараты жоқ немесе қауіпсіздік стандарттарына сай келмейтін өнімдер жиі кездеседі. Ата-аналар қаптамада кейбір ақпараттың жоқтығына мән бермей, бұл ұсақ-түйек деп, көз жұма қарайды, бірақ дәл осы "болмашы нәрселер" балаларының денсаулығында маңызды рөл атқарып жататыны рас. Мысалы, қаптамада жарамдылық мерзімінің көрсетілмеуі тағамнан улану қаупін тудыратын жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімдерді сатып алуға әкелуі мүмкін".

Ол әрі қарай: "Кеден одағының "Тамақ өнімдерінің таңбаламасына қатысты" 022/2011 техникалық регламенті – өндірушілердің өмірін қиындату емес, тұтынушылардың құқықтары мен денсаулығын қорғау үшін жасалған. Өнімнің қаптамасындағы толық және дұрыс таңбаламасы тұтынушыларға қауіпсіз және сапалы өнімді саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді", - деп жалғастырды.

Ата-аналар не істеуі керек?

Ата-аналар балалары жақсы көретін тәттілерінің жапсырмаларын үнемі тексеріп отыруы қажет. Егер қаптамада толық ақпарат болмаса, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары немесе қазақ және орыс тілдеріндегі ақпараттар көрсетілмесе, бұл сақтануға шақыратын белгілер екенінен хабардар етеді. Сіз әрқашан сатып алудан бас тартып, сатушыдан өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын қосымша құжаттарды ұсынуын сұрай аласыз.

Сонымен қатар таңбаламаға сәйкессіздікті байқасаңыз немесе мерзімі өтіп кеткен өнімдерді кездестірсеңіз, тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарына хабарласуға толық құқығыңыз бар. Бұл сіздің және балаларыңыздың денсаулығын қорғауға ғана емес, сонымен қатар, нарықтағы тауарлардың сапасын жақсартуға да ықпал етеді.

Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі мәселесі әрқашан бірінші орында тұруы керек, бұл әсіресе, тәттілер сияқты танымал өнімдерге қатысты. Дұрыс таңбалама – жай ғана ресмилік емес, бұл қауіпсіздік пен сапа стандарттарына сәйкес келетін өнімдерді таңдағаныңыздың кепілі.

Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындады.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі: 87054222739 немесе Instagram парақшасы – OZPP.KZ

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2167510-soredegi-zharamdylyq-merzimi-otken-tattiler-bala-densaulygyn-qalai-saqtau-kerek/