Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде мас күйде көлік жүргізгені үшін 15 тәулікке қамалған экс-депутат қоғамдық кеңестің мүшесі болды

Жарияланған күні:

Сәния Мұратова
Сәния Мұратова. Фото: instagram.com/saniya_bulqairqyzy

Ақтөбеде былтыр мас күйінде көлік айдап істі болған, кейін 15 тәулікке қамалған экс-депутат Сәния Мұратова облыстық қоғамдық кеңес мүшесі атанды. Ақпаратқа қатысты Ақтөбе облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Тәттігүл Талаева пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сәния Мұратова – Ақтөбе облыстық қоғамдық кеңес мүшесі. Былтыр жанжалдан кейін мандатынан айрылған экс-депутат өзекті мәселелерді қозғап, халық пен билік арасына дәнекер болуға өзі өтініш берген.

Ақтөбе облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Тәттігүл Талаеваның айтуынша, қоғамдық кеңеске мүшелікке алу заңды түрде өткен, өтініш берген адамдардың бәрі қабылданған. Сәния Мұратова да өзін-өзі ұсынған.

"Жергілікті БАҚ арқылы қоғамдық кеңес мүшесіне байқау жарияланды. Хабарландыру берілді. Ол кісі құжаттарын тапсырды. Біз қоғамдық кеңеске келгендердің бәрін аламыз. Неге десеңіз, қоғамдық жұмыспен айналысуға адам жетпейді. Соттылығы өтелген болса, қоғамдық жұмыспен айналыса алады. Бұл жерде ол кісі әкімшілік жауапқа тартылған. Өз еркімен келді. Мүшелікке қабылдауды мен жалғыз шешпеймін. Қоғамдық кеңес мүшелерінің бәрі шешеді. Жазда, қателеспесем, шілде айында 8-9 адам құжат тапсырды. Олардың бәрін қоғамдық кеңеске алдық. Бізге ешкімге кедергі болмаймыз. Заң бойынша үш рет қоғамдық кеңес отырысына келмесе мүшеліктен шығарып тастай аламыз. Шыққандардың орнына кадрлық резервтен ала береміз. Бұл кісі барлық жиынға қатысып жүр. Экология тақырыптарын көтеріп, лагерьлерге шықты. Бізде барлығы ашық", - деді Тәттігүл Талаева.

Ақтөбе облыстық қоғамдық кеңесінде 28 мүше бар.

Еске салайық, Ақтөбе қалалық мәслихатының экс-депутаты Сәния Мұратова былтыр 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқынан айырылды. Оған 2023 жылы қыркүйекте көлікті мас күйінде жүргізді деген айып тағылды. Іс Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 596-бабының 3-бөлігімен қаралды. "Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу" бабы бойынша экс-депутат кінәлі деп танылды. Кейін өз еркімен депутаттық мандатынан бас тартты.

Сәния Мұратова әлеуметтік желідегі парақшасына өзі туралы Lifestyle фитнес клубтар желісінің құрылтайшысы, Amanat партиясының мүшесі, Ақтөбе облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қазақстан іскер ӘҚ АОФ мүшесі екені туралы ақпарат қалдырған.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2167890-aqtobede-mas-kuide-kolik-zhurgizgeni-ushin-15-taulikke-qamalgan-eks-deputat-qogamdyq-kengesting-mushesi-boldy/