Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"МОТҚҚҚ" ҚБ сарапшылары парфюмерлік және косметикалық өнімдердің таңбаламасы туралы айтты

Жарияланған күні:

Әйел қолын жуып жатыр
Көрнекі фото: pexels.com

"Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі ("МОТҚҚҚ" ҚБ) сарапшылары парфюмерлік және косметикалық өнімдердің таңбаламасы туралы айтты.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
Денсаулыққа қамқорлық: кептірілген жемістер және оларды таңдау ережелері

"Біз жеке гигиена немесе парфюмерлік-косметикалық өнімдерді сатып алғанда қаптамасындағы ақпараттардың қаншалықты маңызды екеніне көп бас қатыра бермейміз. Соған қарамай, бұл таңбалама бізге қандай өнімді сатып алатынымызды, оны қалай пайдалану керектігін және қандай ықтимал қауіптері болуы мүмкіндігін түсінуге мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, белгілі бір компоненттерге жеке төзімсіздігі немесе тері күтімінің нақты талаптары болған жағдайда тұтынушы үшін өзіндік "нұсқаулыққа" айналады", - дейді құқыққорғаушы-сарапшы Алия Алибекова.

Парфюмерлік және косметикалық өнімдердің таңбаламасында қандай ақпараттар болуы керек?

Кеден одағының (КО 009/2011 ТР) "Парфюмерлік және косметикалық өнімдердің қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентіне сәйкес, өндірушілер қаптамада төмендегідей ақпараттарды көрсетуге міндетті:

  1. Өнімнің атауы және мақсаты. Бұл жай ғана атау емес, сонымен қатар, бетке арналған жақпа май, сабын немесе сусабын болсын, оның мақсатының көрсеткіші.
  2. Құрамы. Ықтимал аллергендер немесе қауіпті компоненттерді көрсететін ингредиенттердің толық тізімін қамтиды.
  3. Сақтау мерзімі және сақтау шарттары. Косметикалық өнімдерді пайдалану мерзімі шектеулі, бұл әсіресе, табиғи ингредиенттерге қатысты.
  4. Өндіруші/мәлімдеуші туралы ақпарат. Мекенжайы мен телефон нөмірін қоса, байланыс мәліметтері.
  5. Өндірілген күні және партияның сәйкестендіру мәліметтері. Бұл өнім сапасын бақылай алу үшін қажет.
  6. Ықтимал қауіптердің сипаттамасы. Егер өнім көзге тиіп кетсе немесе аллергиялық реакция тудыруы, зияндылығы мүмкін болса, бұл жайында ақпарат өнім қаптамасында анық көрсетілуі керек.
  7. Сақтық шаралары мен қауіптлігіне қатысты ескертпелер. Мысалы, егер өнім балаларға арналмаса, бұл туралы қаптамада көрсетілгені жөн.

Өкінішке қарай, барлық өндірушілер мен импорттаушылар мұндай талаптарды орындай бермейді. Сіз, тіпті, негізгі ақпараты жоқ өнімдерді де жиі кездестіріп жатасыз.

Сабын
Фото: Биятан Жанна

2024 жылдың шілдесінде шығысқазақстандық дүкендердің бірінен "MOТҚҚҚ" ҚБ өкілі қауіпсіздік пен техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігін тексеру мақсатында құпия сатып алушы әдісімен қатты сабын сатып алған. Өнім Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК филиалының аккредиттелген зертханасына жіберілді.

2024 жылдың 12 шілдесіндегі № 12 зерттеу хаттамасында тіркелген сараптама жай ғана олқылық деп атауға болмайтын бірқатар сәйкессіздіктерді анықтады:

Қаптамасында орыс және қазақ тілдерінде ешқандай ақпарат көрсетілмеген, мұның өзі заңнама талаптарына сәйкес келмейтінін білдіреді. Бұдан бөлек, өнімнің атауы мен құрамы, өндіруші/импорттаушы туралы ақпараттар, шығарылған күні мен жарамдылық мерзімі, ескертулер мен қауіптердің сипаттамасына қатысты ешқандай мәлімет көрсетілмеген.

Мұнда анықталған кемшіліктердің толық тізімі көрсетілген жоқ, бірақ, бұл кемшіліктердің әрқайсысы алаңдаушылық тудыруға негіз болады:

  • қаптамасында құрамы, сақтау шарттары немесе жарамдылық мерзіміне қатысты ақпараттың болмауынан сатып алушылар өнімнің жарамдылығын дұрыс бағалай алмайды, мұның, мысалы, аллергия, терінің тітіркенуі немесе одан да ауыр зардаптарға соқтыруы мүмкін кері әсері болары хақ;
  • жарамдылық мерзімінің көрсетілмеуі – сатып алушы өнімнің қанша уақыт бойы қауіпсіз әрі тиімді болып қалатынын білмейтінін айғақтайды. Жарамдылық мерзімі өткен косметиканы пайдалану – тері проблемаларын тудыруы немесе терінің қорғаныс қызметтерін төмендетуі мүмкін;
  • өндіруші/импорттаушының байланыс ақпаратының жоқтығы – қандай да бір мәселе анықталған жағдайда, тұтынушы өнімнің сапасына кімнің жауапты екенін біле алмайды.

Алия Алибекова, сарапшы-құқыққорғаушы: "Тұтынушылар таңбаламадағы сәйкессіздік жай ғана кемшілік емес, өз денсаулығына төнетін нақты қауіп екенін түсінуі керек. Мұндай жағдайда берілетін кеңестер, әдеттегідей, қарапайым: сатып алмас бұрын қаптаманы мұқият оқып шығыңыз, егер бірдеңеге көзіңіз жетпей, алаңдаушылық немесе күмән тудырса, онда мұндай өнімді сатып алу денсаулығыңызға қауіп төндіретіні туралы ойлануға негіз бар, одан да мұндай өнімнен бас тартқан жөн. Сондай-ақ, сатушылардан сәйкестік сертификаттарын сұрап, оларға өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты сұрақтар қоюдан тартынбаңыз".

Таңбалама талаптарын сақтау – формальдылық емес, тұтынушы қауіпсіздігінің кепілі екенін есте ұстаған жөн. Өндірушілер мен импорттаушылар осы стандарттарды сақтауға міндетті, ал тұтынушылар өз кезегінде өнім таңдауда мұқият және жауапты болуы керек. Өйткені, бұл қауіпті азайтудың және өзіңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалғыз жолы.

Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындады.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 8 705 422 27 39 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ – https://www.instagram.com/ozpp.kz/

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2168007-motqqq-qb-sarapshylary-parfiumerlik-zhane-kosmetikalyq-onimderding-tangbalamasy-turaly-aitty/