Денсаулыққа қамқорлық: кептірілген жемістер және десерт оларды таңдау ережелері
Жарияланған күні:

Кептірілген жемістер – жыл он екі ай бойы дәмі мен құнарлы қасиеттерімен бізді қуантатын танымал әрі пайдалы өнім. Тәтті мейіз, шырынды кептірілген өрік және құрма немесе хош иісті қара өрік пен інжір болсын, кептірілген жемістер ұзақ уақыт бойы көптеген адам рационының маңызды бөлігі болды. Олар дәмді ғана емес, сонымен қатар дәрумендерге, минералдарға және жасұнықтарға бай, бұл оларды дұрыс тамақтанудың маңызды бөлігі етеді. Дегенмен олардың танымалдығына қарамастан, барлық сатып алушы қаптамадағы дұрыс таңбалама қаншалықты маңызды екенін ойламайды. Бұл, әсіресе, біз дүкен сөрелерінен жиі кездестіретін импорттық өнімдерге қатысты.
Сол үшін де біз "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігінде ("МОТҚҚҚ" ҚБ) тұтынушылардың өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты хабардарлығын арттыру бойынша белсенді жұмысты жалғастырудамыз. Бұл тәсілдің бір мысалы ретінде кептірілген жемістерді тексеру "Xashtak Tabily maxsulot" (500 г) және "Yulduz Tort" десерті 2024 жылдың маусым айында Түркістан қаласындағы дүкендердің бірінен жасырын сатып алушы әдісімен сатылып алынған.
Өнім Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Түркістан облысы бойынша Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК Түркістан қалалық филиалының аккредиттелген зертханасына кешенді зерттеуге жіберілді.
Зерттеу хаттамасына сәйкес, "Yulduz Tort" тағамдық қауіпсіздігіне қатысты тексеруден табысты өтіп, белгіленген нормаларға сай келеді, десек те екі үлгі де тағамдық өнімдердің таңбаламасына қатысты Кеден одағының техникалық регламенттері (КО ТР) нормаларына сәйкестігінен сынақтан өтпеді.

Кептірілген жемістер қаптамасында тұтынушыны хабардар ететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіліндегі таңбалама жоқ; жарамдылық мерзімі көрсетілгеніне қарамастан (3 ай) өндіру күні жазылмаған; пайдалану бойынша ұсынымдар мен шектеулер жоқ; тағамдық құндылығы көрсеткіші көрсетілмеген; құрамында ГМО бар-жоғы туралы ақпарат, өндіруші/импорттаушы туралы мәліметтер жоқ; қаптама материалының сандық немесе әріптік белгіленуі жоқ; қаптаманың тағаммен жанасуы кезіндегі қауіпсіздігін растайтын пиктограмма жоқ.
Десерттің де жалпы көрінісі мәз емес еді: ЕАС белгісі жоқ, орыс және қазақ тілдеріндегі ақпарат, оның ішінде құрамы, саны (салмағы), шығарылған күні, жарамдылық мерзімі, тағамдық құндылығы және өнімнің сақтау шарттары, сондай-ақ ұсынымдар мен шектеулер, ГМО көмегімен алынған компоненттердің бар-жоғы туралы ақпарат көрсетілмеген.
Сатып алушылар көбінесе қаптаманың бағасы мен сыртқы түріне ғана назар аударады, ондағы ақпарат түсінікті ғана емес, сонымен қатар белгіленген стандарттарға сай болуы керек екенін ұмытып кетеді. Мысалы шығарылған күні мен тағамдық құндылығы көрсеткіштерінің болмауы тұтынушының өнімнің қаншалықты жаңа және пайдалы екенін анықтай алмауы мүмкін. Ал егер қаптамада тағам өнімімен жанасуға арналғанын көрсететін пиктограмма болмаса, бұл өнімді сақтау қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық тудыруы мүмкін.

"MОТҚҚҚ" ҚБ сарапшысы Алия Алибекованың айтуынша, мұндай сәйкессіздік тек тұтынушылар үшін ғана емес, кәсіпкерлер үшін де сыни болуы мүмкін. "Техникалық регламент талаптарын бұза отырып сатылған өнімге әкімшілік айыппұл салынып, өнім айналымнан шығарылуы мүмкін. Бұл жай ғана қағаз түріндегі формальдылық емес – таңбалама тұтынушылар үшін қауіпсіздік пен ашықтықты қамтамасыз етеді. Жетіспейтін ақпарат сатушының беделіне де, сатып алушының денсаулығына да нұқсан келтіруі мүмкін", – дейді.
Тұтынушылар есте сақтау қажет: әрқашан таңбаламаға назар аударыңыз. Қаптамада өндірілген күні мен жарамдылық мерзімі, сондай-ақ басқа да қажетті ақпарат көрсетілгеніне көз жеткізіңіз. Мұндай ақпараттар қаптамада көрсетілмеген болса, сатушыдан егжей-тегжейлі мәлімет білуге болады. Егер ақпарат болмаса, бұл өнімнің сапасы туралы ойлануға белгі береді.
Кәсіпкерлер үшін сөредегі өнімдердің барлық стандарттарға сай болуы маңызды. Әйтпесе, сіз елеулі санкцияларға тап болуыңыз және тұтынушылардың сенімін жоғалтуыңыз мүмкін.
"Басқа өнімдер сияқты кептірілген жемістерді сатып алу – қуаныш қана емес, сонымен қатар олардың қауіпсіздігі мен сапасына сенімділікті тудыруы керек. Біз, "MOТҚҚҚ" ҚБ қазақстандық тұтынушылар дұрыс таңдау жасауы үшін, ал кәсіпкерлер қажетсіз айыппұлдар мен бақылаушы органдардың тексеруінен аулақ болу үшін жұмысымызды жалғастырамыз. Таңбаламаға қамқорлық таныту – тұтыну мәдениетінің жоғары деңгейіне жету жолындағы маңызды қадамдардың бірі екеніне сенімдіміз – деп түйіндеді сөзін Алия Расбекқызы. – Таңбалама тек ақпарат емес екенін түсіну маңызды. Бұл сіздің құқықтарыңызды, денсаулығыңыз бен таңдауыңызды қорғауға қатысты. Алдын ала келісім бойынша жүргізілген зертханалық сынақтар болмаса, тұтынушылар, әсіресе, қазақ тілділер өнімге қатысты маңызды ақпараттарды біле алмас еді. "Үнсіз" таңбалама – бұл дабыл белгісі болуы мүмкін. Біз сізге көмектесіп, ықтимал қауіптерден қорғау үшін барымызды саламыз".
Материалды "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.
Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ – https://www.instagram.com/ozpp.kz/
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2175521-densaulyqqa-qamqorlyq-keptirilgen-zhemister-zhane-olardy-tangdau-erezheleri/