"Орақты әйелге беруге қорқатын": арнайы техникамен шөп оратын шымкенттік әйел жұмысы туралы айтты
Жарияланған күні:

Шымкент тұрғыны Диляра Орынқұлова арнайы техника арқылы шөп орумен айналысады. Мамандардың сөзінше, ол мұндай жұмысты істейтін Шымкенттегі жалғыз әйел, деп KAZ.NUR.KZ Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жасы 50-ден асқан Диляра Орынқұлова кішкентайынан техникаға құмар болған. Оның коммуналдық салаға келгеніне 10 жылдан асты. Ал орақты қолына осыдан 4 жыл бұрын алыпты. Сөзінше оған басқа әйелдер сияқты сыпырғы ұстауға қарағанда техникамен жұмыс істеген оңай.
"Өзім қызығамын осыған. Шөп оруға баяғыдан қарап жүретінмін. Дәл осы орақпен оруға қызықтым. Сыпырғы да ұстадым. Еден де жуып көрдім. Болмады. Осы тартып тұрды. Қызығып, орып көрейінші деген кезде әйел кісіге беруге қорқатын. Кейін бір шеберіміз қолыма ұстатты. Бірінші қолыма орақ ұстатқан кезде 1-2 күн қасымдағылар қалай май құю керек, ору керек үйретіп жүрді", - деді Диляра Орынқұлова.
3 баланың анасы 20 жылын үй шаруасына арнаған. Перзенттері өскен соң жаны қалаған ісін таңдапты. Диляра кішкентайынан түрлі құрылғыларды жөндеуге қатты қызыққанын айтты. Соның арқасында орақты игеру аса қиын болмапты.
"Басында бала кезімде магнитофондарды ашып, жөндеп жүретінмін. Басқалар ұқсап тігін, тамақ жасауды қатты қаламаймын. Машинаға қызығамын. Өзімде жоқ болған соң жолдастарымнан үйретіңдер деп сұраймын. Олар қасымда отырады. Кілтпен қосқан соң кішкене жүрген соң, газды басамын да тіке қатты жүріп кетемін. Содан кейін енді бермеймін деп қорқып жатады", - деді ол.
Адал еңбекке жаны құмар Диляраның әріптестері оның ер мінезді екенін айтады. 5 жылдан бері бірге жұмыс істеп жүрген Мұхтар Сыздықов "біз оған нәзік жанды ретінде қол ұшын созуға тырысамыз. Дегенмен ол, керісінше бізге көмекке ұмтылып тұрады" дейді.
"2019 жылдан бері бірге жұміс істеп келеміз. Міне, 2024 жыл да аяқталып жатыр. Бізге қашан да көмегін беріп тұрады. Өзіміз де қолымыздан келгенше көмегімізді береміз. Демалып істе деп қоямыз арасында, себебі өз ісін қатты жақсы көреді. Бізбен қатар жүріп жұмыс істейді. Әзілдесіп тұрамыз. Ұжым болған соң қолдап тұрамыз", - деді Диляра Орынқұлованың әріптесі Мұхтар Сыздықов.
Айта кетейік, Шымкентте 2 мыңнан аса коммуналдық қызметкер бар. Олар 5 мердігер мекемеде жұмыс істейді. 8 сағаттан 2 мезгілге бөлініп олар қаланы абаттандыру, тазалау, қалыпқа келтіру ісін жүзеге асырады. Ал қыста қар қалың жауған кезде 24 сағат бойы мегаполис тазалығына жауап береді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2169133-oraqty-aielge-beruge-qorqatyn-arnaiy-tehnikamen-shop-oratyn-shymkenttik-aiel-zhumysy-turaly-aitty/